Жаңалықтар

Майдан даласында ерлігімен мойындалған қазақ қыздары

Майдан даласында ерлігімен мойындалған қазақ қыздары
Фото: коллаж El.kz 09.05.2024 13:00 1254

Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған алапат соғыс кезеңі. 1939-1945 жылы орын алған бұл оқиғаның зардабы кімге де болса өте ауыр тигені анық. Биыл соғыстың аяқталғанына 79 жыл толып отыр. Соғыс кезінде ел үшін, жер үшін деп күресіп, жанын пида қылғандардың арасында ер азаматтармен бірге аттанған қазақ қыздары да көп. Олардың төккен қаны, жасаған ерлігі, маңдай тері ел есінде мәңгі сақталмақ. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қан майданда ерлік көрсеткен қазақ қыздарының тізімін шолып шықты.

Әлия Молдағұлова

Мерген әрі ефрейтор болған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова 1925 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында туған. Оның шын есімі – Ілия. 7 жасында анасынан айырылып, Алматыдағы ағасының қолында өскен. 1935 жылдан бастап балалар үйінде болған.

Әлияның мұғалімдері, бірге оқыған сыныптастары оның өте ұстамды, терең ойлы, таза, ұқыпты болған деседі. Оқуда озат болған Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері Артекке жіберілген. Артектегі батырлардың тақтасында атақты Батырлар Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзенің қасында Әлия Молдағұлованың да суреті тұрған.

Әлия Нұрмұхамбетқызы елдің есінде жап-жас қаһарман қазақ қызы ретінде қалды. Ол Мәскеуде Вешняки ауданындағы әйелдер мергендер мектебіне алғашқылардың бірі болып қабылданады. 1943 жылы 23 ақпанда әскери ант береді. Жазда солтүстік-батыс майдан бригадаларының біріне мерген болып барып, қазан айында 18 жастағы Әлия әскер қатарында болды. Бастапқыда кішкентай қызды жауынгерлік командирі майдан шебіне жіберуден қорыққан. Бірақ ол табандылығын 17 жасында майданға баруға тырысқан кезінде-ақ көрсеткен. Әлия 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған. Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған.

Кеңес Одағының батыры 1944 жылы Псков облысының Казачиха ауылы үшін ұрыста ерлікпен қаза тапты. Ол Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген. Батырдың өзі өлсе де, біз үшін есімі мәңгі болып қалмақ.

Мәншүк Мәметова

Мәншүк Мәметованың есімі қазақ халқы үшін қашанда мәртебелі. Кеңес Одағының батыры 1922 жылы  23 қазанда Орал облысы Бөкей Ордасы ауданында дүниеге келген. Оның шын есімі – Мәнсия. Қазақ қызы балалық шағын Алматыда Әмина Мәметованың тәрбиесінде өткізген.

Ұлы Отан соғысы басталған уақытта Мәншүк Алматы медикалық институтында білім алып жүрген еді. Кейін 1942 жылы тамызда өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-інші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты.

Пулеметші қыз соғыста өзінің мергендігімен, өжеттілігімен және батылдығымен көзге түскен батырлардың бірі. Ол ауыр жарақат алып, өлім аузында жатқан майдандастарына көмек көрсетіп, өлімнен құтқаратын болған. Өз міндетінен бөлек, санитарлық қызметті де шебер атқарды. 

Мәншүк 1943 жылы Невель қаласы үшін болған шешуші ұрыста соңғы демі қалғанша пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Шығыс қыздарының арасынан бірінші болып Батыр атағын алған әйгілі пулеметші бүгінде еліміздің ғана емес, бүкіл Азия жұртының мақтанышы болды.

Хиуаз Доспанова

Хиуаз Қайырқызы – Екінші дүниежүзілік соғысының қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқышы болған батыр қыз. Ол 1922 жылы 15 мамырда Ганюшкин ауылында туған. Хиуаз Орал қаласындағы жалғыз қазақ мектебіне іліге алмай, №1 орыс мектебінде білім алды. Мектептегі оқуымен бірге Оралдағы аэроклубта қатар оқыды.

1940 жылы мектепті үздік бағамен бітіріп, «запастағы ұшқыш» деген куәлігін алып шығады. Хиуаз өзінің болашақта ұшқыш болатынын біліп, оқудан соң тура Мәскеудегі  Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түспек болады. Алайда оның бұл қалауы орындалмайды. Сөйтіп, ұшқыш қыз Мәскеудің бірінші медициналық институтына тапсырып, оқуға түсіп кетеді.

Хиуаз әйгілі Марина Раскованың қыз-келіншектерден авиаполк құрып жатқандығын естіген бойда ол үшін бұл жаңалықтың жақсы мүмкіндік екенін түсінеді. Осылайша қазақтың нәзік қызына полк басшылығы бастапқыда сенімсіздікпен қараса да жауынгерлер құрамына қабылдайды. Саратов қаласының әскери әуе училищесіне жібереді, онда штурмандар даярлайтын арнайы курсты аяқтайды.

1942 жылдың көктемінде сол кездегі авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау шептерін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанды.

Хиуаз Доспанова қызмет еткен полк Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан. Ол қан майданда 300-ден аса жауынгерлік операция орындап, аса маңызды жау шебін талқандайды. Түн қараңғысында жауға қырғидай тиген Хиуаз Доспанова соғыс кезінде ұшақтан 14 рет құлаған. Төрт мәрте ауыр жарақат алса да, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған. Ұшқыш қыз әріптестерінің арасында «Катя» аталып кеткен. Оның бойы 150 см болса, аяғының өлшемі 33 болатын.

Қазақтың тұңғыш әйел ұшқышы Хиуаз Доспанова 2008 жылдың 20 мамырында 86 жасында дүниеден озды.

Бүгінде батырдың туған жері Атырау қаласында Хиуаз Доспановаға арналған ескерткіш бар. Атыраудағы спорт сарайына, Алматы қаласында өзі тұрған көшеге аты аңызға айналған ұшқыштың есімі берілді.

Халида Маманова

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздарының қатарында Халида Маманова да бар. Ол 1918 жылы Алматы облысы Жансүгіров ауданында дүниеге келді. Медицина ғылымдарының докторы, ғалым Мамания мектебінде оқыған.

Халида 1941 жылы Қазақ медицина институтын «Емдеуші дәрігер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сөйтіп, кейіннен Ғылым академиясы физиология институтының аспирантурасына оқуға түскен. Бірақ көз ұзамай 1942 жылы майданға аттанады. Ол кездері жоғары оқу орнын бітірген адамға бірден лейтенант шені берілетін болған. Бірақ Халидаға «байдың тұқымы» болғаны үшін ол атақ берілмейді. Оны тіпті медбикелікке де алмаған көрінеді. Ғалым окоп қазатын, қаза тапқандарды жерлейтін командаға жіберілген.

Халида Сталинге хат жазып, штрафбатқа ауысады. 1943 жылы медқызметтің аға лейтананты атағы беріліп, 1945 жылдан кейін үйіне капитан дәрежесінде оралады. Сөйтіп ол Қазақ медициналық институтына қызметке тұрады. Десе де Халидаға ғылыми жұмысын қорғауға рұқсат бермейді. Тек Мәскеуге барып медицина ғылымының кандидаты дәрежесін қорғап келіпті. 1959 жылы Ақтөбеде мединститут ашылып, оған ректор болып барған байырғы курстасы кафедра меңгерушілігіне шақырады. Осы жерде жиырма жылдай қызмет етеді, докторлығын қорғайды. Халида Маманова 1977 жылы шілде айында Болгарияда демалыста жүрген кезінде белгісіз жағдайда қаза тапты.

Нұрғаным Байсейітова

Қазақтың партизан қызы 1923 жылы 8 наурызда Жәнібек ауылында дүниеге келген. Жәнібектегі балалар үйінде тәрбиеленіп, Оралдағы 4-қазақ орта мектебін бітірген. Белоруссияда партизан отрядында радист болған. Кеңес Одағының батыры армия генералы С.Г. Жунин басқарған 8-бригада құрамында Варшаваға дейін барған. Соғыстан кейін Алматы театр-көркемөнер училищесін бітірді. Көптеген жылдар бойы бастауыш сынып мұғалімі болды.

Фашистік басқыншыларға қарсы күресте Беларусь партизандарының қатарында Отан алдындағы жауапты тапсырманы үлгілі орындағаны үшін Нұрғаным Байсейітова Қызыл Жұлдыз орденімен, «Әскери еңбегі үшін», II дәрежелі «Отан соғысының партизаны» медальдарымен марапатталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға