Астанада ерікті жастар қариялардың үй ауласын қардан тазалап берді
Елордалық еріктілер зейнеткерлердің үй ауласының қарын күреп, қолғабыс етті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Астанада толассыз қар жауғаннан кейін еріктілер жер үйлерде тұратын қарт кісілердің ауласының қарын күреп, көмек берді. Жастар «Игі істер марафоны» дәстүрлі акциясын өткізіп жатыр.
Қарт адамдар үшін ауланың қарын күреу оңай жұмыс емес. Осындай қолғабыста шет қалмайтын және үлкен кісілерге көмекке ұмтылатын өскелең ұрпаққа алғысымыз шексіз. Олардың арқасында ауламда емін-еркін жүре аламын, - деді тұрғын.
Оқи отырыңыз:
- Қарағандыда қар құрсауында қалғандарды құтқаруға көмектескен автоеріктілер марапатталды
- Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды халықаралық еріктілер жылы деп жариялады
Естеріңізге сала кетейік, елордада «Игі істер марафоны» өтіп жатыр. Акцияның басты мақсаты –халықтың әлеуметтік осал санаттарына, қарт адамдарға, мұқтаж зейнеткерлерге барынша көмек көрсету. Еріктілер елорданың барлық 5 ауданын қамтуды жоспарлап отыр. Жыл басынан бері қала бойынша 30-ға жуық жеке сектор ауласы қардан тазартылды.
Еріктілер қыстың күні қар тазалауға көмектесумен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасыларға азық-түлік себеттерін таратуды дәстүрге айналдырған. Қарт кісілерге отын кесуге көмектеседі және коммуналдық қызмет мамандарына ыстық шай береді.