Жаңалықтар

Бес облыста су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда

Бес облыста су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда
Фото: ortcom.kz 28.04.2024 12:19 642

Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Асқар Шәріп мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жайық өзеніне судың келуіне байланысты Атырау облысы айрықша бақылауда, мониторинг жалғасуда.

Атырау қаласында Жайық өзені бойында бөгеттерді нығайту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Дронның көмегімен су тасқыны жағдайына мониторинг жүзеге асырылуда. Атырау облысына берілген күштер мен құралдар су тасқынына қарсы жұмыстарды жалғастыруда. Бұған дейін броньнан шығарылған жылжымалы сорғы станциялары су басқан аумақтардан су сору жұмыстарына жұмылдырылды.

Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 6 379 тұрғын үй мен 2 794 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. Республика бойынша 37 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралды. 6 мыңнан астам адам эвакуациялау пункттерінде орналасқан, - деді министрлік өкілі.

Спикердің айтуынша, авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 21 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам түрлі техника, 615 су сору және жүзу құралы, 8 әуе кемесі жұмылдырылды. Су тасқыны басталғалы бері 12 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды. 6,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға