522.63
548.66
5.07

News

Төлеубаевтар отбасы – өнерлі жандар ордасы

Төлеубаевтар отбасы – өнерлі жандар ордасы
04.06.2019 13:19 4071

Отбасы – шағын мемлекет. Ізгілікті қасиеттерге толы әулиет –  көпке үлгі, жастарға өнеге. Олардың берекеге толы шаңырағын жалпақ жұртқа жеткізу мақсатында 2013 жылы Елбасы Н.Назарбаев жарлығымен «Мерейлі отбасы» байқауы жарияланған болатын. Міне, республика дәрежесінде өтетін сынның биыл алтыншы рет шымылдығы түрілді.

El.kz порталы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына орай, арнайы жоба ұйымдастырып отыр. Біз өз қаласында үздік деп танылып, республикалық сынға жолдама алған отбасылар туралы әңгімелейтін боламыз. Сондай отбасылардың бірі, Павлодар облысының жеңімпаздары – Төлеубаевтар отбасы.

Төлеубаевтар отбасы шаңырақтарын 1986 жылы  Тереңкөл ауданы Байқоныс ауылында  құрған. 1994 жылдан бері Екібастұз қаласында тұрып келеді. Отбасында бір қыз, екі ұл өмірге келді. Отағасы Серік Айтқұлұлы  Төлеубаев 1994 жылдан бүгінгі күнге дейін «Богатырь Көмір» ЖШС жол жөндеуші болып қызмет жасайды. Ширек ғасыр бір орында қызмет етіп келе жатқан отағасы өз ұжымында аса беделді. Көп жылдан бергі еңбегі еленіп, компания тарапынан 3 дәрежелі еңбек даңқы орденімен марапатталған.

Ал жары Нұрсұлу Еркебайқызы Төлеубаева жоғары білімді, Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Атамұра» мәдениет орталығында 20 жылдан бері талмай қызмет жасап келеді. Ол Екібастұз қаласы әкімінің жанындағы мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының белсенді мүшесі. 2018 жылдан қала әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің, Екібастұздағы іскер әйелдер ассоциациясының  мүшесі.

1986 жылдың 1 қаңтарында үйленген едік. Міне, сол күн біз үшін бүгінге дейін күнтізбеміздегі негізгі мейрамның біріне айналған. Жыл сайын дәстүрлі түрде туған-туыстармен, балалармен тойлап келеміз, дейді Серік Айтқұлұлы.

Нұрсұлу Еркебайқызының кішіпейілділігі, мейірбандығы, жан-жақтылығы отағасының жанын елжіретіп, жүрегін бірден баурап алыпты. Жігіттің аппақ көңілі мен адал ниеті қыздың есін алып, қорықпай етегінен ұстауға сенім берген. Осылайша, ақ сезім себеп болған шаңырақтың іші қуанышқа толып, міне бүгін көпшілікке үлгі боларлықтай отбасыға айналып отыр.

– Бауырмалдылық, татулық пен бір-біріңе деген сый-құрмет қана отбасының іргесін берік етіп, табыстарға жетелейді, – дейді Нұрсұлу Еркебайқызы.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Бүгінде Төлеубаевтардың ұл-қыздары да, жеке шаңырақ көтеріп, бақытты отбасыға айналып отыр. Айтпақшы, бұл «шағын мемлекеттің» барлық мүшесі өнерден кенде емес екен.

Бала кезімнен домбыра, гитара тартып келемін. Музыка – менің жан дүниемнің сарайын ашып, жаныма жылулық береді, – дейді отағасы.

– Мен де кішкене күнімнен музыкалық аспаптарға құмартып өстім. Оның үстіне біздің үйде үлкендерден қалған бірнеше аспаптар болды. Нағашыларым да өнерлі жандар. Қанмен келген қасиет болар, ән естісем делебем қозып, ілесіп орындап кетемін. Менің негізгі мамандығым педагог болатын. Өнерге деген шын ықыласым білім ордасындағы жұмысымды тастауға итермелеп, мәдениет орталығына жетеледі.  

Жас жұбайлар үйленген алғашқы жылдары гитарасын ұстап, сауық-сайрандарға жиі шығатын болған. Ол кезде сондай еркіндіктің самалы есіп тұрған шақ болса керек.

 – Сол жылдары Марат Омаровтың «Сыңарым» әні шығып, көпшіліктің жүрегіне жол тартқан еді. Бізге де қатты ұнағаны соншалық ести сала, сөзін жаттап алдық та, репертуарымызға енгізіп қойдық. «Сыңарымды» бүгінге дейін той-жиында айтып келеміз, дейді Нұрсұлу апай.

Дархан мен Дәурен Серікұлдарының музыкаға деген махаббаттары ерекше. Үйдің үлкен ұлы Дархан «Богатырь Көмір» ЖШС-да жұмыс жасаса да, Екібастұз қаласындағы әрбір ән-вокалды кештерге ат салысады. Компания ұйымдастырған «Өз жұлдызыңды жақ» конкурсында бас жүлдені жеңіп алса, қалаішілік «Алтын дауыс» фестивалінде көрерменнің көзайымына айналып, арнайы жүлдеге қол жеткізіпті.

Екінші ұлым Дәурен Павлодар қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық колледжді тәмамдап, білімін тереңдету мақсатында Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияға түсіп, оны да сәтті аяқтап шықты, – дейді Серік Айтқұлұлы.

Бүгінде Дәурен ҚР Қорғаныс министрлігі ансамблінің концертмейстрі. Нұрсұлу Еркебайқызы Дәуреннің өнердегі тұсауын кескен байқау осыдан он жыл бұрын болғанын айтады. Сол республикалық жас хормейстрлер конкурсында Дәуреннің бағы жанып, жүлделі 1 орынды жеңіп алады. Араға жыл салып, «Ең үздік фортепиано орындаушысы» байқауында үздік атанып, 2012 жылы Австрия астанасы Венадағы ХІХ халықаралық хорлар ұжымы арасында өткен сында 2-орыннан көрінген еді. Ал 2017 жылы «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне 25 жыл» медальдарімен марапатталды. Дәурен осы уақытқа дейін Қытай, Оңт.Корея, Ресей, Ливан, Беларусь, Австрия секілді ондаған мемлекетте өз өнерін паш етіп келеді.

– Қызым Қымбат С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін ақпараттық технология және филология мамандықтары бойынша тәмамдаған. Ол да өнерден құр алақан емес. Оның қызы, яғни немерем біздің «Атамұра» мәдениет орталығы жанынан құрылған «Жұлдыз» вокалды топтың белді мүшесі. Сол топтың құрамында облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жүр. Ұлымның Бегім сұлу атты қызы «Нәзік» үлгілі хореографиялық би ансамбілінің қатарында өнер көрсетеді. Бұл ансамблі облысқа белгілі, көптеген ірі конкурстарда жеңіске жетіп жүрген атақты ұжымдардың бірі, – дейді Нұрсұлу Еркебайқызы.

Төлеубаевтар шаңырағына келін боп түскен Эльмира мен Зарина да қолөнерге бір табан жақын жандар болып шықты.

Келіндерімнің бірі сурет салып, оны әртүрлі биссерлермен әсемдегенді ұнатады. Оның қолынан шыққан туындылар үйіміздің төргі бөлмесінде ілулі тұр. Ал Эльмира болса, түрлі моншақтардан сәндік бұйымдарды жасай біледі, – деді шын мақтанышпен Нұрсұлу апай.

Бұл шаңырақта қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан әр түрлі тағамдары әзірленеді.

 – Осыдан үш жыл бұрын ізденіп, ертеде әзірленген, бүгіндері халық жадынан шығарып, дәмін ұмыта бастаған тағамдарды зерттеп, үйрену мақсатында арнайы аспаздық курсқа қатысқан болатынмын. Содан бері, бүрмеқарын, ұлтабардағы үйрек секілді тамақтарды әзірлеп келемін. Отбасы мүшелері түгел бас қосқанда, туған күн мен түрлі мерекелерде дайындаймыз. Келіп үйренем деушілерге есігім ашық, – дейді отанасы.

Қазақы салтты берік сақтаған шаңырақта шілдехана, тұсаукесер, қыз ұзату секілді дәстүрлі той-думандар өткізіліп тұрады. Осы арқылы кейінгі ұрпағымызға әдет-ғұрыптың асыл жолдарын аманат еткіміз келеді дейді олар.

Павлодар қаласында өткен «Отбасым  ошағым» байқауында жүлделі 1-орыннан көрінген Төлеубаевтар республикалық сында Кереку өңірінің намысын бермейміз деп отыр.

– Осындай ұлттық байқауларға қатысып, кейінгі жас отбасыларға үлгі болсақ дейміз. Әйтпесе, соңғы кездері жараспадық деп, жарты жолдан айырылысып жатқан жастар көбейіп кетті. Мен әр үйлену тойында: «Осындай ақ көйлек пен неке жүзігін бір-ақ рет киіңдер!» деген бір ғана тілек айтамын. Қазақ «үйлену оңай – үй болу қиын» деп бекер айтпаған болар. Алдарынан шыққан кішкене қиындықтарға шыдас бермей, еңселері түсіп, екі жаққа кетуге құмартудың арты қаншама бүлдіршіндерді жартылай жетім етті. Ең бастысы, жастарға махаббат тілеймін. Онсыз әлгі кесе-көлденең шыққан қиыншылықты өткеру мүмкін емес. Есеппен үйленіп, ертеңіңді байлыққа байлап қоюдың ешқандай қажеті жоқ. Бұл бақытты отбасының ошағын жағып отырған жанның жалынды сөзі!

Share:
Telegram Subscribe to our Telegram channel and be the first to know the news!