Жаңалықтар

Ақтөбе облысында кәріз-сорғы стансасында жарылыс болды

Ақтөбе облысында кәріз-сорғы стансасында жарылыс болды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 15.06.2023 12:37 660

Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылындағы кәріз-сорғы стансасында газ-ауа қосындысы жарылып, оператордың денесін түгел күйік шалды. Алдын ала болжам бойынша, ол оқиға орнында сіріңке тұтатқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға кеше сағат 22:55-те тіркелді. Кеңқияқ ауылдық ауруханасына «Кеңқияқ-СК» КМК кәріз-сорғы стансасында жұмыс істейтін оператордың күйік шалып түскені белгілі болды.

Алдын ала болжам бойынша, оператор кәріз жинау бекетінің есігін ашып, шырпы тұтатқан. Күйік шалған кезде бірден күйеуіне хабарласып, ол ауруханаға жеткізген. Қазіргі кезде кәріз стансасы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Алғашқы анықталған себебі – өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауы. Науқастың денесінің 90-95%-ын күйік шалды. Кеңқияқ ауылдық ауруханасы алғашқы көмек көрсетті. Ал түнде әйел санавиациямен облыс орталығына жеткізілді, - деп ақпарат таратты облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға