Жаңалықтар

«Зымыран-2023» РКШМ шеңберінде практикалық іс-қимылдар пысықталды

«Зымыран-2023» РКШМ шеңберінде практикалық іс-қимылдар пысықталды
Фото: gov.kz 05.11.2023 02:31 874

«Зымыран-2023» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде жоғары уытты зымыран отынын пайдаланатын «Протон-М» типті зымыран тасығыштың апат салдарын жою бойынша іс жүзінде бірінші кезектегі іс-шаралар пысықталды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес сағат 10.00-де ұшудың 20 секундында зымыран тасығышты ұшырған кезде апаттық жағдай орын алды. Ол кенеттен ұшу бағытын өзгертті де, ауада жарылды. Көптеген фрагменттер Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Диірментөбе елді мекенінің маңында, сондай-ақ ауыл аумағында орналасқан тұрғын үйлерге құлады. Апат орнында елді мекенге өту қаупі бар дала өрті пайда болды. Зымыран тасығыштың фрагменттері құлаған кезде өте улы зымыран отынының құрамдас бөліктері ішінара төгілді.

Зымыран тасығышының фрагменттері құлаған жерге Қызылорда облысы ТЖ департаменті мен Ресей ТЖМ №70 ФӨҚ арнайы басқармасының күштер мен құралдары келіп жетті. Өрт сөндіру, зымыран отынының құрамдас бөліктерінің буын тұндыру, апатты жоюға тартылған техника мен жеке құрамды газсыздандыру пунктін өрістету бойынша бірлескен іс-қимылдар жүргізілді. Өрт сөндіру пойызы өрт сөндіру техникасы үшін өрт сөндіргіш заттардың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуді ұйымдастырды.

Оқу-жаттығу барысында халықты елді мекеннен эвакуациялау, ауыл шаруашылығы жануарларын диспансерлеу және гептилді детоксикациялау пысықтау бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды.

Бейнеконференцбайланыс режимінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың жедел топтарын тыңдау өткізілді. Оқу-жаттығуға барлығы 10 орталық және 11 жергілікті атқарушы органдардың жедел топтары, Қазақстан және Ресей ТЖМ, Роскосмос бөлімшелері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен еріктілер ұйымдары тартылды. 

Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша қойылған барлық мақсаттарға қол жеткізілді. Бірлескен ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралардың нәтижелері мүдделі орталық, жергілікті атқарушы органдар мен Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігі арасындағы тығыз өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты жетілдіруге оң әсер етті.  

Оқу-жаттығу барысында ҚР ТЖ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешеніне барды.

«Зымыран» оқу-жаттығуы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде зымыран тасығыштардың апаттарына байланысты төтенше жағдайларды жоюға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің дайындық деңгейін арттыру мақсатында 2 жылда 1 рет өткізіледі.

Зымыран тасығыштардың құлауымен байланысты ықтимал апаттарға дайындық ерекше бақылауда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға