Жаңалықтар

БҚО әкімі Астанадан барған бірінші орынбасарын қызметінен босатты

БҚО әкімі Астанадан барған бірінші орынбасарын қызметінен босатты
Фото: gov.kz 04.08.2023 11:03 973

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Астанадан ауысып келген орынбасарын қызметінен босатты, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, әкімнің бірінші орынбасары Ержан Балтаев жұмыстан «Қазақстан заңдарында белгіленген шектеулер мен міндеттерді сақтамағаны үшін» шығарылған. Ал нақты себебі айтылмады.

Айта кетсек, Ержан Балтаев өз қызметіне биыл қаңтар айында кіріскен болатын. Ол құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіп, автомобиль жолдары және көлік инфрақұрылымы мәселелерімен айналысты.

Ержан Балтаев еңбек жолын Астанадағы жылжымайтын мүлік орталығында бастаған. Одан кейін жекеменшік компанияларда заңгер болды. БҰҰ Даму бағдарламасы бойынша ұлттық менеджер қызметін атқарды. «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын да басқарды.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне дейін Астанадағы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының жетекшісі болды.

Еске сала кетсек, 24 шілдеде әлеуметтік желіде Ержан Балтаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Бірақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ол мәліметті жоққа шығарды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға