Жаңалықтар

Бишімбаев түрмеден мерзімінен бұрын босап шыға ала ма?

Бишімбаев түрмеден мерзімінен бұрын босап шыға ала ма?
Фото: Коллаж El.kz 16.05.2024 12:30 697

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Сенат кулуарында оның қамаудан мерзімінен бұрын шығуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Вице-министр Қазақстанда сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату бойынша мүмкіндік қарастырылғанын айтады.

Ол үшін жазасын өтеп отырған адам қамау мекемесінде жақсы тәртібімен көзге түсуі қажет. Ал ауыр қылмыс жасағандардың кейсі бойынша олар жазасының үштен екісін өтеуі тиіс. Шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу үшін зардап шеккен тараптың пікірі ескеріледі. Бірақ бәрін сот шешеді. Екіншіден, біз осы мәселе бойынша сот үкімінің күшіне енгенін күтуіміз керек, - деді Ботагөз Жақселекова.

Сондай-ақ журналистер әділет вице-министріне «Бишімбаев қамау мекемесінде денсаулығына шағымданса, зардап шеккен тараптың келісімін алмай-ақ ерте босап шыға ала ма?» деп сұрақ қойды.

Оны да сот шешеді. Жалпы қамау мекемелерінде дәрігерлер сотталған әрбір адамның денсаулығына қарайды. Бұл қызмет енді Ішкі істер министрлігінен шығып, Денсаулық сақтау министрлігіне берілді, - деп жауап берді Ботагөз Жақселекова.

Айта кетейік, бұған дейін Ботагөз Жақселекова Қазақстанда екі саяси партияның тіркеуден өтпегені жайлы айтқан болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға