Жаңалықтар

Теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды - Тоқаев

Теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды - Тоқаев
Фото: Akorda 25.04.2024 12:13 485

Апаттарға қарсы күрестің тиімді жүйесін құруды көздейтін күрделі шаруа шешімін табуы керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – ең басты міндет. Біз қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қоямыз. Мен бұрын да айтқанмын, қазақтың мемлекеттігіне қарсы кейбір теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды. «Атың шықпаса, жер өрте» деген. Олар қоғам ішіне іріткі салу үшін әлеуметтік желіде түрлі қитұрқы әрекеттерге баратыны анық. Бір сөзбен айтсақ, халық арасында жалған мәлімет таратады. Сондықтан бәріміз кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, тек ресми мәліметтерге сүйенуіміз қажет, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ел басына түскен сынақта ынтымақ-бірлікті сақтай білген жөн екенін айтты.

Жұртымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте қайсарлық танытып, ынтымағын сақтай білген. Жанашырлық, тілеулестік сияқты адами қасиеттерді бәрінен биік қойған. Біз тарихтың тағы бір сынағынан өтіп жатырмыз. Бірнеше апта бойы халқымыздың бірлігі мен табандылығы және теңдессіз табиғат апатын абыроймен еңсеру қабілеті сынға түсуде. Кез келген дағдарыс біз үшін сынақ қана емес. Ол әрқайсымыздың бойымызда бұғып жатқан күш-қуатымыз бен қарым-қабілетімізді ашып, тың мүмкіндіктер береді. Еліміздің өркендеуіне кедергі келтіретін нәрсенің бәрі, ерте ме, кеш пе, тарих қойнауына еніп, келмеске кетеді. Ендеше, қазіргі табиғат апаты байбаламға салып, өмірден түңілетіндей нәрсе емес. Өсіп-өркендеу жолында түрлі кедергі кездеседі. Бірақ оның артынан жақсылық келеді. Бұл алапат тасқын біз үшін жалған жетістікке алданып, «зая кеткен кезеңнен» ажырайтын жолайрық болуға тиіс, - деді Президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға