Жаңалықтар

Қойлыбай әулие кім болған?

Қойлыбай әулие кім болған?
Фото: © El.kz 21.10.2021 11:51 37235

 

Есімі ел есінде Қойлыбай бақсы, Қойлыбай әулие, балабақсы, тәуіп, көріпкел, қобызшы атанған аңыз адам туралы естеліктер Шоқан Уәлихановтың Тәңірі (Құдай) еңбегіндегі «Қазақ бақсы-балгерлері» атты жазбасында кездеседі. Сондай-ақ 2005 жылы «Ұлытау-2005 этнографиялық экпедициясының материалдары» атты жинақта бірен-саран аңыздар ұшырасады. Осы тақырыпты зерттеген археолог Әлкей Марғұланның да еңбектерінде Қойлыбай әулие туралы әфсаналар бар. Осы аталған деректерге сүйене отырып, бақсылық дәстүр, оның ішінде Қойлыбай бақсының кім болғаны және қандай қасиеттерге ие болғаны, ел ішіне атағы қалай тарағаны жөнінде аз-кем мәлімет беруге тырыстық.

 

Қазақ этнографиясындағы әлі де болса зерттеулерді талап ететін күрделі мәселелердің бірі – бақсылық дәстүр. Бақсылық – бұл Сібір және Орталык Азия халықтарында шаманизм атауымен белгілі және ғылыми айналымға орыс тілі арқылы осы атаумен енген ерекше құбылыс.

 

Шаманизм алғашында Орталық және Солтүстік Азияның түрлі аймақтарында бірінілі саяхатшылармен табылып және сипатталып жазылғанын және бұл тек сібірлік пен орталықазиялық діни құбылыс екенін белгілі ғалым М.Элиаде өз еңбегінде атап өтеді.

 

Қазақ арасында бақсылық атауымен белгілі бұл құбылысты ХVIII – ХІХ ғғ, орыс саяхатшылары мен әскери адамдары аңғарып, өз жазбаларында сипаттап жазған. Капитан Андреев «1787 жылы 21 мауысымда Уваров станциясында, өзен жақ беттегі Шөрегей сұлтан иелігіндегі бақсы граф фоy Мантефельдің назарына ұсынылды. Үстіне арнайы тіктірген қысқа ақ жолақтары бар көйлек киіп алып, киіз үйдің ортасына отырды да қобызда ойнай отырып, өлеңдетіп, шайқалып, айналып және тура шайтандарды шақырды» деп жазады».

 

ХІХ ғасырда қазақ халқының тарихы мен этнографиясына қатысты мол мәлімет берер еңбек жазған А.И. Левшин де қазақ бақсылығын атап өтеді: «Бәрінен де қызықтысы және сонымен де қорқыныштысы бақсы, немесе бахчи, сібір шамандарына өте ұқсас. Олардың киімдері көбінесе ұзын, кейде қысқа, немесе жұлым-жұлым болып, өзінің түр-сипатымен олардың трагикомедиялық көріністерінің көрермендеріне әсер етеді».

 

Қазақ этнографиясын зерттеуде ұлан-ғайыр еңбек атқарған ғалым Ш.Уәлиханов бақсылық туралы жазбасында: «Қазақ туралы барлық зерттеушілердің айтуынша да, барлық географиялық нұсқауларда да қазақтар - мұсылмандар, бірақ шамандық ырым, сенімді де ұстайды. Олар мұсылман дініне табынумен қоса шамандық нанымдарға иланады. Бұл пікірлер шындыққа келеді, дегенмен олардың шамандығы (бақсылығы) неден тұрады? Қазақтар, әуелде, Мұхаммедті білмей тұрғанда да алла мен тәңірге бірдей табынып, мұсылман әулиелерінің басына құрбандық шалып, бақсылардың құдыретіне де сенді, пайғамбар ұрпақтары-қожаларды да құрмет тұтты. Халық отқа табынып, ал бақсылар болса болса, жын-перілермен қоса мұсылмандардың періштелерін де шақырып, Алланы да мадақтады. Осылай екі дінді араластыра табыну ешқандай қайшылыққа жатпаған, қазақтар екеуін де қосып ұстаған» деп қазақтардың діншілдігі синкретті түрде болғанын корсетеді.

 

Бақсы сөзінің этимологиясына келер болсақ, бұл мәселе белгілі фольклортанушы ғалым Е.Тұрсынов тарапынан былай түсіндіріледі: «Қазақ шамандарымен әңгімелескенде бір ерекшелікке назар аудардым. Ауруды емдеу туралы айтқанда бақсы ешқашан «ауруды емдедім» демейді, «ауруды бату» дейді немесе эвфемистік ауыстыру түрінде: «абырой алу» дегенді қолданады. Ежелгі түрік тілінде «бақ» «қарау», «мұқият көру», «шолу» дегенді білдіреді. Қазақ тілінде шаманды көрсететін «бақсы» сөзі санскритчік «Әхикшу» және қытайдың «пак-ши» сөздерінен алынбаған. Бұл нағыз түріктің сөзі, бак-/баг түбірінен жасалған және шаманның негізгі іс-әрекетін көрсететін «қарау», «көру» дегенді білдіреді».

 

Түркі-моңғол халықтарының рухани тарихында маңызды орын алатын бақсылық дәстүрдің қай уақытта пайда болғаны да зерттеушілерді қызықтыратын өзекті мәселелердің бірі. Бақсылық дәстүрдің қалыптасу кезеңінен мәлімет бере қызғылықты деректі Ә.Х. Марғұлан тастағы суреттерді зерттеу барысында келтіреді «Орталық Қазақстандағы бір травюра ерекше қызықты. Онда культтік сцена - құрбандыққа шалынар жылқылардың алдында ритуалды ән орындап жүрген бақсы, аспан құдайларының бейнелері және билеп жүрген адамдар салынған (Желтау)». Бұл көрініс Орталық Қазақстан өңірінде бақсылық дәстүрдің ежелгі дәуірден бері келе жатқанын аңғартады және тастағы бұл суреттер мәдениетіміздің ең құнды мұраларының біріне жатады.

 

Ұлытау өңірі қазақ мәдениетінің қаймағы бұзылмаған ортасы, сан ғасырлық тарихи оқиғалардың куәсі болып табылатын тарихи-мәдениттері тұнып тұрған тарихи өлке. Осы Ұлытау өңірінде бақсылық дәстүрдің ерекше көрініс беруі сол себептен де орынды жағдай.

 

Ұлытау өңіріндегі есімдері көпшілікке кеңінен мәлім бақсылар – Қойлыбай бақсы, Балақай бақсы. Әлкей Марғұланның жазуынша бұл бақсылар қазақ даласындағы бақсылық дәстүрдің ерте оғыз-қыпшақ дәуірінен бергі бері келе жатқан дәстүрдің жалғастығының көрінісі ретінде сипаттайды: «..Ұлытауда Қорқытты пірім, ақылшым, ұстазым. Сиынатын қорғаушым деп айтушы Бағаналы Қойлыбай бақсы, Бағаналы Балақай бақсы».

 

Қойлыбай бақсы Шоқан Уәлихановтың жазбаларында тамаша сипатталады. Зерттеушінің Қойлыбай бақсы туралы аңызы келесідей:

 

«Бақсылардың атақтысы Бағаналылық Қойлыбай, ол бақсылардың бақсысы әлде пірі. Тағы Балақай деген бар, ол да Бағаналылық, қазіргі кезде Көкшетау округінде Шүмен деген бақсы бар. Көкаман мен Ер Шойлап-Қойлыбайдың жындарының аты. Ер Шойлан, басты жины - Надыр-Шолақ. Ескілердің әңгімелеуінше, Қойлыбай бір үлкен бәйгеге қобызын қосып, жарыс басталатын жерге алдын ала қобызды бір үлкен сексеуілге байлатады. Бәйгеден келе жатқандардың шаңы көрінгенде, Қойлыбай қолына қылышын алып, бақсылық ойынын бастап, сарын айтады. Кенет, бәйге аттары кеткен жақтан қатты дауыл тұрып, ысқырған қызыл жел соғады. Көп ұзамай, дауылының ортасынан алғашқы аттар көріне бастайды, ал бәрінің алдында сексеуілді сүйреткен Қойлыбайдың қобызы келе жатады. Шаңды дауыл мен қызыл жел Қойлыбайдың Кокаман атты жынының күші еді. Өстіп, Қойлыбай бас бәйгені алыпты.

 

Әйелдер босанғанда, Қойлыбай келіп отырса, албастылардын бірі де жоламайды екен. Қойлыбай албастылар иектейтін жерге бөркін немесе қамшысын жіберсе болғаны, ол жерге әр түрлі ібілістер мен албастылар жоламайды екен. Осы күне дейін халық арасында Қойлыбайға байланысты мынандай бір аңыз бар: «Қойлыбайдың маңдайына әжім түскен кезде. Перілерінің бастығы – Надыр-Шолақ, ал жындарының бастығы – Қокаман, шайтандардың бастығы Шойлан еді деседі. Қойлыбай өзінің рухтарын бұлжымас темір тәртіппен ұстапты. Олар үш күреңнен тұрады екен. Бақсыға қажет кезде жақсы қаруланған қол дайын тұрады-мыс».

 

Қойлыбай бақсының қобызы туралы аңыздың осы сюжеттегі қысқаша 2005 жылы этнографиялық экспедиция барысында Қарсақпай кентінің тұрғыны Жаңабай Әбсадықұлынан жазылып алынды. Бұл да болса Қойлыбай бақсы бейнесінің уақыт өтсе де халық жадынан көмескіленбегенін көрінісі және де Қойлыбай бақсының қыпшақ руынан екендігі де, Жыланшық өзенінің бойындағы бейіті де экспедиция назарынан тыс қалмады. Бұл мәліметтер академик Әлкей Марғұланның деректерімен де ұштасып отыр: «Қойлыбай қобызын әрқашан Жыланшық өзенінің жағасында отырып тартатын болғандықтан, ол өзеннің бір саласы «Қойлыбай өзені» деп аталған».

 

Шоқан Уәлиханов халық ауызынан естігендерін мұқият жазып отырған, сол жазбаларының ішінде Қойлыбай бақсының жын-перілерімен қарым-қатынасы мен бақсының күш-құдыретін сипаттайтын, тылсым күштердің эпикалық шайқасын көрсететін көлемді аңызды келтіреді: «Бірде Қойлыбайдың түсінде перілерінің бастығы Надыр- Шолақ келіп аян береді. Надыр-Шолақ: «Бірнеше күннен кейін бір әйел толғатқанда албастылардың патшасы келеді, бақсының онда бармағаны жөн, себебі, адамдарға жақсылық жасаймыз деп, барлық ыбылыс, албастыларды өшіктіріп алдық», - депті. Ерте тұрған Қойлыбай, сөз арасында, жақын арада өте қатты толғақ болады деп айтыпты. Шынында да, екі күннен кейін Қойлыбайдан көмек сұрап, бір би шабарман жіберіпті. Қойлыбай барда, тікелей келген ажал мен тағдырдың жазмышынан басқадан аман алып қалатынына ел сенетінді. Қойлыбайдың құдіретіне сенген (шабарман ауылына көңілді оралады. Қойлыбай қатты толғанады. Ол қатынның толғағына бармаса, қайдағы бір әлсіз албастылардан сескенді деп, беделіне кір келеді, ал барайын десе, Надыр-Шолақ ескертпесін елемеген болады, өзіне қауіп төнеді. Бүкіл қазаққа белгілі Қойлыбайдың менмендігі ұстап, қатын толғатқан ауылға аттанады. Сол ауылға алдын ала кісі шаптырып, ауыр толғатып жатқан катынның үйінің жанына екі жүздей кісі жинап, үйдің есігі мен түндігін ашып қоюды бүйырады. Екі кұрең жындардан қол алып, басшылары Кокаман мен Шойланды бірге алып, Қойлыбай қатерлі сапарға аттанады. Бірақ Қойлыбайдың жанында Надыр-Шолақ жоқ еді. Надыр-Шолак Қойлыбай тілімді алмады деп өкпелеп, бармай қалғанды. Қойлыбай қатын толғатқан үйге жақындағанда ұрандап, жындарын шақыра айқайлап, қылышын оңды-солды сермеп, бар қаһарын төге, ат-матымен үйге кіріп кетіп, шаңыраққа тесіле қарайды да, қылышын сермеп қалады. Қылыш шақұр-шұқыр етіп, темірге барып тиеді. Осы кезде қалшылдап барып Қойлыбай да атынан ұшып түседі, бақсының аузы мен құлағынан қарақошқыл қан шапшыды. Толғатып жатқан қатын да есінен танып құлайды. Қойлыбай есін жиып, шаңыраққа қарағанда албастылардың қара сауыт құрсанып, қара атқа мінген патшасын көреді.

 

Албастылар патшасының үлкен маңдайындағы тостағандай жалғыз көзі жымыңдап: «Біз сені сыйлап, көп еркінсітіп жібердік, ең болмаса бір рет бізге ерік бер!» - дейді. Албастылардың патшасының қолында жеңістің тұғырындай үлкен қызыл ту желбірейді. Шаңыраққа қарай Қойлыбай қылышын сілтегенде, шақұр-шұқыр еткен албастылар патшасының мұздай құрсанған сауыттары еді. Сөйтіп, албастылар патшасы Қойлыбайды жеңіп бір сот масайрайды.

 

Қорыққан халықта ес-түс қалмайды. Қойлыбай болса денесінен қауқар кетіп, өлексеге ұқсап далада жатып қалады. Ал үйдің ішін-сыртын көк тұман басып, онан шыққан айқай-шу елдің үрейін ұшырады. Бұл Қойлыбайдың жын-шайтандарынан құралған күрені мен албастылардың жалғыз көзді патшасының ғаламат шайқасы еді. Одан соң қара арғымақ әуеде қалықтап бір орында тыпыршып тұрып алады. Кенет, алыстан соққан қатты желдің месқырығы, аспанды шатырлатқан найзағай ойнап, бір үлкен қара бұлт жүйіткіп кеп үйдің үстіне төніп, ауаны караңғылық басады, у-шу үдей түседі де, шатыр-шұғыр қатты дыбыстар естіледі. Содан соң қара бұлт батысқа қарай жөңкіле жөнеледі. Бұл келіп жеткен Надыр-Шолақ еді. Ол Қойлыбайдай сүйіктісінің касіретіне шыдап жата алмапты.

 

Қолдарына қарагай сапты найза ұстаган Надыр-Шолақтың таңдаулы жауынгерлері жұбын жазбай келіп, жалғыз көзді албастылар патшасының кеудесіне найзаларын сүңгітті. Албастылар қашты, қара бұлт ашылғанда Қойлыбай айқайлай орнынан атып тұрып: «айналайын Надыр-Шолақ, сенің құрбаның болайын!» - деп, қобызын тартып: «Оны тірідей ұстап, маған алып келіңдер - деп бұйырды. Осы кезде толғатқан қатын да өзіне-өзі келі «Еншалла, тәуба!» дегенге тілі келді. Албастылар күйрей жеңілді, ал патшасы қол-аяғы байланып Қойлыбайдың аяғының астында жатты, оны бақсы қызметке алып, албастылардың бастығы етті».

 

Жалпы Қойлыбай әулие жөнінде ел арасында тараған аңыз-әңгімелер Экспедиция барысында жазылып алынған еді. Соның бірнеше нұсқасы келесідей.

 

«Бірде көктемде су қатты тасып, бір қауым ел аралда қалады. Жолындағының бәрін жайпаған тегеурінді тасқын қатерлі қауіп төндіреді. Апаттың алдын алуға дәрменсіз ауылды үрей жайлайды. Осындай қысылтаяң кезеңде Қойлыбай жасы тоқсаннан асып, жағын жібекпен таңып отырған ұлы атасының үлкен үйінің табалдырығын аттайды.

 

- Баба, бата жасаңыз! Алла тағалаға сыйынып мынау еңіреген елді аман алып қалудың қам-қарекетін қарастырайын. Екінші тілегім – арғы аталарымыздан қалған асатаяқты алуға рұқсат беріңіз, - деп, алақанын жайып, тізерлеп отыра қалады.

 

- Есімің елге жайылып, бағың жансын балам! Әрқашан әруақтар қолдасын, ісіңде астамшылық болмасын! - деп батасын берген абыз ақсақал асатаяқты Қойлыбайдың қолына ұстатады.

 

Атаның батасын алған Қойлыбай күңірентіп қобызын тартқанда ақ көбік атып аласұрған ағынды тасқын тына қалып, су қақ жарылады. Асатаяқты ұстаған ол ортасына тұра қалады. Мал-жан тегіс келесі жағаға шыққан, елдің соңын алып атасының қоңыраулы күймесі өтеді.

 

Осы оқиғадан кейін атағы аспандап, өзі «Балабақсы» атанғанда Қойлыбайдың жасы он беске енді келген көрінеді. Бұл аңыз-әңгімеден көріп отырғанымыздай, Қойлыбай жас кезінен өнерін елге танытып, ел арасында «Бала бақсы» атағына ие болады.

 

Бірде жаз жайлайтын өріс іздеп ағыны адуыны долы дарияны жағалап келе жатқан ауылдың ақылгөй ақсақалдары арғы бетте болып жатқан жиын-тойды көреді. Дауыстап мән-жайды сұрайды.

 

- Тамыз байдың баласы тайға мінді, бұл – соның тоқымқағар тойы, - дейді келесі беттегілер.

 

- Біз - Қаратаудың қышшақтарымыз, - деп бұлар да жөнін айтады. Сосын «Арамызда балабақсы Қойлыбай да бар» дегенді қосып қояды.

 

- Тойдан жол-жоралғы алып, бата беретін жөндеріңіз бар қадірлі қонақ екенсіздер. Бірақ, мына дария өткізе ме?

 

- Енді қайттік?! - деп қынжылыс білдіреді бұлармеп тілдесіп тұрған жігіт.

 

Аңтарылған ақсақалдар Қойлыбайға қарайды. Сонда ол: «Бізге арнаған үйін тігіп, дастарханға қонақасымызды қойып, бетін жапсын. Ыдыс-аяқ дастарханның шетінде тұрсын. Сосын сол жақ босағадағы керегенің үш көзінен кейін бір мес қымыз байласын. Тарту-таралғысын керегенің басына іліп, атаған атты Алла-тағалаға сыйынып оң босағаға байласын» дейді. Хабарласып тұрған жігіт айтылғандарды ауыл ақсақалдарына жеткізеді. Той иесі оны тап-тұйнақтай қылып орындайды. Тіпті атқосшылар да атаусыз қалмайды.

 

Тойға келгендер «Қойлыбай бақсы қандай керемет көрсетер екен?» деген әуестікпен дарияның жағасына жиналады. Бәрі дайын болғанда белгі беріледі. Алла тағалаға сыйынып қобызын қолына алған Қойлыбай сарнатып қоя береді. Сәлден соң әлгі ақбоз үй ырғала қозғалады да орнынан тік көтеріліп келесі жағалауға жылжып барып қонады. Жолаушылар дәм татып, бата жасайды. Сый-сияпаттарын алады, ал атты «Тоқымқағар иесі мінсін» деген тілекпен кері қайтарады. Қойлыбайдың бұл құдіреті қалың елге кең тарап кетеді.

 

Тағы бір аңыз-дерек Қойлыбайдың ел арасында әулие атануын түсіндіреді.

 

«Қалың Қыпшаққа Қаратаудың қойнауы тарлық жасап, қосымша қоныс іздеп шыққан сапарда Қойлыбайлар Торғай өзенінің бойын жайлап отырған Арғын Ақташы, Тағышының ауылына келіп түседі. Сол кезде бір әйел босана алмай ауыл абыр-сабыр болып жатса керек. Жақсы көретін келінінің қиналғанын уайымдап далада дегбірі кетіп жүрген ауылдың ауқатты байы сырттан келгендерді байқап «Аналар көлденеңді көк аттылар ғой. Кімдер екен, біліп келіңдер», деп балаларын жұмсайды.

 

Барып кайтқан олар: «Қаратаудың қыпшақтары көрінеді. Балабақсы Қойлыбай да бар екен» деген хабарды жеткізеді. Алыстан келген қонақтарға арнайы барып сәлем берген бай басына түсіп тұрған қиындықты тілге тиек етіп, «Қойлыбайды құдай айдап келген шығар» деп, үміті оянғанын да жасырмайды. Байдың келіні толғатып жатқан үйге келген Қойлыбай оны қоршаған қатын-қалашты кейін ығыстырып, Аллатағалаға сыйынып, «Шық жарық дүниеге!» деп қолындағы екі бүктеп алған қамшысымен келіншектің кіндігінен төмен қарай сипап қалғанда шарана шар етіп жерге түседі. Баланың дауысын естіген бай: «Ие, Аллатағала, боз бие құдайы» деп қуанғаннан көзіне жас алады. Сол маңайды төңіректен жүрген ауыл адамдары: «Қойлыбай - балабақсы емес, нағыз әулие ғой» деп қауқылдасады. Содан бастап Қойлыбайдың есімі» ел арасына «Әулие» ретінде тарайды.

 

Әрине, бай қонақтарды құрметтеп күтуден айнып қалмайды. Ақсақалдардың иығына оқалы шапан жабады, Қойлыбайға бозжорға ат мінгізеді. Байдың өгізден оқыс құлап мертіккен Елгезек деген жалшысы болады. Бай мінгізген атпен ауылды бір айналып келген Қойлыбай: «Міне, тақымым тиді. Енді бозжорғаны Елгезекке сыйладым» деп, шылбырын қолына ұстатады. Сосын қалтасынан беторамалын алып «Мынаны сынған жеріңе байла, жазылғаy соң кейін тұмар tтіп тағып жүр» деп тағы ұсынады. Осыдан кейін жалшы жігіттің жағдайы жақсарып, шаруасы шырайланып жүре береді. Бай Елгезекті жалшы емес, құдайы көрші ретінде қабылдап, үйін қасына тіккізеді. Сауынға бес бұзаулы сиыр байлап, көгендікке едәуір ұсақ тұяқ береді. Көшіп-қонуына деп боталы екі түйені тағы қосады. Елгезек те атына сай елпілдеген азамат болса керек, бір бай ғана емес, бүкіл ауыл-аймақ ардақтайтын дәрежеге котеріледі.

 

Қатар кереге жайған қос үйді ауылдастары «Әруақ қонған босаға» деп ардақтайды. Ал, басқа ауылдың адамдары жолы түсе қалса «Әулиеден бата алған ауыл» деп құрметтеп, атын жетектеп жаяу келген. Қойлыбай әулиенің шарапаты бір ауылға осылай тиген».

 

Аңыз бойынша Қойлыбай әулиенің Дулығалы өзенінің бойында жатуы былай түсіндіріледі: «Қаратаудың қойнауы қалың Қыпшаққа тарлық жасай бастағасын Бұлтың мен Бердікейдің атқа мінер ақсақалдары, арасында балабақсы Қойлыбай да бар, қосымша қоныс іздеп Қостанайға қарай шығып кетеді. Содан Торғаймен төтелетіп, Ұлытау өңіріндегі «Дулығалы өзеніне жеткенде аттарының ауыздығын алады. Жері шүйгін суы мол, жазы жайлы екен. Енді қысының қабағына қарайық деген келісімге келген олар қыстап калады.

 

Сырқатқа шалдығып, енді беті бері қарай қоймайтынын сезген Қойлыбай қасындағыларға «Қыстың көзі қырауда менің сүйегімді Қаратауға апарамыз деп әуре болмаңдар. Дулығалы өзенінің жағасындағы алғашқы күні келіп намазға жығылған қырдың басына жерлеңдер. Белгі ретінде Ұлытаудан бес түйе арша әкеліп үйіңдер» деп ақтық сөзін айтады. Бәрі солай жасалады».

 

Ұлытау өңіріндегі Қойлыбай бақсы бүкіл қазақ халықының рухани мәденитінде елеулі орын алатын, есімдері баршаға мәлім тарихи тұлғалар. Әулиені құрметтеп, халық 1994 жылы басына кесене орнатып, ас береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға