492.17
522.39
5

News

Спортты жанына  серік еткен – Қарсыбаевтар әулеті

Спортты жанына  серік еткен – Қарсыбаевтар әулеті
23.07.2019 17:36 46908

Өнегелі өмірдің жарқын бастауын әрі ізгілік пен ынтымақтың, бірлік пен берекенің, татулық пен ауызбіршіліктің негізін көпшілікке дәріптеп,  қоғам қызығушылығын тудырған «Мерейлі отбасы» байқауы осымен жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Нәтижесінде елімізде баянды болашақ баспалдағын жанұя бақытынан қалыптастырып, асыл дінімізді ардақтап, дәстүрімізді ұлықтаған отбасылар саны жыл сайын артып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде түркістандық Қарсыбаевтар әулеті жеңімпаз болып танылды. Отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған ұлттық байқауда Қарсыбаевтар әулеті жұрттың ерекше ықыласына бөленді. Олар балаларын еңбекқорлыққа баулуды басты назарда ұстаған.

Бүгінде Түркістан облысында мекен еткен әулеттің отағасы әрі Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Азияның абсолютті чемпионы Арман Қарсыбаев елдегі қол күресі спортының негізін қалаушылардың бірі ретінде көпшілікке танымал. Әулет отағасы Арман Романұлы Қарсыбаев  1977 жылы 7 қарашада бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара қаласында дүниеге келген. 1995 жылы Шардара қаласындағы №1 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебін бітірген соң, М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік коммуникациялар академиясының экономика және менеджмент факультетіне оқуға түскен. Ал 2003 жылы Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейінірек 2012 жылы сырттай «Мирас» университетіне оқуға  түсіп, оны 2014 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.

– Алғаш еңбек жолымды 2001 жылы Шардара аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастадым. 2003-2006 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2006-2018 жылдары Шардара аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметтерін атқардым. Менің ойымша, бастысы талмай іздену мен тынбай еңбектенудің нәтижесінде ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жетістіктерге жетуге болады, - дейді Арман Романұлы. 

Арман Романұлы – армрестлинг спортының шыңын бағындырумен қоса, сан мындаған шәкірт тәрбиелеуді де ұмытқан жоқ. Алғаш 2000 жылы оқуын тәмамдап, туған жеріне оралған  Арман Қарсыбаев шәкірттер тәрбиелеуді қолға алған. Содан спорт залдарын жалға алуға қаржы тапшы болғандықтан өз үйінің мал қорасын тазалап, ретке келтіріп, жан-жақтан пайдаға жарайтын темір-терсекті жинап, қол күресінен топ құрған. Бұған өз ауылындағы балалардың басын құрап, спорттың осы түріне үйретуге білек-сыбана кіріскен. Алайда спортшы жаттығуға қажет кейбір заттарды таба алмай біраз қиналғанын да жасырмайды.

Арада үш жыл өткен соң, Арман Қарсыбаевтың шәкірттерінің бірі Сейфолла Нұрқалықов Германиядағы кәсіпқойлар арасындағы жарысқа шақырту алған. Бірақ бұған баруға қыруар қаржы қажет болыпты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші,  Арман Романұлының 80-ге жуық шәкірті он күндей мақта  теріп,  жолына ақша тауып беріп, спортшыны Германиядағы жарысқа  аттандырған. Бапкерінен бастап достары  үлкен үміт артқан Сейфолла да сол жарыстан жеңіспен оралыпты. Оған қоса, Арман Қарсыбаевтың өзі де 2004 жылы 27 жасында ең ауыр салмақта Азия кубогының жеңімпазы атаныпты.

Өмірін спорт саласына арнаған тәлімгер 25 әлем чемпионын, 29 әлем чемпионатының жүлдегерін, 19 әлем кубогының иегерлерін, 132 Азия чемпиондарын, 77 Азия чемпионатының жүлдегерлерін, 43 Азия кубогының иегерлерін, 235 Қазақстан Республикасының чемпиондарын, 300 Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегерлерін, 151 халықаралық турнир жеңімпазын, 53 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 100 Қазақстан Республикасының спорт шеберін, 550 «Спорт шеберлеріне үміткер», 2 «Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шеберін» дайындап шығарған білікті бапкер әрі абзал азамат.

 – «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» қағидасы әр отбасының басты қағидасына айналуы тиіс деп есептеймін. Сондықтан ұстаз шәкіртінің бойындағы қабілеттерін дамытуда рухани-адамгершілік қасиеттер мен ұлттық құндылықтарды сіңіруде аянбай тер төгуі тиіс, - дейді еліміздің спорт шебері.

 Бүгінде 42 жастағы Арман Қарсыбаев армрестлингтен Қазақстан Республикасының «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», Қазақстан Республикасының чемпионы, Азия чемпионы, Азия кубогының иегері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, үздік спортшысы және Шардара ауданының «Жыл адамы» номинациясының иегері атанған. Ұзақ жылдардағы еткен еңбегі елеусіз қалмай бірнеше марапаттарға ие болған. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай арнайы медаль мен елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Құрмет Грамотасымен» марапатталған.

Қазіргі кезде еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып қызмет етеді. Сонымен қоса, Қарсыбаевтар әулетінің отағасы болашақ жарымен 2002 жылы Шардара қаласында танысып, соңы үлкен махаббатқа ұласып, көп өтпей отау құрған.

Әулеттің отағасы Гүлмира Жұмабекқызы Пірімбетова 1981 жылы 4 қазанда  Қызылорда қаласында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы  Заң колледжінде білім алған. Кейінірек Сырдария университетінде тарих пен география және дене шынықтыру мен  спорт факультеттерін тәмамдаған. Он жеті жылға жуық бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан жолдасы Арман Қарсыбаев екеуі екі ұл мен үш қыз тәрбиелеп отыр. Бүгінгі уақытта отанасы Гүлмира Жұмабекқызы еріне сүйеу, балаларына тірек болып, үйде бала тәрбиесімен айналысады. Олардың үлкен баласы Диар әке жолын қуып, жұдырықтасу спорт түрімен айналысып, үлкен жетістіктерді бағындырып жүр.

 – Тұңғышымыз Диар 2003 жылы 21 қаңтарда дүниеге келген. Биыл 11 сыныпқа көшті. Ұлымыз 2 сыныптан бокспен шұғылданады. Әртүрлі турнирлерде жүлдемен оралып жүр. Жақында Болгарияның Ботевград қаласында өткен жарыстан II орынды иеленіп қайтты. Қазіргі кезде бокстан Қазақстан Республикасының жасөспірімдер құрама командасының мүшесі, «Спорт шеберіне үміткер», халықаралық турнирлердің жеңімпазы, - дейді анасы Гүлмира Жұмабекқызы.

Диардың артынан ерген інісі Данияр 2005 жылы 2 қыркүйекте дүниеге келген. Биыл 9 сыныпқа көшкен ол да спорттан алыс емес. Қазіргі таңда ол  армрестлингтен Қазақстан Республикасының және Азия чемпионы екенін айта кетейік. Диар мен Даниярдың қарындастары  Аяжан мен Аружан  2008 және 2010 жылдары дүниеге келген. Биыл Аяжан 6 сыныпқа, Аружан 3 сыныпқа көшкен. Оған қоса қыздар ағылшын тілі үйірмесіне барып, тіл меңгереді. Болашақта Аяжан аудармашы, Аружан тілші болуды армандайды. Қарсыбаевтар отбасының кенжесі Асыл-Ай 2016 жылы 29 мамырда дүние есігін ашқан.

– Алтын асықтай ұл-қыздарды өмірге әкелген жасы 90-ға келген аяулы анамыз қолымызда тұрады. Қазіргі кезде  зейнеткер, Ұлы отан соғысы ардагерінің жесірі, тыл ардагері. Әрі апамызға «Әлемнің асылы» медалі табыс етілген. Бүгінде біз Түркістан облысы Шардара қаласында тату-тәтті тұрып жатырмыз - дейді отағасы Арман Қарсыбаев.

Он жеті жыл бақытты әрі жұп жазбай ғұмыр кешіп келе жатқан Қарсыбаевтар әулеті «қандай қиыншылық болмасын бәрі өткінші, сондықтан еш нәрсеге мойымай, тек алға ғана ұмтыла беру керек» дегенді ұстанады. Олардың пікірінше, отбасы неғұрлым мықты болған сайын мемлекетіміз де соғұрлым қуатты болмақ. Әрдайым бірлікті бірінші орынға қоятын Қарсыбаевтар шаңырақтарында «мен» деген сөзді емес, әрдайым «біз» дегенді қолданады. Осылайша бірлік пен ынтымақтың арқасында өз аулында сыйлы әрі қадірлі әулетке айналған.

Мерейлі отбасы болудың құпиясы жанұя мүшелері арасындағы сенім мен сыйластықта жатыр деген пікірді ұстанады. Әулеттің отағасы мен отанасы перзенттерінің бойына саналы тәлім мен тәрбиені сіңіруді  бір сәт те ұмытқан емес.

– Бала тәрбиесінде бірінші орында тәртіп болу керек деп есептейміз. Осыған қатысты әр отбасының белгілі бір қағидалары бар ғой. Біздіңше, тәрбие ошақ қасынан басталады. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшарда соны ілесің» демекші, бала отбасында нені көрсе, соны бойына сіңіріп өседі. Бала қандай істі бастаса да, аяғына дейін жеткізуі керек. Әрқашан қарапайым әрі кішіпейіл болуға, қиындықтан қорықпауға, өтірік айтпауға баулимыз. Болашақта адал азамат болып шығуына осы қасиеттері ықпал етеді деп ойлаймыз, - дейді отанасы Гүлмира Пірімбетова.

Түркістандық әулет  отбасы үшін ең негізгі құндылықтар халқымыздың салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, яғни үлкенге құрмет, кішіге ізет, бір-бірімен сыйластықта, ауызбіршілікте болу деп есептейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Қарсыбаевтар шаңырағы өмірде болатын кез келген жағдайда бір-бірінің жанынан табылып, демеу болып, қиындықтарды бірлесе еңсереді.

Іргелі әулет шаңырағында  қазақи салт-дәстүрді ұмытпай, оны қайта өскелең ұрпаққа үлгі етіп, қайта жаңғыртып, берік ұстанып келеді. Қарсыбаевтар үйге келген құтты қонақтарға үлкен дастархан жайып, ет асып құшақ жая қарсы алады. Жұма күндері шелпек пісіріп, құран оқытып тұрады. Олар «сопы, діндар болып кетпесек те, шама шарқымызша қазақтың барлық дәстүрін ұстанып тұрамыз» дейді.

– Келінім әр таң сайын сәлем салады. Сырттағы жұмыстарымен қоса, үйдегі шаруаларына және жолдасы мен бала-шағасына уақыт табады. Жалпы барлық жағдайымызды жасап отыр. Бізге бұдан артық не керек? Өте пысық, әрі ақжарқын. Үйге келген қонақтарға үнемі жылы шырай танытып, қазан асып, құрмет көрсетеді. «Отбасының берекесі – имандылықтан басталады» демекші немерелерім де әр таң сайын үлкендердің қолын алып, амандасады. Әр жұма олар  әкелерімен жұма намазға қатысып қайтады, - дейді 90 жастағы Күлсара әжей.

 Әулеттің отағасы мен отанасы Арман Қарсыбаев пен Гүлмира Пірімбетова қазіргі таңда бақытты да, байлықты да өмірінің жалғасы ұрпақтарынан тапқан өнегелі әулет. Қарсыбаевтар әулеті Шардара ауданындағы шаңырақты шаттыққа толтырып, балаларын бақыт бесігінде тербеткен жарасымды жанұя. «Мерейлі отбасы» сайысының тартысты кезеңінен сүрінбей өткен шардаралықтар Түркістан өңірінің намысын енді қыркүйек айында өтетін ақтық жарыста қорғайтын болады.

(Суреттер  Қарсыбаевтар отбасының жеке мұрағатынан алынды) 


Share:
Telegram Subscribe to our Telegram channel and be the first to know the news!