Жаңалықтар

Түркістандағы базарда кітапхана ашылды

Түркістандағы базарда кітапхана ашылды
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі 11.01.2024 19:00 691

Түркістан облысындағы базарларда кітапхана ашу жобасы қолға алынды. Бүгін Түркістан қаласындағы «Қуаныш» сауда орталығында «Фараб» кітапханасының пункті ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Руханият ордасының ашылу салтанатына жергілікті зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер және облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысты.

Халық көп шоғырланған орында білім беру және мәдени платформа құру мақсатында «Базардағы кітапхана» идеясы туындап, бүгін іске асырылуда. Бұл жобаны облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолдап, қоғам мәдениетін дамыту бағытында жүйелі шаралар ұйымдастыруды тапсырып отыр. Өздеріңізге белгілі, өңірде тұрғындардың басым көпшілігі сауда нүктелері арқылы кәсібін дөңгелетіп жүр. Қарапайым халықтың да жиі келетін орны – базар. Сондықтан да осындағы кәсіпкерлердің кітап оқып, іскерлік тұрғыдан ізденуіне қолдау білдіріп, мәдени ортаны кеңейту мақсатында тың жобаны бастадық. Бұл жобаны әрі қарай да аудан, қалалардағы орталық базарларда жалғастыратын боламыз. Қоғамды кітап оқуға қызықтыратын жаңа жобалардың жандануы оқырманның көбеюіне тікелей әсер етеді. Бастамамызға қолдау білдірген базар иелеріне алғысымды білдіргім келеді. Бүгінгі кітапхана пункті де оқырман игілігі үшін қызмет етеді деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Базарда орналасқан кітапханада түрлі бағыттағы көркем әдебиеттер мен кәсіпті нығайтуға бағытталған және әлемдік бестселлерден құралған 3 мыңға жуық кітап қоры бар. Бұл туындылар кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға, тұлға ретінде қалыптасуына үлес қосып қана қоймай, жаңа әрі креативті идеялардың тууына мүмкіндік бермек. Халықтың сұранысына сай кітап сөрелері тұрақты түрде жаңартылып отырады. Сонымен қатар арнайы қатарлар немесе шкафтар орнатылып, сол жерде азаматтар оқыған кітаптарын сыйға қалдырады немесе басқа кітаптармен алмастырып оқи алады.

Оқи отырыңыз: 

Кітапхана қызметі білімге қолжетімділікті, мәдени құндылықтармен алмасуды көздейді. Сонымен бірге азаматтарға   мерзімді басылымдар мен көркем әдебиеттерді, балаларға арналған кітаптарды ұсынады. Оқуға жайлы орта жасап, оқырманмен тығыз байланыс орнатып, келушілердің уақытын тиімді өткізуіне ықпал етеді.

Қаладағы ең үлкен бұл сауда орталығында 1700-ден астам кәсіпкер жұмыс істейді. Күніне орта есеппен 20 мыңнан астам адам келеді. Бүгінгі ашылған кітапхана бір күнде 70 адамға дейін қызмет көрсетеді, айына орта есеппен 1500 адам қамтиды деп жоспарлануда.

Айта кетсек, Түркістан облысында жалпы 39 базар жұмыс істейді. Онда 7 мыңнан астам кәсіпкер сауда-саттықпен айналысуда. Жоба аясында аудан, қалалардағы үлкен сауда орталықтарында да кітапханалар ашылып, бастама жалғасын табатын болады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы облыс көлемінде 398 кітапханада 6 миллионға жуық кітап қоры бар. Өткен жылы «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы қолға алынған болатын. Нәтижесінде облыстың және аудан, қалалардағы әкімдік ғимараттарында, әлеуметтік нысандарда кітапхана бұрыштары ашылып, кітапқа деген қолжетімділік артты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға