Жаңалықтар

Шымкентті су басу қауіпі бар ма? Мамандар не дейді

Шымкентті су басу қауіпі бар ма? Мамандар не дейді
Фото: Шымкент қалалық ТЖД баспасөз қызметі 19.04.2024 12:02 1092

Шымкентте жарты күн жауған жауын-шашын салдарынан көшелер, аулалар мен жеке тұрғын үйлерді су басады. Жылда солай. Тұрғындар тарапынан жергілікті биліктің әрекетіне күмән көп, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

 «Жаман айтпай, жақсы жоқ», нөсер жауын екі күн қатарынан толастап жауып берсе, қаламызды су шайып кете ме деп те қорқады. «Төтенше жағдайларға мүлдем дайын емеспіз, тіпті техникаларымыз да кеңестік кезеңнен қалған, ирригациялық жүйелерді айтудың өзі артық - дейді жұрт.

Расымен солай ма? Бұған Шымкент қаласы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің жауапты сала басшылары не дейді? Сарапшы мамандар мен тұрғындардың пікірі қандай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеп көрдік.

Шымкентті су басу қауіпі бар ма? Мамандар не дейді

Сурет: Элеонора Мамыр

Елдегі жағдай шымкенттіктерді де алаңдата бастағандай. Тасқын су төтеннен бізге де келіп қала ма деген қауіп жоқ емес. Жылда қайталанатын табиғи құбылысқа халықтың еті үйренгендей еді, алайда соңғы оқиғалар тұрғындардың үрейін үдете түскендей...

Мегаполисте 16 сәуір күні қатты жаңбыр жауып, біраз жұртты әбігерге салды. 18, Теріскей, Шығыс, Нұрсәт, 11 шағынаудандарындағы дүкендер мен кофеханаларды, сауда орындары мен көшелерді су басып қалды. Әсіресе, Ескі қалашық тұрғындары әр жаңбыр жауған сайын зардап шегеді. Қала көшелерін бойлай келетін суағар Қошқар ата маңында бірден аяқталып, су арнасыз ағады. Осының салдарынан маңындағы үйлер мен орталық көшелерге су толып, адамдардың жүріп-тұруы қиындайды.

 Арғы беттен, бергі жақтан келген сулар көшеге үйріледі, содан ішке қарай кіреді. Арыққа сыймайды. Жұмысқа барарада жолдан өту мүмкін болмай қалады. Су толып, тасиды ғой. Әр жаңбыр жауған сайын осы,-дейді қала тұрғыны Гүлмира Тұрыпбек.

Аталған мәселелерді шаһар басшысы да мойындап отыр. Шымкент қаласының әкімі  Ғабит Сыздықбеков қоғамдық кеңес отырысында ирригациялық жүйелерде реттілік жоқ екенін айтып, себебін арық-атыздардан аққан судың белгілі жерге барып құймайтынын, ал оны жасайын десе, тиісті жерлер жекенің қолына өтіп кеткенімен байланыстырады. Оның айтуынша, Шымкентті «вдоль и поперек» сатып жіберген.

Бос жердің бәрін, аулаларға дейін сатқан. Таңғалудан қалдым... Ана жер де, мына жерде сатылып кеткен. Барлығының құжаты бар. Олардың құжатының күшін жоюуға болады. Бұрынғы әкімдердің шығарған қаулысы да дұрыс емес. Ирригациялық жүйені ретке келтіру үшін биылға бөлінген қаражатқа мамандардың командасын жинайын деп жатырмыз. Бүкіл қалаға анализ істеп, қай жерде қалай екенін дұрыстаймыз»,-деп уәде берді әкім.

 Бір емес, екі емес, бірнеше жылдан бері жыр боп келген жауын суларының тасуын осы кезге дейін бірде-бір әкім шешіп көруге талпынбаған ба дейсің!?

Ал тиісті сала басшылары қаладағы ирригациялық жүйелердің талапқа сай салынғанын, осы кезге дейін қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан бірқатар жұмыстардың жүргізілгенін алға тартады. Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, шаһар аумағындағы жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 орталық көшелерді санитарлық тазалау, көгалдандыру және күтіп-ұстау жұмыстары 2023 жылдың 1 наурызынан бастап аудан әкімдіктерінен қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасына өткізілген.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қызмет көрсетілетін 443 магистралды көшенің 281-інде 702 шақырымды құрайтын ирригациялық арық жүйелері бар. Қазіргі таңда жауын шашын суларының жиналуын алдын алу мақсатында мердігер мекемелер қала аумағындағы барлық жүйені толықтай тазартыпты.    

Шымкентті су басу қауіпі бар ма? Мамандар не дейді

Сурет: Элеонора Мамыр

Магистралды көше бойларында су жиналу қаупі бар 7 орын: Сыпырған ата-Темірлан тас жолы, Бейбітшілік көшесі, Жібек жолы-Сайрам көшесі қиылысы, Рысқұлбеков көшесі, Бәйтереков-Арғынбеков көшелерінің қиылысы, Бәйдібек би-Қахраман көшелерінің қиылысы, Астана даңғылы анықталған. «Сыпырған ата-Темірлан тас жолы көшелерінің қиылысына оң жақ қосалқы жол салу барысында жер асты су жинағыштың беткі бөлігіне асфальт төселіп, құдықшаның беті жабылып қалған, қазіргі кезде сол құдықшаның беті ашылып тазалау жұмыстары жүргізілді, су жиналу мәселесі шешілді. Бейбітшілік көшесі бойында жаңадан ирригациялық арық салынып, аталған көшеге жиналатын су Республика даңғылындағы ирригациялық лоток жүйесіне қосылды. Бұл аймақта мәселе шешілді. Ал қалған орындар бойынша Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және аудан әкімдіктерімен бірлесе ирригациялық жүйелерін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы 2023 жылы 8 көшеге ирригациялық арықтарды жаңарту және салу жұмыстарын жүргізді. Жалпы ұзындығы шамамен 13 шақырымды құрайды.

Қала аумағындағы 8 көшеге салынған ирригациялық жүйелер құрылыс нормалары мен ережелерлерге сәйкес жүргізілді» - деп хабарлады Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Арнайы мониторингтік топтың жүргізген зерттеулері бойынша қаладағы 76 көшенің 31 аумағында су басу қауіпі туындап тұр. Жауын-шашын болған сайын Абай ауданындағы 9 учаскеде, оның ішінде 18 көшеге; Әл-Фараби ауданындағы 4 учаскеде, оның ішінде 28 көшеге; Еңбекші ауданындағы 3 учаскеде, оның ішінде 7 көшеге; Қаратау ауданындағы 8 учаске, оның ішінде 12 көшеге; Тұран ауданындағы 7 учаскеде, оның ішінде 11 көшеге су жиналады.

200 техниканы топан су астында қалған аймақтарға жіберген мамандар 16 сәуір күні жауған жаңбырдың өзін сорып үлгере алмаған. Алайда төтеншеліктер әр мезгілде орын алуы мүмкін деген болжамдарға алдын ала дайындалатынын айтады.  

Су басу қауіпті кезеңге дайындық жұмыстары өткен жылдың күз мезгілінен басталып, қажетті привентивті шаралар қабылданады»,-дейді Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ирисмат Махмудов. Оның айтуынша, су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайларды жою үшін департаменттің жеке құрамның 160 қызметкері, 17 бірлік әртүрлі мақсаттағы техника, 17 бірлік жүзу құралдары және 42 бірлік мотопомпа дайындыққа келтірілген.

Шымкентті су басу қауіпі бар ма? Мамандар не дейді

Сурет: Шымкент қалалық ТЖД баспасөз қызметі

Жалпы қала аумағында Бадам, Тоғыс су қоймасы мен Текесу, Ақжар су тоғандары бар. Бұлардың толуы 19-94% пайызды құрайды. Су қоймаларынан су тасыған жағдайда жақын маңдағы орналасқан елдімекендерге қауіп төнуі мүмкін. Алайда мамандар әзірге өзендердегі судың деңгейі төмен, дабыра қағып, қорқудың қажеті жоқ дейді. Қала аумағында су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Қазгидрометтің мәліметінше, ағымдағы жылдың сәуір айында температура +23 С0 дейін көтеріледі, жауын-шашын нормадан (74мм) төмен күтілуде.

Сонымен қатар Түркістан облысының таулы бөктерінде қар жамылғысының биіктігі нормадан төмен 29 см құрап отыр (норма – 64 см). Су қоймаларына, өзендер мен каналдардың жағдайларына жерүсті және әуеден визуалды бақылау тұрақты түрде жүргізілуде.

Бадам өзені қалыпты. Жаңбыр жауса, өзен көтерілмейді. Үйлерге су кіруі мүмкін. Сай-саладағы сулар жиналып, аулаларға, жеке үйлерге, кейбір көшелерге су жиналады. Дегенмен аса қауіп төніп тұрған жоқ деп айта аламын. Өйткені, Шымкент пен Түркістан облысында ауа райы жоғары температураны көрсетіп тұр, алдағы 10 күнде ешқандай тасқын су болмайды деуге негіз бар,-дейді Қазгидромет мекемесінің жетекші инженері, гидролог Азамат Әлиев.

Осы тұста арнайы сарапшылардың да пікірін білуге тырыстық. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті «Су ресурстары, жерді пайдалану және агротехника» кафедрасының меңгерушісі Парида Сынабайқызымен сөйлестік.

El.kz: Шымкенттегі көшелердің 40 пайызға жуығын, тіпті одан көп болуы мүмкін, жаңбар жауса болды су басып қалатыны жасырын емес. Студенттеріңізбен немесе өзіңіз су тасу қауіпі бар аймақтарды зерттеп көрдіңіз бе? Қайсы аумақтарда қауіп бар?

Парида Сынабайқызы: Су тасқыны – бұл судың ұзақ уақыт жоғары көтерілуімен сипатталатын, әдетте судың арнадан жайылмаға шығуымен бірге жүретін құбылыс болып табылады. Бұл құбылыс таулардағы қар мен мұздықтардың көктемгі еруіне немесе мол жаңбырға байланысты болуы мүмкін және судың ұзақ ағынының күшеюінен туындайды.

Бадам өзенінде жауын-шашын көп болған жылдары су тасқыны болуы мүмкін. Су бассейні алабының аумағында көлбеулік рельефінің еңістігі маңызды орын алады, өйткені бұл құбылыс қысқа болуы мүмкін және өзен деңгейін көтеруден басқа, ағын жылдамдығының жоғарылауынан болуы мүмкін. Ол кезде жағалауды жуып кетуі мүмкін және өзен арнасы өзгерісі болады. Бұл өзен арнасында және оған жақын жерде салынған құрылымға қауіп төндіреді.

Су тасқыны – жылдың әртүрлі маусымдарында бірнеше рет қайталануы мүмкін өзеннің су режимінің фазасы, әдетте, су шығыны мен деңгейінің қарқынды, қысқа мерзімді өсуімен сипатталатынын атап өттім.

Қаланың орталық бөлігінде орналасқан «Албасты сай» суайрығы бар жерде тұрғын үй құрылыстары салынған, сол жерлерде су тасуы болуы мүмкін. Қоқыстар полигонын жою кезінде  бұл суайрығы бар логтың табиғи су объектісіне шығу жолы жоқ. Сондықтанда судың еңістігіне қарай ғылыми негізделген жобаларды іске асыру қажет деп санаймын.

El.kz: Қазір тұрғындардың көпшілігі сай жерлерге, бұрын орны арық болған жерлерге мән берместен үй салып, қоныстанып алған. Қалай ойлайсыз, сай-салаға, яғни сол жолмен кетер ағысын таппаған су қайтадан келіп жиналуы мүмкін бе? Яғни арық құрғап, жоқ болып кеткен жағдайда бірнеше жылдан соң сол орынға қайтадан су келе ме?

Парида Сынабайқызы: Ағынды суларды реттеудің мәселелерін модельдеу арқылы ағынды сулардың пайда болу ықтималдығына сүйене отырып, жүйелі түрде жасау қажет. Өзеннің немесе ойпаттың су режимінің фазасы бойынша су айырығы жауын-шашыннан немесе қар еруінен туындаған шығыстар мен су деңгейлерінің қарқынды ұлғаюымен сипатталатын белгілі бір су алабы бар жыралар, су басу аймағын алдын ала (апатқа дейін) айқындау қажет және 3.01-01-2013 «Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық елді мекендерді жоспарлау және салу» сияқты ҚР құрылыс нормасына сондай параметрлерді пайдалануды бекіту қажет.

El.kz: Ал қаладағы ирригациялық жүйелердің салынуына, олардың сапасына көңіліңіз тола ма?

Парида Сынабайқызы: Қазіргі таңда қаланың жоспары толыққанды түрде өзгерген, осы жоспарда ирригациялық жүйелер секциялық түрде қарастырылған, оны орталықтандарған жүйеге қосуды мамандандырылған топпен ғылыми негізделген жобада қайта жасау қажеттілігі туындауда.

El.kz: Су тасқынын болдырмау үшін мамандарға немесе осыған жауапты сала басшыларына айтар ұсынысыңыз бар ма?

Парида Сынабайқызы: Су тасқынының алдын алуға әсер ету тәсілдері мен әдістері олардың экономикалық және экологиялық мәселелеріне, су бассейнінің конфигурациясына, жер мен жер қойнауын пайдалану сипатына байланысты болуы керек. Біз сүзгілеу деңгейі мүмкіндік беретін жерде, жер асты суларын жасанды толтыру құрылыстарын салуды ұсынар едім. Біріншіден, бұл жер асты кеңістігін су қоймасы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді, екіншіден, бұл аралық кезеңдегі өзендерді толықтырудың қосымша көзі болып табылады. Мен сондай-ақ қала шегінде атмосфералық суларды әртүрлі құрылымдарда жинауға арналған құрылыстар салуды ұсынамын, содан кейін бұл суларды жасыл желектерді суару үшін қолдануды ұсынған болар едім. Мұндай тәжірибе бірқатар Еуропа елдерінде заңнамалық тәртіпте қолданылады.

Сонымен қатар тарихшы, профессор Момбек Әбдіәкімұлы да өз пікірін білдірді.

Қазақстаннның солтүстік және батыс облыстарын тасқын су алып, жұртты қатты әбігерге түсірген мәселеге байланысты ой-пікірімді айтуды жөн көрдім. Бұл ойым мен пікірімді біреу құптамас, біреу құптар, бірақ негізгі сөз онда емес... Алдымен мына сұраққа жауап іздейік: тасқын су биыл неліктен қатты қарқын алып, кең далаға еркін жайылды? Бұрындары неге мұндай алапат сел неге болмайтын?..Анығында, бұрындары елімізде мұндай сел талай болған. Тіпті бұдан да қауіптісі, бұдан да күштісі болған. Ал мына тасқынға алдымен көбіне адамдардың өзі кінәлі (бұл сөзімді Құдай өзі кешірсін). Өйткені, біріншіден, адамдар су жүретін, сел ағатын сай-салаға үй салған. Тасқын су мен қарғын су ағатын сай-саланы бекітіп, түрлі құрылыстар тұрғызған. Одан қалды, соңғы жылдары барлық ауылдар мен қалалар арасындағы салынған жолдарды (теміржол болса да, қара жол болса да) жерден биіктетіп, көктемгі кезде ары-бері ағып кететін сулардың жолын жапқан. Бұрынғы өзендер мен жыралардың арналарын әр түрлі мақсатта тарылтып тастаған, -дейді Момбек Әбдіәкімұлы.

Оның айтуынша, Совет үкіметі кезінде сел қаупіне байланысты су жағаларына ауыл, кент, тұрғын жайлар салдырмаушы еді. Бұл үрдіс соңғы жылдары мүлдем ұмытылған. Кейінгі кезеңдерде табиғаттың өзгеріске ұшырауы себепті барлық жерде өзен-сулар тартылып кеткен-тұғын. Міне, сол суы тартылып, түбі кепкен жерлерге қаншама құрылыстар салынды. Ал бұрын су жүрген жерге қай уақытта болса да, түбі қайта су жүретінін бүгінгілер ұмытқан.

Жарайды, менікі болымсыз пікір, жөнсіз долбар шығар. Өйткені тап қазір сел алып жатқан өлкелердің жер бедері мен ойлағандай емес те шығар. Алайда енді өзім көріп жүрген Шымкент маңын айтайын. Әлбетте, Шымкентті су алған жоқ. Құдай оның бетін аулақ қылсын. Бірақ Құдай сақтағанды сақтайды. Шымкентте бұрын Жаңаішек деген өзен болған. Бұрын деп отырғаным, ол өзенде қазір су жоқ. Алайда онда 2000 жылдардың басына дейін су болған. Жаңаішек қаланың шығыс-оңтүстігінен бастау алып, шаһардың қақ ортасын қақ жара, бірнеше көшені басып, ирелеңдеп  ағып өтетін. Оның тағы бір пайдасы - қыс, көктем мезгілдерінде қала ішіндегі  қарғын су мен тасқын су соған құйылып жататын. Ал осы өзеннің бүгінде әр тұстары жабылып, кейбір арналарының үстеріне көпқабатты үйлер салынып кеткен. Бірнеше тұстарын тұрғындар жауып тастаған. Бұл бір. Екінші, қаланың қақ ортасында жан-жақтағы бұлақтардың суынан құралатын үлкен көл бар еді. Ол көл де құрыған қазір. Өйткен тұрғындар барлық жердегі бұлақ көздерін жауып тастағаны себепті, жерасты суы қашып кеткен. Су қашып кеткенімен ол аумақтың барлығы үнемі дымқыл болып жатады. Бір күні  сол онша терең емес жердегі жерасты суы ақыры «мінез» көрсете мен деген қауіп бар, - дейді профессор.

Шымкенттің солтүстік тұсында бір кездері суы өте мол болып аққан екі өзеннің арнасы жатыр. Алайда бүгінде олар қаланың үлкеюіне байланысты шаһардың ортасында қалып кетті.

Бірі - қалалық әкімшіліктің іргесінде жатыр. Бұрынғы кезде ол жер жары биік, сайы терең, дарағы көп ну болған. 1930-1938 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде НКВД жендеттері  жазықсыз жазаға ұшыраған талай адамдарды сол жерге әкеп атқан. Соңғы жылдары құрылысшылар осы арнаның төменгі жағын да, жоғарғы тұсын да тегістеп, талай көпқабатты үйлер салып тастады. Бұрындары жан-жақтан аққан қар және жаңбырдан пайда болған сел осы арна арқылы қала сыртына қарай ағып кететін. Ал шымкенттіктердің бағына қарай қазір қалада қатты сел болмай тұр. Ал бола қалса, жағдай қиындайтыны күмәнсіз. Ондай жағдайда «Қайтпас», «Көкжайлау», «Асар» сияқты шағынаудандардың жағдайы мүшкіл болары хақ. Айтпақшы, жаңағы ескі өзеннің арнасы тура осы шағынаудандырдың арасында жатыр. Бұл арналардың басы сонау тау жақтан келеді. Егер бір күн жаңбыр тоқтамай жауса немесе қар қалың түскен қыс болса... Сонда тау жақтан келген және жол-жолда жиылған жаңбыр мен қардың суы молайып, міндетті түрде осы екі арнаға құйылады. Ал аяғы қалаға қарай лап қояды. Арғы жағын ойлаудың өзі қорқынышты...

Бір бұлар емес, Шымкентте қыс пен көктемде су жүретін арық-атыздардың бәрі тарылып кеткен. Бір сағат  жаңбыр жауғанның өзінде күллі көшені су алып жатады. Асфальт жағасындағы арықтар жол жиегінен биік, оған су түспейді. Бірталай жерге дейін асфальтпен ағады.

Айта берсек, мәселе көп. Тек сол мәселелердің артын күрделендірмеудің амалын алдын ала қарастырсақ, қанеки...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға