Өзін таппаған ақын оқырманды да таппайды
Талғат Мықи, айтыскер ақын:
Қадыр ағамның шығармашылығымен алғаш рет алтыншы сыныпта таныстым. Бесінші сыныпты бітірген жылы жазғы демалыс уақытында қалалық газетке 3-4 шумақ өлеңім шыққан болатын. Соны мектептегі ұстаздарым көріп қойыпты. Алтыншы сыныпқа көшкен бойда аяқ астынан «ақын» болып шыға келдім. Кез-келген жиында «ақын баламыз» деп мақтап-мақтап, бөркімді қазандай қып газетке шыққан өлеңімді оқытып қояды. Оқи-оқи, әрбірден соң, ол «тақпағымды» бүкіл мектептің оқушылары жаттап алып, өзіме қосылып отыратын жағдайға жетті. Сол кезде барып тығырыққа тіреле бастадым. Ұятым да ұйқысынан ояна бастады. Жұрт алдында бір өлеңді қашанғы қайталай бересің?... Басқа бірдеңе жазу керек болды. Жалпы «өлең» деген нәрсенің атын білсек те, заты қандай болатынын ол кезде қайдан біле қояйын. Қайткенде соны білу керек болды. Ол үшін үлкен ақындарды оқу керектігін құлағыма «қай періштемнің» сыбырлағанын білмеймін, қолыма Қадыр Мырзалиевтің кітабы түсті...
Қадыр Мырза Әлі, ақын:
...Өзін таппаған ақын оқырманды да таппайды. Өзіңді өзің табуың үшін не істеу керек сонда? Қипақтама. Ішкі дүниеңді жайып сал ортаға. Түгел айт, түгел: жақсыңды да, жаманыңды да. Ағыңнан жарыл, оқырман оған күлмейді. И-и-и, бар мәселе сонымен ғана тынар болса, түк емес қой, оны істеу оңай деушілер де табылады. Әйткенмен, ең оңай деген нәрсенің ең қиын нәрсе боп шығатыны бар емес пе, сорлатқанда. Бұдан он-он бес жыл бұрын біздің қаламдас ақын ағаларымыз өздерін өздері табуға емес, өздерін өздері жоғалтып алуға, өздерін өздері бүгіп қалуға тырысқан жоқ па? Жасырғанда несін жасырушы еді адам? Ойын, әрине! Дегенмен, не нәрсенің болмасын шегі бар. Бір шелекке бір шелек қана су сияды. Пенде боп жаратылған соң, әсіресе, ақын боп жаратылған соң, тіліңді қырқып тастай алмайсың. Сонымен, не керек, қысыла-қымтырыла құлаш-құлаш өлеңдер туатыны амалсыз. Көп сөйлейтін, тіптен көп сөйлейтін ақын. Бірақ түк айта алмай тынатын ақыры. Кенезесі кепкен қу даланың көк безер аспанындай түнеріп кеп, түйіліп кеп, бңр тамбастан тұрып қалатын. Бұған талант емес, жеке адамның басына тәңіріндей табынған қасіретті кезең кінәлі. Қазір ғой мұның бәрі келмеске кетті. Ақын мен оқырман бір-біріне күдікпен қарамайды, аңдымайды, бақпайды. Жазушының көңілінде не болса – оқырманның қолындағы кітап та сол. Бұлтақтамай, бүкпесіз сырласу өлеңдерімізді шыншыл, ойшыл ете бастады.
Талғат Мықи, айтыскер ақын:
Қадыр ағаның кітабын бірінші бетінен бастап, рет-ретімен оқып кетпедім. Алғаш ашылған бетіндегі:
Өмір, Өмір деп ылғи құлшынасың,
Өмір үшін белгілі тыншымасың.
Аржағында көшенің аман тұрып,
Бержағында моргтен бір шығасың, - деген шумақпен басталатын өлеңі көзге түсті. Осы шумаққа қадалдым да қалдым, өйткені қатты ұнады. Әрі қарай Қадырдан бас алмадым. Мектеп бітіргенше Қадырмен «ауырып» шықтым. Еліктедім. Алтыншы сыныптағы тақпақтарымды өлеңге айналдыруға тырысушылық пайда болды. Сөйтіп-сөйтіп оқушы кезімде ел жақтағы алдыңғы буын аға-апаларымнын көзіне түсе бастадым. Ақұштап, Шолпан апаларым маңдайымнан сипады. Бұл баладан ақын шығады деді. Мен бірақ сол сөзді Қадыр ағамның аузынан естісем деп армандадым. Көп кешікпей ақынның жетпіс жылдық мерейтойы облыс көлемінде кеңінен тойлана бастады. Ақынның атында мүшайра оздырылды. Кезекті бір шара облыстық өлкетану мұражайында кездесу кеші ретінде өтті. Сол кеште айтыскер ақын Жансая Мусина екеуміз мүшәйрада оқыған өлеңімізді Қадыр ағамыздың өзінің алдында оқыдық. «Екі өлең де бір-бірін қайталамайтын екі бөлек стильде жазылған», - деп жақсы қабылдады. Сонда оқыған балаң жырым:
...Елдің бәрі ақын дейді, ал аға,
Шыныңды айтшы, ақынмын ба, осы мен?! – деп аяқталатын. Ағамыз бетіме тура қарап «ақынсың» деген болатын. Мектептегі төрт жылдық арманым осылай орындалды. Содан бастап біреулер «өй, бұл – біздің ақын бала ғой» дегенде қысылыңқырап, іштей қипақтамайтын болдым.
Қадыр Мырза Әлі, ақын:
Әдебиетке, Қожанасыр айтқандай, жаңбырдың ара-арасымен келіп қалатындар да жетіп жатыр. Олардың не көктен түскенін, не жерден шыққанын абайлау қиын. Ақылды ойлағанша, ақымақ ұрып та үлгереді демекші, таланттар ар жақ, бер жағын әбден барлап, өмір материалын елеп-екшеп алғанша, кәсіпкерлер бүгінгі күн тақырыбында талай дүние жазып та бітеді. Басқаны былай қойғанда соңғы кездерде өлең-очерк, тіпті, роман-очерк дейтін жанрлар да жарық көре бастады. Бұл салада драматургтерге қарағанда ақын, прозаиктер әлдеқайда озып кеткен сияқты: ал, драма-очерк әлі күнге туа қойған жоқ. Кім біліпті, тірі жүрсек, оны да көретін шығармыз. Әділін айту керек, осының көбі бүгінгі күн тақырыбын, уақытқа үн қосу деген ұранды саудаға салудан туып отыр.
Талғат Мықи, айтыскер ақын:
Қадыр ағамыз қазақтың бүтін болмысын, психологиясын өлеңге айналдырып кеткен ұлттық тұлға. Сондықтан, Қадыр ағамызды жалғыз Жайық жұртшылығы емес, қазақ жерінің түкпір-түкпіріне дейін тойлауы керек. Біздің елде жыл басында облыстың барлық кітапханаларында «Қадырды оқимыз» атты акция өтті. Көрме де ұйымдастырылды. Жақын арада облыстық деңгейде 17-30 жас аралығындағы жастарға арналған «Қадыр оқулары» өтпек. Бұйырса, өз елінде ақын құрметіне арналған ақындар айтысы да өту керек. Бұл – мен білетіндері, мен білмейтіндері қаншама әлі... Мақтанышпен айта кетерлік ең маңызды жаңалығымыз бар. Ақ Жайықтың ел атқа мінер азаматтары басы-қасында жүріп, Қадыр Мырза Әлі атындағы орталықтың ғимаратын тұрғызып жатыр. Бұл орталық ертеңгі күні өнердің үлкен ордасына айналады деп күтілуде. Былтырғы жылдың соңына қарай ел ағалары тағы бір абыройлы үлкен шаруа атқарды. Ақынның көзіндей болып қалған кітапханасының шашауын шығармай, аса мұқияттылықпен Ақ Жайыққа алып келді. Кітапханасы сол салынып жатқан орталықтың ішінен орын алатын болады.
P.S. Құрметті оқырман, бұл мақала ұрпақтар үндестігі жобасының алғашқы шығарылымы. Егер сіздің көңіліңізден шықса, жоба жалғасын табады. Өз пікіріңізді қалдыруды сұраймыз.