2024 жылға болжам: Ұлу жылы қандай болады
Ұлу суда тіршілік ететін болғандықтан, бұл жылы құрғақшылық болмайды. Жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өткен. Қазақ халқы ұлу жылы астық, шөп мол болады деп болжаған. Дегенмен ұлу жылы ауыр соққан кездер де аз емес.
Мәселен, Бейімбет Майлиннің «Ұлу жылы» деп аталатын өлеңіне қарасақ, жұт болғанын байқаймыз.
Ұлу келіп көтерді елдің обалын,
Мал жұтатып, сынын алды қораның.
Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты,
Атышулы былтырғы өткен «қояның».
Өткен ғасырда Ұлу жылында қазақ халқының басынан екі ауыр тарихи оқиғалар өтті. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс, Қазақстандағы байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін Сібірге жер аударған 1928 жылғы голощекиндік жылымығы.
Ұлу жылы туған ұлы тұлғалар
Әр жылдың өз мінезі болады деп сенген қазақ халқы осы жылы туғандарды жыл иесіне ұқсатып жатады. Ұлу жылы туғандар бейбіт өмірді сүйетін, жайлы, тыныштықты жаны қалайтын, ақылды да зерек адамдар болады.
Бұл тізімді шығыстың шайқы шайыры Омар Хайям (1048жылы) бастаса, Максим Горький (1868 жылы), Америка президенті Авраам Линкольн (1810 жылы), Эрнесто Че Гевара (1928 жылы), көрші Владимир Путин (1952 жылы), Франсуа Миттеран (1916 жылы), Эдуард Шеварднадзелерді (1928 жылы) атауға болады.
Ұлу жылы туған саясаткерлер арасында Нұрсұлтан Назарбаев (1940 жылы) бар. Елімізді қоғамның әртүрлі саласын дамытып жүрген тау тұлғалар да бар. Мақсұт Нәрікбаев, Өмірзақ Шөкеев, Бақытжан Ертаев, Ескендір Хасанғалиев, Мұхтар Мағауин, Мұхтархан Ділдәбеков, Илья Ильин Ұлу жылы туғандар қатарын толықтырады.
Ұлу жылы: нумерологтар не дейді?
Қытай жұлдызнамасына сүйенген астрологтар мен нумерологтар келер жылды Айдаһар жылы деп жатыр. Қазақ жыл санауында Ұлу жылы. Ұлу жылы жайлы жыл саналады. Бірақ бұл жай ғана Ұлу жылы емес, кібісе жылы. Кібісе – ақпан айы 29-ына аяқталатын, төрт жылда бір келетін жыл.
Нумеролог Радмила Ескендірова кібісе жылдың өзіне тән қиындығының бар екенін айтады.
«Кібісе жылы әуелден қиындау келеді. Әр адамның өмірінде де, ел өмірінде де елеулі оқиғалар болып жатады. Мысалы 2020 жылы коронавирус келді. Өз тәжірибемнен байқағаным, кібісе жылында туған адамдардың тағдырында да ерекшелік бар екен. Бірі аса табысты болса, енді бірі тағдырлы...
2024-тің қорытынды саны сегіз. 2 + 2 + 0 + 4 = 8. 8 – күрделі сан, шексіздік, масштаб, сәттілік, қарыз бен парыз, карманың саны. Бір жағынан сәттілік, табыс әкелсе, бір жағынан сынайды, ауқымды істер орын алады. Бірақ адамның бәріне бірдей әсер етпейді. Әр адамның тоғыз жылдық циклдағы жеке нумеро-прогнозын және жұлдыздарын, яғни астро-прогнозын қарау керек. Дұрыс қимылдай алса, өрлеу кезеңіндегі адамдарға бұл жыл қатты қорқынышты емес. Дегенмен кібісе жылында кімге болсын сергек болу керек», - деді ол.
Нумерологтың сөзінше, тағдыр саны 8 адамдар және нумеро-прогноз бойынша кімде келесі жылы сегіздік жылы болса, сол адамдар үшін ерекше болады. Әсіресе мүшелге кіретіндер абайлауы қажет. Кімнің мүшелі десеңіздер, ұлу жылы туғандардың мүшелі: 1964, 1976, 1988, 2000, 2012, 2024.