Жаңалықтар

Астанада кезекте тұрған тұрғындар Республика күні қарсаңында баспаналы болды

Астанада кезекте тұрған тұрғындар Республика күні қарсаңында баспаналы болды
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 20.10.2023 11:38 1031

Астанада кезекте тұрған тұрғындар Республика күні қарсаңында сатып алу құқығынсыз әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй алды. Қоныстанушылар қуанышты жағдайымен қуана ой бөлісті. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаңа пәтерлер қала тұрғындарына кезекке тұрған күні бойынша іріктеу жүргізілгеннен кейін үлестірілді.

Астаналық Айнұр Санкибаева баспанасын 15 жыл бойы күтіпті.

Баспанамызды 15 жыл күттік. Бүгін 80 шаршы метрге жуық үш бөлмелі пәтер алып отырмыз. Үйіміз өте кең, жарық, жайлы. Осындай көмек көрсеткені үшін алғысым шексіз. Қазақстандықтарды келе жатқан Республика күнімен құттықтаймын! Баспаналы болуды армандап жүргендерге үйлі болуды тілеймін! Елімізге мәңгі бейбітшілік пен тыныштық тілеймін! - деді ол.

Көпбалалы ана Вероника Горелова да жаңа жалдамалы пәтердің иесі болды.

Бағдарлама бойынша толық емес отбасы ретінде пәтер алдым. Менің төрт балам бар, әрине, қатты қуанып отырмыз, үйлі болатынымызды естігенде бастапқыда есеңгіреп, өзіме өзім сенбей қалдым. Әр жерден пәтер, тіпті жағдайымыздың қиындығынан саяжай жалдап жүрдік. Өз пәтерімізді алғанша біраз қиындық көрдік. Пәтеріміз өте жақсы, кең. Бақыттымыз. Балаларым да қуанып жүр, бөлмелерін өзара бөліп алыпты. Осы сәтті пайдалана отырып, қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтағым келеді, ең бастысы, баршаңызға зор денсаулық тілеймін! – деді елорда тұрғыны.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй әрбір бес жыл сайын мерзімін ұзарту мүмкіндігімен халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі.

Бүгінгі күні кезекте тұрғандар үшін бірнеше мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары қолжетімді: халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй, Отбасы банкі арқылы 2-10-20 (Бақытты отбасы), 5-10-20 (Шаңырақ) және 7-20-20 (Жасыл ипотека) жеңілдікті кредиттік бағдарламалар.

Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына 1,5 миллион теңге мөлшерінде бастапқы жарнаны төлеу үшін өтеусіз тұрғын үй сертификаты да қолжетімді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға