498.34
519.72
4.85

News

Ұстамы биік, ұстазы көп – Әлілер отбасы

Ұстамы биік, ұстазы көп – Әлілер отбасы
27.06.2019 21:47 5764

«El.kz» интернет-жобасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына арналған арнайы жобасын ұсынады. 2013 жылы осындай ұлттық маңызы бар конкурсты өткізу туралы идеясын Елбасы Н.Ә.Назарбаев  ерекше атап өткен болатын. Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін бұл ауқымды республикалық жоба биыл алтыншы рет өткізіліп жатыр. Жоба екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең қалалық немесе облыстық деңгейдегі ең үздік екі отбасы таңдалса, келесі кезең өз өңірінің атынан қатысатын отбасылар республикалық сыннан өтуі тиіс. Осыған байланысты, «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық конкурсының ақтық кезеңі жыл сайынғы дәстүр бойынша Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен бекітілген қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күніне орай астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін болады. Сол кезде Қазақстанның ең үлкен әрі өнегелі отбасын білетін боламыз.

Бүгін, біз жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының 2019 жылғы Жамбыл облысы жеңімпаздарының бірі – Әлілер отбасы жайында сөз қойғаймыз. Әлілер отбасының отағасы Бекқұлы Әлі мен отбасы мүшелері «El.kz» интернет-жобасына отбасылық өнегелі құндылықтар мен дәстүрлері жайлы баяндап берді.   

 

2019 жылы ауқымды бұл жобаға Жамбыл облысы бойынша 177 отбасы қатысқан. Қазақ халық поэзиясының алыбы атанған Жамбыл өңірі жеңімпаздарының бірі, Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны – Әлілер отбасы. Олардың ендігі мақсаты – республикалық сыннан өту.

Отағасы Бекқұлы Әліұлы Әлі – 1944 жылдың 23 ақпанында Жамбыл облысы Луговой ауданы, Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Орта мектепті 1961 жылы бітіріп, 1963 жылдың күзіне дейін Түрксіб ардагер әкесі жанында теміржолда еңбек еткен. 1963-1966 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтейді.

1967-1985 жылдары Жаңатұрмыс орта мектебіде «Алғашқы әскери дайындық» пәні жетекшісі және «Дене шынықтыру» пәні мұғалімі болды. 1975 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Тарих факультетін сырттай оқып бітірген. 1985-1995 жылдар аралығында сол кездегі Каменка орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ал 1995-2009 жылдары Тарих пәнінің мұғалімі болды. 2009 жылы Бекқұлы атамыз зейнетке шығады.

1979 жылы «Парыз-Долг» атты қызылшылдар (красные следопыты) тобын ұйымдастырып Ұлы Отан соғысынан оралмаған ауылдың 182 азаматтарының есімдерін анықтап ескерткішке жазылуына тапсырады. 1981 жылы Брест қорғанысына қатысқан жамбылдық жауынгерлерді іздеп, мәліметтерін зерттейді. Оны сол жылдың тамыз айында қызылшылдармен Москва–Гомель–Минск–Брест сапарында қамал мұражайына тапсырады.                                 

1986 жылы «Парыз» тобы республикалық, Бүкілодақтық өлкетану слеттеріне қатысып, бірінші орынды иеленген. Мектеп қабырғасында республика, Бүкілодақтық Оқу ағарту министрлігі, КСРО Соғыс Ардагерлері ұйымы, КСРО Қарулы Күштері Орталық мұражайының Құрметті грамотасы, дипломдармен және Қазақстан педогогикалық ғылымдары академиясының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Бекқұлы Әліұлы 1987 жылы өлкетанушыларын туристік пойызбен Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияның 11 қаласына өлкетану сапарына апарған. 1989 жылы Жамбыл–Шымкент–Түркістан–Ташкент–Самарқант сапарында болды. Сондай-ақ, ол әкелінген тарихи, архитектуралық ескерткіштері көрнекіліктері мен Құлан, Меркі, Каменка селосы орта мектебінің 100 жылдық тарихи деректері бойынша мектепте Өлкетану мұражайын ашады.

2014 жылы Бекқұлы атамыз «Парыз» қоғамдық бірлестігін құрып, соғыстан оралмаған ұлдары мен жарларын өмір бойы күтіп өткен аналарымыздың аманатын орындау үшін Ұлы Отан соғысы боздақтарын деректеуді бастайды. 2013 жылы осы мақсатты орындау үшін Петербор, Ленинград, Новгород облыстарына зерттеу сапарын жасайды. 2015 жылы «Майдангерлер даңқы жолымен» Волокаламск-Зубцовск-Ржев-Великие Луки-Невель-Смоленск-Орел-Курск сапарында болып, «Тағзым» атты деректі фильм түсіреді.

2016 жылы Брест мұражайының шақыруымен Минск-Бресттегі қамал қорғанысының 75 жылдығы іс-шараларына қатысып, «Қамал қорғаушылар» атты деректі фильм түсіреді. 2018 жылы Сталинград шайқасының 75 жылдығына Мамай қорғанында Қазақстан тарапы орнатқан ескерткіш белгінің ашылуына және қасиетті қазақ топырағы салынған құтыны қою рәсіміне қатысады. Сталинград шайқасында қаза тапқан 1075 жамбылдық жауынгерлердің деректерін тапсырып, «Сталинград шайқасына 75 жыл» атты деректі фильм түсірген.

Бекқұлы атаның іздеу деректеу жұмыстарының қорытындысына тоқталсақ, 1981-2011 жылдар аралығында Брест қорғанысына қатысқан 123 жамбылдық жауынгерлердің есімі мен қилы тағдырлары туралы деректер 2015 жылы жарыққа шыққан «1941. Бресткая крепость. Казахстан» атты кітапқа енгізілген. 123 жауынгердің алтауы «Қамал қорғаушысы» болып танылған.

Сонымен қатар, зерттеуші атамыз 2014-2018 жылдары Ресей Федерациясының 13 облысындағы майданда қаза тапқан жамбылдық 740 жауынгер есімдерінің ескерткіштеріне жазылуына септігін тигізген. Барлығы 863 жауынгер деректеліп, ұлықтанды және олардың есімдері мен ерліктері елімізге танымал болуына үлес қосты.

2014 жыл «Ленинград қорғанысындағы Қазақстан» атты Алматы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Жамбыл облысының Ленинградқа берген көмегі атты басяндама жасаған. Сондай-ақ, Курск қаласы ТМД іздеуші (поисковик) IV форумына, 2015 жылы поисковиктердің V Москва форумына қатысқан. 2016 жылы Астана VІІ Азаматтық форумына, 2018 жылы «Туған жер» республикалық өлкетанушылардың ІІ форумына қатысты.

Ұзақ жылдардағы өлкетану, Ұлы Отан соғысы жауынгерлерін деректеу бойынша жұмысындағы жетістіктері үшін: «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Аманат» сыйлығы, «Үздік өлкетанушы» төсбелгілері, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Республикалық ардагерлер ұйымының 30 жылдық» медальдарымен, сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімі, Облыстық «Нұр Отан» партиясы және Облыстық Ардагерлер ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті Азаматы – Бекқұлы Әліұлы Әлінің өмірдерегі мен шығармашылығы Үлкен Халықаралық Энциклопедияның «Даңқ Галериясы» тарауына енгізілген. «Құрмет» және «Даңқ» орденінің иегері.

 

«Келіңдер жұмыла бірігіп...»

Ұлттық тәрбиені ұлықтайтын «Мерейлі Отбасы» байқауына қатысу идеясы жайлы әулеттің отағасы Бекқұлы Әліұлының пікірі мынадай:

«Келіңдер жұмыла бірігіп,

Асарлатып соғайық үй-жайды, ірі ғып.

Тірліктен көрінсін-тірілік

Бірлікпен көрінсін – ірілік».

 

Әулеттің отанасы, «Алтын алқа» иегері Тұрсынкүл Жазықбайқызы Жазықбай – Жамбыл облысы, қазіргі Талас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген. 1965 жылы орта мектепті бітіріп, 1967 жылы Жамбыл медициналық училищесінің Луговойдағы бөліміне оқуға түседі. Осы жылы отбасын құрады. 1970 жылы «Медбике» мамандығы бойынша тәмамдайды. 1970-1985 жылдар аралығында Жаңатұрмыс ауылдық ауруханасында кезекші медбике қызметін атқарған.

1985-1996 жылдар аралығында Каменка ауылындағы Жамбыл облыстық балалар туберкулез санаториясында аға-медбике қызметін атқарған. Отанасы 1974 жылы Кеңес Одағының «Аналық медаль» (Медаль материнство), 1985 жылы ІІ-дәрежелі «Ана даңқы», 2007 жылы «Күміс алқа» және 2011 жылы «Алтын алқа» медальдарымен марапатталған.

Тұрсынкүл апа немерелерін 2 жасқа толғанша қара шаңырақта тәрбиелеп, төрт ұлын ұяға қондырады. Жазғы демалыста Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараздағы немерелерін алғызып бау-бақшаны баптауға, малға қарауға және өзара сыйластыққа тәрбиелейді. 1996 жылы Тұрсынкүл апамыз зейнетке шығады. Сыйлы ана 5 ұл, 3 қыз дүниеге әкелген. Атап айтар болсақ:

Үлкен қызы – Райхан 51 жаста, Атбасарда тұрады. Ол күйеуінің сыйластығы арқасында 18 жылдан кейін қызды болып тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Кәсіпкерлікпен айналысады. Арнайы орта білімді.

Екінші қызы – Раушан 1970 жылғы. Білімі жоғары. Тараз мемлекеттік университетінде  мұғалім. Екі қыз, бір ұл, 2 немересі бар.

Үшінші қызы – Нағима 1971 жылғы. Каменка ауылдық дәрігерлік амбулаторияда балалар фельдшері. 2 қыз, 3 ұлы бар. Екі немере сүйіп отыр.

Үлкен ұлы – Сәбит 1973 жылы дүниеге келген. Жер кадастры маманы. Үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Келіні Нұргүл орта мектепте математика пәнінің мұғалімі, І-ші категориялы маман.

Екінші ұлы – Мұхит 1973 жылғы. Тұрар Рысқұлов аудан әкімдігінде «Ауыл шаруашылық бөлімінде» бас маман. Жұбайы Балжан мектепте бастауыш сынып мұғалім. І-ші категориялы маман. Отбасында бір қыз, екі ұлы бар.

Үшінші ұлы – Жеңіс 1975 жылғы. Тұрар Рысқұлов аудан әкімдігінің аппаратында бас инспектор. Жұбайы балалар бақшасында есепші. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.

Төртінші ұлы – Мәжит 1978 жылғы. Білімі жоғары. Алматыдағы Ресей жанармай мекемесінде бас менеджер. Жұбайы Жазира балалар бақшасында тәрбиеші. 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отыр.

Бесінші ұлы – Мэлс 1984 жылғы. Білімі арнайы орта. Әулетіміздің шаруа қожалығының жетекшісі. Жұбайы Перизат Тұрар Рысқұлов аудандық ішкі істер бөлімігнің полициясының майоры. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Бекқұлы ата, жарыңыздың қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?

– Отанасы Тұрсынкүлдің мінезі өте байсалды. Күйеу балалары мен келіндерімнің үй ішіндегі шыны-аяқ сылдырына төзімділікпен қарайды. Келіндеріне қатал емес. Біраз уақытқа дейін от жағу, мал саууды өзі атқарып тірлігімен үлгі-өнеге көрсетіп, оларды тәрбиелейді. Отбасы арасында сөз тасымайды.

– Тұрсынкүл апа, Әлілер отбасы көбінесе қандай салт-дәстүрлерді (жәдігерлер) ұстанады?

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағида ұстанып дүниеден озған жақындарымызға Құран оқытып, құдайы ас беріп тұрамыз. Сонымен қатар, Наурыз көже беру, құрбандық шалу және ұмыт қалып бара жатқан «Асар» жасау сияқты салтты үзбей атқарып тұрамыз. Жанұя жәдігерлері үлкен атамыздың еңбек құралдары, құжаттары мен суреттерін сақтап, басқосуда әңгімелеп отырамыз. Әжеміздің күбісі, шкафы тағы да басқа ыдыстарын көздің қарашығындай сақтап отырмыз.

 

Бірлік арқылы нәтижеге жету

– Тұрсынкүл апа, отбасының рухани-адамгершілік кұндылықтары неге байланысты деп ойлайсыз?

– Білім арқылы тарихи құндылықтарды оқу, білу, сіңіру. Еңбекте бірлік, ынтымақ арқылы нәтижеге жету.  

«Отбасы мүшелері ұстаз әкемізге қарап – білім жолын, шешемізге қарап – медицинаны, шаруа қожалық үшін ауылшаруашылығы мен экономика мамандығын таңдадық», - дейді қызы Нағима.

 

Үлкен ұлы Сәбит тәрбиеге негіз болған ата-анасының қасиеті жайлы былай дейді:

«Әке-шешеміз үй жұмысында мынау еркектікі, мынау әйелдікі деп бөліп-жармай бірігіп еңбектенуі – бізге үлгі. Үлкен атамыз 86 жасқа, әжеміз 98 жасқа келгенше жағдайларына қарап, қамқорлықтарын аяған еш жоқ. Жалақыларын атамызға беріп, керек уақытта алып тұратын. 90-жылдардағы әлеуметтік қиыншылықта шаруа  қожалығын ашып, бидай, арпа, жүгері, қызылша егіп, түскен өнім қаржысына үй сатып алып беріп, барлығымызды оқытты, үйлендірді. Отбасымыздың ұйытқысы болған әке-шешімізге мәңгілік ризамыз».

«Отбасылық өнегелі құндылықтар мен дәстүрлерді жаңғыртуда, біздер, ұл-қыздары мен келіндері жалғастырып, өз балаларымызды ұлттық құндылықтарға баулып келеміз. Атқарған іс-шараларымызды суретке, видеоға түсіріп слайд, альбом жасап бас қосуларымызда көріп талдаймыз», - дейді екінші  ұлы Мұхит.  

Үшінші ұлы Жеңіс ата-анасының үлгі тұтарлықтай жетістігі туралы мынадай ойымен бөлісті:

«Әкемнің Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтар деректерін мен есімдерін туыстарына тапсырып, мыңға жуық жауынгерлерді ұлықтауы – зор еңбек, ал бізге – үлгі-өнеге. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бойынша бір жылдан бері Кіші жүз (Жанарыстың) немересі Мөңкенің, 10 және 11-ұрпағы Адай, Құдайке, Келінберділердің жерленген орнына қойылған белгі тасты тапты. Сондай-ақ, 13-ұрпақ Мұңыл әулиенің «Әулие бұлағын», «Тас ошағын» тауып басына ескерткіш белгі қоюға бастамашы болып жүр. Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары келіп зерттеу жұмыстарын бастады».

 

«Отбасылық қатынас сыйластықтан басталады...»

Отанасы Тұрсынкүл апамыздың пікірінше, отбасылық қатынастар сыйластық, ауызбіршілік және салт-дәстүрлерді сақтау қағидаттарына сүйенеді.

Бекқұлы ата, балаларыңыздың немесе немерелеріңіздің қандай жетістіктерін айта аласыз?

– Әрине, балаларымның жетістіктері бар, ал немерелерімнің жетістіктері одан да ыстық көрінеді. Мәселен, 2015 жылы немерем Дәуір Сәбитұлы Жеңістің 70 жылдығына «Мен атаммен мақтанамын!» атты шығармасы республикалық сертификатпен марапатталды. Атамыздың іздеу, деректеу жұмысы және өлкетанудың шығармашылығымен айналысу үшін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының Кинотану факультетінің 2 курсында оқып жатыр.

Үміт Сәбитқызы - ҚР интелектуалдық математика конкурсы сертификатының иегері. Республикалық Рухани-патриоттық байқауда бейнелеу өнері бойынша жеңімпаз атанды. Республикалық Дәстүрлі интернет олимпиада сайты Математика пәнінен жеңімпаз болды.

Дариға Мұхитқызы - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ең үздік кітап оқитын мектеп» атты байқауда ІІ орын иеленді.

Мағжан Мұхитұлы - «Әнім сен едің» атты Тұманбай Молдағалиев шығармалары көркемсөз жанрының ІІ орын жүлдегері болды.

Келіні Назгүл отбасы өмірінен қызықты оқиғалары жайлы былай дейді:

«Отбасының қызықты оқиғаларының ең бастысы – асарлатып салынған үйдің қоныс тойына бірігіп үй мүліктерін сыйлау дәстүрі. Жыл сайын маусымда барлығымыз қара шаңырақта жиналып, жетістіктерімізді саралап, алдағы міндеттерімізді жоспарлаймыз. Ата-апамыз ризашылығын білдіріп, барлығымызды табиғатқа демалысқа шығаратын уақытты – жылда асыға күтеміз...»

– Әңгімелеріңізге рахмет. Сіздерге мол табыс, ұзтаздық қызметтеріңізде шығармашылық шабыт тілеймін!


Share:
Telegram Subscribe to our Telegram channel and be the first to know the news!