Жаңалықтар

Қазақстанда 1 наурыздан бастап не өзгереді

Қазақстанда 1 наурыздан бастап не өзгереді
Фото: ©El.kz 01.03.2024 09:00 609

1 наурыздан бастап Қазақстан халқын біршама өзгеріс күтіп тұр. Жастарға жаңа бағдарламалар мен уақытқа байланысты өзгертулер туралы біле жүріңіз, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бірыңғай уақыт белдеуі

Бүгіннен бастап Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына 5-ші уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.

Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытты.

 

14 күн демалыс

Наурыз айында қазақстандықтар 14 күн демалады. Осы айда екі ресми мереке – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні және әз-Наурыз мейрамы бар.

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнінде аптасына бес күн жұмыс істейтіндер 8, 9, 10 наурызда үш күн қатарынан демалады.Ал аптасына алты күн жұмыс істейтіндер үшін 8-10 наурыз - демалыс, 9 наурыз жұмыс күні болып саналады.

Наурыз мейрамында (21-25 наурызда) қазақстандықтар бес күн демалады. Ал аптасына алты күн жұмыс істейтіндер үшін 25 наурыз - жұмыс күні, 21-24 наурыз аралығында демалады.

Блогерлер онлайн-жарнаманы таңбалауға тиіс

2 наурыздан бастап инфлюенсерлер (блогерлер) коммерциялық немесе шарттық негізде орналастыратын онлайн-жарнаманы таңбалауға тиіс. 

Былтыр 10 шілдеде Мемлекет басшысы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға қол қойды. Заң жобасы Қазақстанда қауіпсіз онлайн орта құруға бағытталған. Құжаттағы көрсетілген негізгі құқықтық тетіктердің бірі – желідегі жарнаманы таңбалау міндеттемесі. Біз зерттеген халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жетекші елдер онлайн-жарнаманың маңызды рөлін және оны онлайн-платформаларда көрсету тетіктеріне ерекше назар аударады. Сонымен қатар онлайн-жарнаманың ашықтығын арттыруға бағытталған талаптарды көздейді, деп жазды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында.

 

Жастарға жаңа тұрғын үй бағдарламасы

1 наурызда "Отау" бағдарламасы іске қосылады. Сол күннен бастап 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) қазақстандықтар Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алады.

"Отау" бағдарламасына кімдер қатыса алады?

Отбасы банк салымшылары ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы), оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады;

Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы керек;

Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы тиіс;

Қатысушы жасы 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда);

Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы керек;

Алматы және Астана қалаларынан тұрғын үй алатын жағдайда аталмыш қалаларда тұрақты тіркеу болуы қажет.

 

Жастарға 1 миллион теңгеден беріледі

Елімізде жұмыссыз жастарға арналған «Zhas project» жобасына өтінім қабылдау басталады. Оның аясында 280 жеңімпаздың әрқайсысына 1 млн теңгелік грант беріледі. Байқауға қатысуға 18 бен 34 жас аралығындағы жұмыссыз жастар өтінім бере алады. 

Үміткер өтінім беріп жатқан өңірде тұрақты немесе уақытша тіркелуі тиіс. Конкурсқа қатысушы 1 ғана әлеуметтік жобаны ұсына алады. Онысы өз аймағындағы әлеуметтік мәселені шешуге бағытталуы шарт. Сондай-ақ өтінім беруші 2023 жылғы «Zhas project» жобасының шағын грант иегері болмауы керек. Әзірге конкурс шарттарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал наурыздың 25-нен сәуірдің 24-не дейін өтінім қабылданады.

 

Өңірлік кадр резервіне іріктеу басталады

1 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалаларында өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар ел азаматтары қатыса алады. Өңірлік резервке алынған азаматтар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасады. 

 

ҚМДБ 1 наурыздан бастап намаз кестесін жаңартады

Кесте үш республикалық қала мен 12 облыста өзгереді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қазақстанның бір уақыт белдеуіне көшуіне байланысты ресми сайтындағы намаз уақыты 1 наурыздан бастап жаңаратынын хабарлады. 

29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Қазақстан бойынша UTC (Дүниежүзілік үйлестірілген уақыт) +5 уақытына ауысқан сәтте намаз уақыттары да автоматты түрде өзгереді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми www.muftyat.kz сайтындағы намаз кестесінен өздеріңізге қажетті ауыл мен қаладағы намаз уақыттары жайлы мәліметтерді алуға болады, – делінген діни басқарманың хабарламасында.

Сондай-ақ, ҚМДБ жұма намазының жаңарған кестесін жариялады.

5 мың теңгелік жаңа банкнот шығады

Наурызда Сақ стиліндегі 5 мың теңгелік жаңа банкнот жаппай айналымға түседі.

Айналымға енгізу процесі еліміздің барлық өңіріне жеткізу, банкоматтар мен терминалдарды бейімдеу үшін уақыт қажет болғандықтан кешіктірілді, – деді ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Жазда он мыңдық вексель шығару жоспарланған. 2025 жылдың соңына дейін барлық номиналды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

 

 

1 наурызда ҚПЛ басталады: ойындар күнтізбесі белгілі

Футболдан Қазақстан чемпионаты 2024 жылдың 1 наурызы мен 10 қарашасы аралығында өтеді.

Көптеген ойындар дәстүрлі түрде демалыс күндерге жоспарланған. Маусымның алғашқы ойыны еліміздің жеті дүркін чемпионы «Астана» мен 16 жылдан кейін Премьер-лигаға оралған «Жеңіс» арасындағы көптен күткен елордалық дербиімен ашылады. Сонымен қатар, бірінші турда ел чемпионы «Ордабасы» өз алаңында қарағандылық «Шахтерді» қабылдайды. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айында Шымкенттік клуб өз стадионында қарағандылық команданы жеңіп, тарихтағы алғаш чемпиондығына қол жеткізген еді.

Премьер-лига чемпионы атағы үшін биыл республиканың 13 өңірінен 14 клуб таласады: «Ақсу», «Ақтөбе», «Астана», «Атырау», «Елімай», «Жеңіс», «Жетісу», «Қайрат», «Қайсар», «Қызылжар», «Ордабасы», «Тобыл», «Тұран» және «Шахтер». Ойындарды «Qazsport», «Qsport» және жаңа «Qfootball» телеарналары тікелей эфирде ұсынатын болады.

 

Шекарадағы өткізу пунктерінің жұмыс режимі өзгерді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасынан өтетін адамдарға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында ҰҚК Шекара қызметі келесі автомобильдік өткізу пунктерінің жұмыс регламентіне өзгерістер енгізді.

Ресей Федерациясымен:
«Найза», Павлодар облысы
«Қоянбай», Абай облысы
«Байтанат», Абай облысы

Қытай Халық Республикасымен:
«Нұр Жолы», Жетісу облысы
«Достық», Жетісу облысы
«Қолжат», Алматы облысы
«Бақты», Шығыс Қазақстан облысы
«Майқапшағай», Шығыс Қазақстан облысы

Қырғыз Республикасымен:
«Кеген», Алматы облысы.

2024 жылғы 1 наурыздан бастап көрсетілген өткізу пункттері сағат 07.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

 

Ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіледі

Жыл сайын көктем мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарды қыстан кейін сақтау және күтіп ұстау үшін бір оське жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеу енгізіледі. Бірінші наурыздан бастап мұндай ережелер 8 облыстағы трассаларда қолданылатын болады. 

Атап айтқанда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу және Түркістан облыстары «Бесінші жол-климаттық аймаққа» кіреді. Аталған уақытша шектеу шаралары 1 наурыздан 1 сәуірге дейін қолданылады.

Шектеу шаралары жүктерді және жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға тартылған, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек, азық-түлік, багаж, дәрі-дәрмек тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ жол-құрылыс жұмыстарымен айналысатын автокөлік құралдарына қатысты қолданылмайды.

Осындай шектеулер 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында Ақмола, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да енгізілетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға