Жаңалықтар

Астанада қоғамдық көлікте жүру бағасы қымбаттауы мүмкін

Астанада қоғамдық көлікте жүру бағасы қымбаттауы мүмкін
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 20.02.2024 21:05 420

Ашық НҚА порталы Астана әкімдігі қаулысының жобасын жария талқылауға шығарды. Соған сәйкес, қалалық қоғамдық көлікте жол жүру ақысын арттыру жоспарлануда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құжатқа сәйкес, қоғамдық көлікте жол жүру ақысын 90 теңгеден 110 теңгеге дейін арттыру ұсынылады.

Айта кетейік, қалалық маршруттарда жол жүруге 90 теңге тариф 2014 жылдың қыркүйегінде белгіленген болатын.

Астанада және қала маңында оқитын 18 жасқа дейінгі балалар үшін қоғамдық көлікте жол жүру 2020 жылғы наурыздан бастап тегін. Міндетті шарт – мектептің көлік картасының болуы және оны автобуста валидация жасау.

Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, мына санаттарға жататын азаматтар да осы жеңілдікке ие:

1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;

2) жасы және еңбек еткен жылдары бойынша зейнетке шыққандар, сондай-ақ жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнеткерлік жасқа толған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;

3) көпбалалы аналар;

4) көпбалалы отбасылар;

5) мүгедектер;

6) он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар, оның ішінде ата-аналарының бірі (заңды өкілдері).

7) «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргін құрбандары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға