Жаңалықтар

Ақтөбе облысында боран кезінде тоқтаусыз жұмыс істегендерге Президент алғыс білдірді

Ақтөбе облысында боран кезінде тоқтаусыз жұмыс істегендерге Президент алғыс білдірді
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 13.02.2024 23:27 461

Ақтөбе облысында боран кезінде күндіз-түні көз ілмей, еңбек етіп,  халықтың қауіпсіздігін сақтауға бар күш-жігерін салған арнайы сала мамандары марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров төтенше жағдайлар және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медицина мамандары, коммуналдық қызмет пен автомобиль жолдарының жұмысын қамтамасыз ететін мамандар, кәсіпкерлер және өзге ел, өзге аймақтың азаматтарына қол ұшын созған еріктілерге риясыз алғысын жеткізді.

Кеше ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолайсыз ауа райында азаматтарға көмектесіп, тәулік бойы еңбек еткендерге алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. Еңбегі ерен бір топ азамат мемлекеттік наградаға ұсынылғанынын атап өтті. Өкінішке қарай, бүгінгі марапаттау шарасына барлық азамат қатыса алмай отыр. Дегенмен, менің атымнан аудандардың әкімдері мен ведомстволардың басшыларына осы табиғи құбылыс кезінде ерекшеленген қызметкерлерді құттықтауды тапсырдым, мұндай еңбек еленіп, бағалануы тиіс. Осында отырған әрбіріңіздің жасағандарыңыз – қоғамға риясыз қызмет етудің және шынайы батырлықтың, жанқиярлықтың үлгісі. Қиын жағдайға тап болған адамдар Сіздер арқылы өздерінің жалғыз еместігін, уақытылы көмек ала алатынына көз жеткізді. Күш-жігер, қабылдаған тиімді шешімдеріңіздің арқасында азаматтардың сіздерге деген сенімі артты, - деп атап өтті өңір басшысы.

Ақпанның ақтүтек бораны соққан күндері қар құрсауында қалған автокөлік жүргізушілері қауіпсіз жерге көшірілді, шалғай елді мекендерге тегін азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілді, жылумен қамтамасыз ету және электр желілерін қалпына келтіру және т. б. жұмыстар жасалды.

Сын сағатта өз өміріңізді қатерге тігіп, көрсеткен батылдығыңыз, жоғары кәсіптік шеберлігіңіз бен атқарған адал қызметіңіз үшін рахмет. Болашақта ел үшін әлі де талай тың жұмыстарды атқаратынымызға, бірге  кез-келген қиындықты жеңе алатынымызға еш күмән жоқ. Жасаған игі істеріңіз әр адамға үлгі болады деп сенемін, - деді Асхат Шахаров.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға