Жаңалықтар

BU магистранты инклюзия бойынша грант жеңіп алды

BU магистранты инклюзия бойынша грант жеңіп алды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 16.02.2024 21:03 542

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Мүмкіндігі шектеулі студенттер: құқықтық қорғау және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру» Alamni Impact Award жобасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бұл идеяның авторы – АҚШ-тың Вандербильд университетінде тағылымдама өткен Baitursynuly University-дегі журналистика факультетінің магистранты Виталий Руднев.

Америкада оқып жүргенімде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға индивидуалды тәсіл қалыптасқанын байқадым. Бірден біздің ерекше қажеттіліктері бар қазақ студенттеріміз үшін де осындай мүмкіндіктерді жасау керектігі туралы ой келді, - дейді Виталий.

Сол кезде жоба идеясы туады, ол бағдарламаны дайындап, АҚШ елшілігіне жібереді. 99 өтінімнің ішінен грантты тек бес адам, оның ішінде қостанайлық Виталий Руднев жеңіп алды.

Жоба мүмкіндігі шектеулі жастарды құқықтық қорғауға және оларға психологиялық көмек көрсетуге бағытталған. В.Рудневтің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жастарға еңбек нарығында бәсекелестікті нығайтуға көмектесіп, болашақ кәсіби өмірге жан-жақты және толыққанды тәжірибені қамтамасыз етеді, сондай-ақ күнделікті өмірге сенімділік беретін болады.

Тұсаукесер «Әлем біздің көзімізбен» ҮЕҰ өкілі Дана Сұлтанғалиеваның, жұмыспен қамту орталығының өкілі Гүлмира Сарбасованың сонымен қатар, философия кафедрасының профессоры Юрий Бондаренконың және психология кафедрасының профессоры Лилия Саркисянның, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер мен еріктілердің белсенді қатысуымен өтті.

Жоба бағдарламасы аясында тілдік дағдыларды: ағылшын және қазақ тілдерін меңгеру, сондай-ақ зағип студенттерді ағылшын тіліне оқыту бар.

Курс аяқталғаннан кейін ақпан айының ортасында белсенді қатысушылар сертификаттарға ие бола алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға