Жаңалықтар

Қырғызстанда төтенше жағдай: Бішкек тұрғындары жылу және ыстық сусыз қалды

Қырғызстанда төтенше жағдай: Бішкек тұрғындары жылу және ыстық сусыз қалды
Фото: Бішкек қаласы әкімдігі 02.02.2024 10:47 1192

Қырғызстанда жылу электр орталығында апат болып, қазандықтардың бірі жарылды. Қазір ел астанасы Бішкек тұрғындары ыстық сусыз және жылусыз отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматыға жұмыс сапарымен келген Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров шұғыл түрде елге қайтты.

Қазандықтың жарылғанынан 5  адам зардап шекті, екеуі ауыр халде, бір адам уланған. Бішкектегі үйлерде ыстық су жоқ, радиаторлардың температурасы да айтарлықтай төмендеді. Кейбірінде жарық жоқ.

Жылу электр орталығында төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша жедел жұмыстану үшін жедел штаб құрылды. 

Сондай-ақ Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жылу электр орталығына қатысты жағдайды жеке бақылауында ұстайтынын мәлімдеді. Жапаров жағдайдың салдарын қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Оқиға орнында министрлер кабинеті мен құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдері жүр. 

Бішкек әкімдігі хабарлағандай, қаладағы мектептер мен балабақшалар 5 ақпанға дейін онлайн оқытуға көшті. Денсаулық сақтау министрлігі Бішкекте жоспарлы оталар кейінге қалдырылғанын айтты. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға