Жаңалықтар

Еліміздегі су қоймаларының қазіргі ахуалы қандай

Еліміздегі су қоймаларының қазіргі ахуалы қандай
Фото: ОКҚ 15.04.2024 08:29 346

Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына су тасқынының алдын алу және оның шығындарын азайту жөніндегі кешенді іс-шаралар қосылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі құжатты қайта қарайды, деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Спикер еліміздегі су қоймаларындағы жағдайға да тоқталды.

«Ақмола облысында екі ірі су қоймасы 100% толы. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Бірақ Жабай өзенінің реттелмейтін ағынының артуына байланысты Атбасарда су тасқыны жалғасып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100% толы, су тасқыны жалғасып жатыр. Екі су қоймасы да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр, бұзылу қаупі жоқ. Осы уақытқа Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі – 1243 см, бір тәулікте ол 103 см-ге көтерілді. Мамандар су өткізу іс-шараларын атқарып жатыр. Жағдай күрделі», - деді спикер.

Ақтөбе облысында жағдай тұрақты. Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші 80%. Абай облысында Шүлбі су қоймасы 89%-ға толды. Өңірде су тасқыны жалғасуда. Батыс Қазақстан облысында төрт ірі су қоймасының орташа су жинауы 74%. Иреклі су қоймасынан жіберілген су әлі Қазақстанның шекарасына жеткен жоқ. Бұл су 16-17 сәуірде келеді деп күтілуде. Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 99%-ға толды, өңірде су тасқынының қауіпті кезеңі өтті. Жағдай тұрақты. Қостанай облысында 2 ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 93%, су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Қаратомар су қоймасы транзиттік режимде жұмысын жалғастыруда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға