Жаңалықтар

Зира Наурызбаева: «Қазіргі уақытта ең маңызды мәселе ол – Таласбектің еңбектерін жарыққа шығару»

Зира Наурызбаевамен сұхбат
04.03.2016 11:01 7707

Белгілі жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұловтың жары Зира Наурызбаевамен жүздесіп, көкейімізде жүрген бірқатар сауалдарға жауап алдық.

Зира Наурызбаева: «Қазіргі уақытта ең маңызды мәселе ол – Таласбектің еңбектерін жарыққа шығару»

– Зира апай, шығармашылығыңыз қалай өрбіп жатыр? «Вечное небо казахов», «Приключение Бату и его друзьей» деген кітаптарыңыздың жарық көргенін білеміз. Қандай жаңалықтарыңыз бар?  

«Вечное небо казахов» деген кітабым мамандардың айтуынша сәтті шыққан сияқты. Қазақта болмаған нәрсе: ғылыми кітап не бары 3 айда сатылып кетті, жұрт жаңа басылымды сұрап жүр. Алайда, өзімнің ойымша редакциялау керек. Шынымды айтсам ол кітаптың бар екенін ұмытыппын. Мен үшін ол казір актуалды емес. Қазіргі уақытта ең маңызды нәрсе ол – Таласбектің еңбектерін жарыққа шығару.

Зира Наурызбаева: «Қазіргі уақытта ең маңызды мәселе ол – Таласбектің еңбектерін жарыққа шығару»

– Соңғы еңбегіңіздің жалғасы бар деген едіңіз, кішкентай бүлдіршіндер асыға күтіп жүрген болар?

 Бір жылдары мен Дж. К. Роулингтің «Гарри Поттер» романы балалар арасында өте танымал екенін байқадым. Том-томдаған кітаптарын сатып алып оқып, одан қалса фильмдерін үзбей көреді екен. Сол кезде маған ой келді: «Қазақ фольклорында осы секілді кейіпкерлер толып жатыр ғой! Осыларды бір жиып, неге балаларға қызықты әңгіме жазбасқа?» Басты кейіпкерлер – біздің заманның балалары болса, өзі шытырман оқиғалы және балаларды тәрбиелейтін дүние болса... Осы ойдың жетегінде жүріп «Приключение Бату и его друзей» деген кітапты жазып шықтық. Батудың таңғажайып оқиғалары балаларға қатты ұнады. Менің оқырмандарымның ішінде бұл кітапты қырық екі рет оқыған бала бар. Әрине бұл көңіл қуантар жәйіт. Оқиға соңында жалғасы бар екенін жазған болатынмын. Бірақ, жоғарыда айтып өткендей, бүгінгі таңда өз уақытымды жарым – Таласбектің еңбектеріне арнап отырмын. Күнкөрісті ойлап, қаламақы төленетін нәрселерді жазуға тура келеді. Мүмкін алдағы бір-екі жылда жалғасы шығып қалар...

Зира Наурызбаева: «Қазіргі уақытта ең маңызды мәселе ол – Таласбектің еңбектерін жарыққа шығару»

– Мысыр пирамидалары жайлы мақаласын Таласбек ағам қай уақытта жазған еді?  Осыған ұқсас жазушының жарық көрмеген еңбектері бар ма?

 Таласбектің досы бар еді. Ағаңның айтуынша нағыз тума талант, энциклопедиялық білімі болатын. Қоғамға бейімделе алмады, жазғандарын жарыққа шығара алмай, өмірде талай сүрініп, талай адам аяғынан шалып, ақыры ішкілікке салынып кеткен екен...

Түркияға демалуға барған кезіміз еді. Таласбек тапа-тал түсте  қағаз-қаламын қолына ала салып, қонақүйдің бардағы орындықтарының біріне отыра кетті. Сыртынан қарасаң тура Хэмингуэйге ұқсайды. Мұндайды көрмеген қонақүйдегі адамдар ағаңа қызыға қарайды. Мен тіпті бұл сәтті суретке түсіріп алған болатынмын. Өзің сұраған «Мысыр пирамидалары» жайлы мақаласы сол кезде дүниеге келген болатын.  Өкінішке қарай, Таласбек бұдан кейін осыған ұқсас мақала жазбады...

Таласбек ағаның Түркияда "Мысыр пирамидалары" туралы мақаласын жазып бастаған сәті

Таласбек аға сіздің шығармашылық жолға түсуңізге қаншалықты септігін тигізді?

 Осыған байланысты бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Ол кезде Таласбек «Заман Қазақстан» газетінде редактор болып қызмет атқарып жүрген болатын. Жалғыз өзі орысша бір айқарма бетті толтыруы керек болғандықтан, менің мақалаларымды жариялап отыратын. Шай ішіп отырып бір нәрсе айтып қалсам: «О, мынау ойың маған ұнады. Түске дейін жаз, газетке жариялаймын», - дейтін. Ғылыми жинақтарда шыққан мақалаларымды ақтарып, алып кететін. Бір күні Таластың курстасының қырық жылдық мерейтойы болды. Тойға біз де бардық. Қонақтар арасында бір үлкен бастық отыр екен. Таласбекпен амандасып жатып «Заман Қазақстанда» істейтінін естіген ол: «Сіздерде осы Зира Наурызбаева деген журналист бар екен. Мақалалары бізге қатты ұнайды, ол кісінің жазғандарын әрдайым Елбасы оқып отырады», - деп мақтай жөнелді. Мұны естіген Талас: «Е, ол менің әйелім ғой», - деді. Құттықтап, әлгі кісі тағы екі-үш есімді атаған еді, Талас олардың барлығы өзінің әйелі екенін айтты. Әлгі кісі түсінбеген қалпы аң-таң болып қалды. (күліп) Еее... Ол кездері ағаң лақап аттармен менің мақалаларымды жариялай беретінін қайдан білсін ол кісі... Сөйтіп, жазған дүниелерімізді Елбасының оқитынын білдік. Жалпы, менің шығармашылық жолға түсуім Таласбектің арқасы. Мен ол кісінің көмекшісі іспеттес едім...

– Сценарийін Таласбек ағамыз жазған Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі көңіліңізден шықты ма?

 Көңілімнен шыққаны анық. Мамандардың пікірінше Досхан режиссер ретінде өсті. Батыста: «киноның әкесі – сценарист, анасы – режиссер», - деп қалжыңдайды екен. Талас бұл фильмнің сценарийін төрт жыл жазды. Досхан екеуі қысқартатын жерін қысқартып, біраз тер төкті. Біраз адамнан «фильмдегі көркем диалогтар көңілімізден шықты», - деген пікірлер естіп жүрмін. Дегенмен, монтаж барысында «барымта» сияқты сценалар қиылып алынып тасталғаны өкінішті әрине.

Зира Наурызбаева: «Қазіргі уақытта ең маңызды мәселе ол – Таласбектің еңбектерін жарыққа шығару»

– Осы фильмдегі жартылай жалаңаш қыздың сценасы ел арасында қызу талқыға түскен болатын. Бұл көрініске қатысты сіз не ойлайсыз?

 Көркем фильм болғандықтан әр режиссер киноэстетикаға сай жаңа нәрсе көрсеткісі келеді. Бұл қалыпты жағдай.  Бұл сцена орынсыз деп есептемеймін. Оны Таласбек те қолдаған болатын. Мен қазақ мәдениетін зерттеп жүрген маман ретінде бұл сценаның артында терең мағына жатыр дер едім. Бұл қазақ жеріне ислам діні келмей тұрып болған нәрсе. Өздеріңіз білетіндей қаза болған жерде өлім энергиясы «танатос» күшейе түседі. Ал, әйел – өмір символы. Ол дүниеге жаңа ұрпақ әкелуші.  Демек, бұл – өлім энергиясын өмір энергиясына алмастыру. Одан да терең, көне түрік, керек десеңіз, шумер мифологиясына тамырлары кететін философиялық қабаттары бар, кезінде оны талқыладым.

– Әлеуметтік желіде «Таласбектің 9-томдығы, 7 дисктен тұратын СD-альбомы міне дайын жатыр, қаражат жоқ!» деп жазыпсыз...

 Кітап жазу бір мәселе болса, оны басып шығару тағы бір мәселе. Біздің елде демеушілер өте аз ғой. Ағаңның басылымдарға жазғанын шығара алмай, жас кезінде-ақ тауы шағылып, үміті үзілген болатын. Осыдан кейін ол жиырма жыл бойы ешнәрсе жазбай кетті. Мұны байқаған марқұм Зейнолла Серікқалиұлы бір жақтан, мен бір жақтан «Талас, жаз, Талас, жаз»,- деп түрткілеп жаздырттық қой. Жалпы,Таласбектің көзі тірісінде жалғыз ғана кітабы жарық көрді. Ол – «Талтүс» романы. М.Әуезов «Сорос қорын» басқарғанда сол  бәйгеде озып шыққан болатын. Таласбектің кітап шығаруға зауқы болмады. Біреудің табалдырығын тоздыруды ар санады ма екен... Төрт-бес жыл бұрын мен: «алпыс жылдығы келе жатыр», - деп қолға алып едім. Үштомдық еңбекті тергізіп, құрастырып, бірнеше баспаға өткізген едім, болмады. Ағаң қайтқаннан кейін бұл мәселеге шындап кірістім. Оның жазған-сызған дүниелерін реттестіріп жүріп байқағаным – тек мақалаларының өзі мың бетке жетеді екен. Осыдан кейін Алматыдағы кітапханаларға шәкірті Айнаш Садық сұраныс жасап,  газет-журналдарға жарияланған мақалаларын архивтерден көтерді. Бірақ жазған дүниелер толық қамтылды дей алмаймын, әлі де сол кездегі газет-жорналдарды ақтару керек.

Зира Наурызбаева: «Қазіргі уақытта ең маңызды мәселе ол – Таласбектің еңбектерін жарыққа шығару»

Таласбек музыканы жан-тәнімен сезінетін еді. Шығыс, түркі, халықтарының музыкаларын жатқа білетін. Батыс классика, батыс музыка фольклорларын түсініп қана қоймай, әр әуені қайдан алынғаны және қандай мағына беретінін талдап беретін. Ол техникаға дегенге онша жақын емес еді. Күйлерін үнтаспаға түсіріп отыратын. Осындай үнтаспаларының бірінде өзінің нағашы атасынан  алпысыншы жылдары жазып алған, бірақ уақыт өте тоқсаныншы жылдары үні өшкен күйлер болды. Арада жиырма жыл өтті... Ағаларың дүниеден озды... Бір күні жазбаларды ақтарып отырып әлгі үнтаспаны тауып алдым. «Қалай болар екен», - деп үнжазбаға салып көрсем істеп тұр! Дереу шәкірттеріне қоңырау шалып, Санк- Петербургтегі арнайы дыбыс  қалыпқа келтіретін лабораторияға жіберіп жазып алдық.

«Еліміз білімді бағаласа, ғылыммен айналысатын адамдарға жағдай жасаса, сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды болады»

– Таласбек ағамыз 2013 жылғы берген сұхбатында: «Елдің бәрі Мұқағалидың өлеңдерін керемет деп мақтайды, бірақ кереметтігі не себепті екенін түсіндіре алмайды. Арманым –  Мұқағали туралы үлкен еңбек жазу», - деген еді. Арманын іске асыра алды ма?

 Талас өмірінің соңғы кезеңінде Мұқағалиді зерттегені рас. Әсіресе оны қызықтырған – ақынның аудармалары. «Сол уақытта айтуға тыйым салынған дүниелерді ақын аударма арқылы кейіпкерлерінің ауызына салып отырған. Дантенің «Құдіретті комедиясы» оған айқын дәлел», - деп отырушы еді. Таласбек екі апта Алматыдағы кітапханаларда Данте – Габриель Гарсиа Маркес – Мұқағали сабақтастығын пайымдайтын дүниеге дайындалды. Бірақ, өкінішке қарай, Таласбек бұл еңбегін аяқтай алмай кетті...  

Таласбек ағаның жазу үстелі мен домбырасы

– Таласбек ағаның еңбектерін жинастырып, «Отүкен» деген сайт ашқаныңызды білеміз. Сайтқа кірушілер саны қанша?

– Сайтқа кірушілер саны биыл 2 миллионға жетіп қалды. Бұл сайт 6 жыл бұрын ашылған болатын. Таласбек: «мынау неткен ғажап нарсе, біз баяғыда материалдарымызды көтеріп редакцияға барып, одан қалса әр шалдың алдынан бір өтіп қиналсақ, ал мынау интернетіңе салған мақалам лезде әлемге тарады ғой», - деп шаттанып қалатын еді. Расында да әр мақаласын жариялаған сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар хабарласып жататын. «Отүкен» сайтын біз халықтың мәдениетін, музыка және мифологияға деген түсінігін қалыптастыру мақсатында ашқан болатынбыз. Соңғы уақытта онымен айналысуға көп қолым тие бермейді.

– Таласбек Әсемқұловтың қандай арманы бар еді?

– Ағаң өмірінде көп әділетсіздік көрген адам. Тіпті жазған еңбектері ұрланған, өртеніп кеткен кездері де болған. Сондықтан, Талас: «Еліміз білімді бағаласа, ғылыммен айналысатын адамдарға жағдай жасаса, сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды болады», - деп жүретін... Бұл Таласбек Әсемқұловтың ең үлкен армандарының бірі деп ойлаймын.


Сұхбаттасқан Рүстем ӘЛПИ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға