Жаңалықтар

Министр көкөніс өнімдеріне тапшылық болатын кезеңді атады

Министр көкөніс өнімдеріне тапшылық болатын кезеңді атады
Фото: ©El.kz/Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ 19.06.2023 10:23 709

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет сағатында маусымаралық кезеңде өніммен қамтамасыз етуде бірқатар мәселе барын тілге тиек етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев соңғы үш жылда көкөніс дақылдарының егіс алаңдары 10,5 мың гектарға ұлғайып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 169,7 мың гектарды құрағанын айтты.

Оның ішінде сәбіз алқабы 10 мың гектар, пияз алаңы 4,5 мың гектар, қияр алаңы 2,1 мың гектарға ұлғайып отыр. Көкөніс дақылдарының орташа өнімділігі де артты. 2019 жылы 260 центнер гектар болса, былтыр 271,4 центнер гектарға көтерілді. Көкөніс дақылдары мен картоп ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр, – деді министр.

Сондай-ақ ол маусымаралық кезеңде өніммен қамтамасыз етуде проблемалар барын тілге тиек етті. Айтуынша, негізгі тапшылық сәуір-мамыр айларында сезіліп отыр. Оның алдын алу үшін бірқатар шара қабылданған.

Жыл сайын ерте пісіп-жетілетін дақылдар алаңы ұлғаюда. Өткен жылмен салыстырғанда ерте пісіп-жетілетін көкөніс егіс алқабы 2,8 мың гектарға артты және әкімдіктердің жедел деректерімен осы жылы 27 мың гектарды құрады. Оның ішінде картоп алаңы 2,5 мың гектарға, қырыққабат 150 гектарға, пияз 100 гектарға ұлғайып отыр, – деді ауыл шаруашылығы министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға