Жаңалықтар

БҚО-да бір күн ішінде үш адамның ажалы судан болды

БҚО-да бір күн ішінде үш адамның ажалы судан болды
06.08.2023 10:15 880
Батыс Қазақстан облысында бір күнде үш адам суға батып, ажал құшты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қайғылы оқиға 5 тамыз күні Бәйтерек ауданына қарасты Жайық-2 ауылында тіркелді. "Карьер" жасанды су қоймасында 16 жастағы жасөспірім батып кетті. Оның денесін жедел құтқару жасағының қызметкерлері сағат 19.00-де алып шықты.
 
Сонымен қатар, кешкі сағат 19:11-де Орал қаласында "Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы" АҚ ауданында құтқарушылар 44 жастағы ер адамның денесін судан алып шықты. Ол досымен бірге суда жүзіп жүргенде батып кеткені белгілі болды. Сосын оны досы Жайық өзенінің арғы бетіне шығарып қойған. Құтқарушылар мәйітті бергі бетке шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.
 
Мұндай қайғылы оқиға Ақжайық ауданындағы Жамбыл ауылдық округі "Дөңгелек" су қоймасында болды. 31 жастағы ер адам 4 тамыз күні сағат 22.00-де қайықпен суда жүзіп, белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Қайық судан табылған. 5 тамыз күнгі сағат 10.42-де іздестіру жұмыстары басталып, оның денесі бүгін 07.50-де табылды.
 
Бұл ретте өңірдің ТЖ департаменті тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертіп отыр. 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға