Жаңалықтар

"Саламатты Қазақстан" пойызы Маңғыстау облысының тұрғындарын қабылдауда

"Саламатты Қазақстан" пойызы Маңғыстау облысының тұрғындарын қабылдауда
Фото: mangystaumedia.kz 20.05.2024 23:13 499

"Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 19 мамыр күнінен бастап Шетпе ауылының тұрғындарын қабылдап, тегін медициналық және медиациялық-құқықтық кеңес беріп, көмектесіп жатыр, - деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының сапары 3 мамыр күні Тұрыш теміржол бекетінен басталған. Дәрігерлер тұрғындарды қабылдап, тегін медициналық көмек көрсетіп, кеңес берді.  Бұл — медициналық пойыз тоқтаған сегізінші теміржол бекеті. Медициналық пойыз Шетпе ауылынан кейін Үстірт, Боранқұл теміржол бекеттеріне барады.

Медициналық пойыздың ерекшелігі тұрғындарға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері  және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен медиациялық-құқықтық көмек көрсетіп және дәрігерлер заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен тегін медициналық кеңес береді.

3 мамырдан қазіргі уақытқа дейін 5100-ге жуық халық қаралды. Сонымен қатар біздің 2 мобильді бригадамыз бар. Жұмыс уақытымыз таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін. Халыққа тегін медициналық көмек көрсетеміз. Біздің пойызда хирург, уролог, гинеколог, невропатолог, стоматолог, психолог, педиатр, кардиолог секілді сала дәрігерлері бар. 

Сондай-ақ біздің медициналық пойызымызда юрист-медиатрлар бар. Ол кісілерге халық келіп, заң тұрғысынан шеше алмай жүрген мәселелерін айтып, тегін кеңес ала алады.  Біз Маңғыстау облысынан соң, су тасқынынан зардап шеккен халыққа тегін медициналық көмек көрсетіп, кеңес беру үшін Атырау облысының Құлсары қаласына барамыз, - деді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Еділбаева.

Биыл «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызына медиатор мамандары мен заңгерлер де қосылды. Мамандар 3 мамыр күні Тұрыш станциясынан бастап азаматтарды қабылдай бастаған. Мамандар осы уақытқа дейін 8 станция бойынша 979 азаматты қабылдағандарын айтты. 

Елдімекендердің азаматтық құқы бұзылған тұрғындары біздің көмегімізге жүгініп келіп жатыр. Еңбек кітапшасында көп азаматтардың мөрі жоқ. Осы бойынша Қарақия, Маңғыстау аудандық сотына талап-арыздар жазылды. Бұдан бөлек онлайн сауда жасап, алданып қалған тұрғындарға көмек көрсетіп жатырмыз. Және көптеген жаңа салынған үйлердің апаттық құжаттары жоқ екен. Сол құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп жатырмыз, - деді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының заңгер маманы Қымбат Аманбайқызы.

76 жастағы Шетпе ауылының тұрғыны Тұрым Қалдығұлов денсаулығын тексерту үшін арнайы медициналық пойыз дәрігерлеріне келгенін айтты.

Саламатты Қазақстан медициналық пойызындағы лор дәрігерге келіп, құлағымды тексерттім. Бәрі жақсы екенін айтты. Жасым 76-да. Өмір бойы осы Шетпе ауылында механизатор болып жұмыс істедім. Осының барлығы жақсылық қой. Халқымыз аман болсын! Қазір Шетпе ауылында дәрігер жетіспейді. Саламатты Қазақстан медициналық пойызының дәрігерлері келіп, тұрғындарға медиациялық, медициналық кеңес бергені жақсы болды. Ұйымдастырушыларға мың алғыс! - деді Тұрым Қалдығұлов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға