Жаңалықтар

Павлодарда биыл 20 мыңға жуық түп ағаш отырғызылады

Павлодарда биыл 20 мыңға жуық түп ағаш отырғызылады
Фото: instagram.com/pavlodar_region 28.04.2024 14:25 361

Павлодарда 2024 жылы 20 мыңға жуық көшет отырғызылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Павлодар қаласында «Таза Қазақстан» ауқымды жалпыұлттық экоакциясы аясында жаппай сенбілік өтті. Шара барысында жүздеген түп ағаш отырғызылды. Облыс әкімі Асайын Байханов Благовещенск кафедралды соборының жанындағы скверге ағаш отырғызу іс-шарасына, сондай-ақ  М. Жүсіп көшесіндегі үйдің ауласында және «Березка» саяжайының жанында тұрғындармен бірге жалпықалалық сенбілікке қатысты.

Өңір басшысы жасыл желектерге күтім жасалмаса және суарылмаса көгалдандыруға жұмсалатын барлық күш-жігердің зая кететінін еске салды.

Айта кетсек, қаланың барлық скверлері мен саябақтарында кезең-кезеңімен автоматтандырылған суару жүйесі енгізілуде. Биыл Павлодар саябақтары мен скверлерінде 4 автоматтандырылған суару кешені орнатылады.

Акция кезінде облыс әкімі туған өлкесінің тазалығына бей-жай қарамай, «Таза Қазақстан» республикалық акциясына белсенді қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға