Жаңалықтар

Бишімбаев ісі: Судья Айжан Құлбаеваны әлдебіреулер қорқытқан

Бишімбаев ісі: Судья Айжан Құлбаеваны әлдебіреулер қорқытқан
Фото: Видеодан кадр 19.04.2024 13:43 5300

Жоғарғы Сот Бишімбаев пен Байжановтың ісі бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласының Полиция департаменті судья Айжан Құлбаеваға қатысты қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Судьяның ұялы телефонына белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқыту хабарламалары түскен, - делінген ақпаратта.

Қылмыстық кодекстің 407-бабының 1-бөлігі (Сот төрелiгiн жүзеге асыруға кедергi жасау мақсатында соттың қызметiне араласу) бойынша сотқа дейінгі Іс жүргізу басталды.

Судья, жеке қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, интернет кеңістігінде жүргізілген мониторинг барысында судьяға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеттері бар көптеген жағымсыз жарияланымдар анықталды, - делінген Жоғарғы сот ақпаратында.

Тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша тергеу органы Қылмыстық кодекстің 411-бабының 1-бөлігі (Судьяға жала жабу) бойынша қылмыстық іс қозғады. Заң кез келген адамға сот төрелігін жүзеге асыру процесіне, оның ішінде судьяның атына жала жабу немесе қорқыту сипатындағы материалдарды жариялау жолымен, ықпал етуге тыйым салатынын ескертеміз.

Сот билігінің беделін түсіретін әрекеттердің жолы кесілетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға