Жаңалықтар

Өзін-өзі емдеу несімен қауіпті?

Дәрігердің көмегіне қаншалықты жиі жүгінесіз?
Өзін-өзі емдеу несімен қауіпті?
23.11.2020 15:17 9122

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы тұмау секілді сырқатпен өз бетінше емделіп, дәрі-дәрмекті өте сауатты таңдап, қолдануға шақырады. Алайда, бұл ұсыныс тек дәрігердің көмегін қажет етпейтін адамдарға ғана қатысты айтылған дүние. Қарама-қарсы жағдайда өзін-өзі емдеу үлкен қатерге әкеліп соғуы бек мүмкін.

Өзін-өзі емдеу несімен қауіпті?

Созылмалы қант диабетінің І типімен науқастанған адамды мысалға алып көрейікші. Біздің кейіпкеріміз қант диабетіне бала күнінде шалдыққан. Өз сырқатын бес саусақтай жақсы біледі. Денсаулығында бір өзгеріс бола қалса не жағдай екенін жақсы біліп тұрады, қандағы қант мөлшерін өз бетінше өлшеуді өте жақсы меңгеріп алған. Дәрі-дәрмегін қанша мөлшерде және қай уақытта ішу керектігін тағы біледі. Осы мәселені ескеріп, бұл кісіге неге өз бетінше ем алып, ешбір дәрігердің көмегіне жүгінбей-ақ өмір сүруіне жағдай жасамасқа? Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының сауатты ем алу деп отырғаны осы болар бәлкім? Өкінішке қарай, өзін-өзі емдейтіндер қатары тек созылмалы аурулардан зардап шегетіндер емес. Көп жағдайда адамдар уақыттың тапшылығына байланысты немесе дәрігерге ақша төлеп, шығындалмас үшін өз бетінше емделгенді жөн көреді. Әрине бұл қадамға көбінесе медицинадағы жарнамалар мен медициналық тақырыпта жарық көрген публикациялар көп ықпалын тигізуі мүмкін. Тура өз сырқатының белгілеріне сай келетін ауру туралы материал оқыған адам өзін-өзі емдеудің түк қиындығы жоқ екен ғой деп ойлауы ғажап емес. Түп мәнінде тек қана дәрігердің ұсынысымен тұтыну керек дәріні кез-келген бұрыштан, сайттардан, телеарналардан көріп, оп-оңай жарнамаға сеніп, препаратты өз бетінше сатып ала беретіндер өте көп. Ең сорақысы, дәрігерге қаралудан гөрі, бірден биологиялық белсенді қоспаларға (БАД) жүгіретін немесе халық емін бәрінен де жоғары қоятын пациенттер көбірек зардап шегетіні белгілі болып отыр. Мұндай қадам барысында тексерілмеген немесе құрамы беймәлім қоспа тұтынудың қаупі аса жоғары болатынын естен шығармаған абзал. Бағына қарай дұрыс қоспа тап болса оң әсер етуі мүмкін, ал енді сорына қарай атағы жер жарса да құрамы дұрыс емес препаратқа кездессе сырқаты одан бетер асқынып, жағдайы күрделенуі әбден мүмкін.

Өзін-өзі емдеу несімен қауіпті?

Осылайша өз бетінше ем іздеп жүріп, сырқат уақыт ұттырып алуы да ғажап емес. Бұл әлемде қанша адам өзін-өзі емдеу арқылы өзіне зиян тигізіп, тіпті өлім құшқаны туралы нақты мәлімет жоқ. Алайда, біз дұрыс емделмеудің кесірінен қайтыс болған бір адамды білеміз. Ол – әйгілі Apple компаниясының негізін қалаған Стив Джобс. 2003 жылы Стив Джобс ұйқы безінің қатерлі ісігі ауруына шалдыққанын білді. Мұндай жаңалық кім-кімді де қуанта қоймасы анық еді. Десе де, дәл осы жағдайда Джобстың жолы болған еді тіпті оған екі мүмкіндік берілген болатын. Біріншіден, ол рактың өте сирек түріне шалдыққан болатын. Яғни, өте баяу дамитын нейроэндокриндік ісік еді. Дәрігерлердің пайымынша, сырқаттың бұл түрін хирургиялық ота арқылы емдеуге толық мүмкіндік болған екен. Екіншіден, Джобс алдыңғы қатарлы, ең тиімді ем түрін қабылдауға толыққанды материалдық жағдайы жететін өте ауқатты адамдардың бірі болды. Алайда, осы екі мүмкіндікті де дұрыс пайдалана алмауының кесірінен өлім құшты деп сол жылдары баспасөз беттерінде көптеген мақалалар жарияланған болатын. Оның достары кейіннен берген сұхбаттарында Стив дәрігерлердің алдында «дәрменсіз құрбан» сезінгісі келмегенін айтыпты. Сол үшін, Стив Джобс емнің альтернативті түрін таңдап, бастапқыда онкологиялық ауыр сырқатын ине қойдыру арқылы химиотерапия қабылдау және шөп дәрілер мен биологиялық белсенді қоспалар ішу арқылы сауығып кетуді көздесе керек.

Өзін-өзі емдеу несімен қауіпті?

Стив Джобс туралы мына бір деректерге назар салайықшы. Джобс дизайнға деген қызығушылықтан тыс, кулинария тақырыбына да қатты қызыққан екен. 1970 жылдары Рид-Колледжде оқып жүргенде Фрэнсис Мур Лаппенің вегетариандық ас түрін насихаттайтын «Кіші планетаға арналған диета» атты кітабымен танысып, еттен мәңгілікке бас тартқан. Осылайша ол бірнеше аптада тек 1-2 ғана тағам тұтынып, ішкі ағзасын тазалаймын деп шешеді. Колледжде білім алып жүрген алғашқы жылдары оның рационында Roman Meal сұлы үлпектері мен финик, миндаль, сәбіз сынды тағамдар ғана болған көрінеді. Студент күнделікті тек сәбіз салаты мен сығылған сәбіз шырынын тұтынады. Кейіннен ол Арнольда Эреттің «Сұйықсыз диетаның емдік жүйесі» атты еңбегімен танысады. Осы кітаптан түйгені бойынша ол наннан, кез-келген дәнді дақыл мен сүттен түбегейлі бас тартқан. Тіпті 2-3 күн бойы нәр татпай тазалануды жөн санаған. Кейде апталап су ішпей, салат жапырақтарын ғана қолдану арқылы күш жинаған екен.

Уақыт өте келе дизайнер Орегондағы All One Farm («Біртұтас ферма») мүшелігіне өтіп, вегетариандық мерекелердің тұрақты мейманына айналады. Олар көбінесе тмин, кориандр, куркума сынды қоспалар қолданатын. Осылайша Джобс біртіндеп алма диетасына өтеді. Тағамдық қызығушылықтарының оған әсер еткені соншалық, 1976 жылы 1 сәуірде заңды түрде тіркеген алғашқы компаниясын тікелей алма диетасымен байланыстырып, Apple деп атаса керек.

Өзін-өзі емдеу несімен қауіпті?

Стив Джобс теріс айналмаған тағамдар қатарына киноа, сельдерей, жаңғақ түрлері мен цикорий жатады. Джобстың қызы Лиза әкесінің бірде сорпа құрамында май бар екенін білгенде бірден түкіріп тастағанын еске алған жазбасы бар.

1991 жылы Стив Джобс веган Лорен Пауэллге үйленеді. Некелесу тойына арналған тортты жұмыртқасыз, сүтсіз тағамдардан әзірлеткен екен. Алайда, мұндай тортты ұнатпаған қонақтар жеуге келемейтін тортқа балапты. Алайда, қалауы бір жерден шыққан жұп органикалық тағамдарға деген махаббатын бірге бөлісіп, өз ұстанымдарынан таймаса керек. Ол уақытта Пауэлл жаңа сығылған шырын сататын Odwalla компаниясында жұмыс істейтін. Кейіннен ол өз бизнесін ашып, Солтүстік Калифорнияның дүкендеріне экологиялық таза тағамдар жеткізумен шұғылданды.

Өзін-өзі емдеу несімен қауіпті?

Жасы ұлғая келе де Джобс ескі әдетінше, Фрэнсис Мур Лаппенің кітабына сүйеніп, тамақтануды жалғастыра берді. Ұдайы ашығуды доғарған жоқ. 2003 жылы бүйрегіне МРТ жасату барысында оған сирек кездесетін ұйқы безінің қатерлі ісігі ауруы диагнозы қойылды. Технокомпанияның басшысы дәрігерлер тарапынан ұсынылған отадан үзілді-кесілді бас тартты. Қайткенмен де, ісікті хирургиялық жолмен алып тастауға толық мүмкіндік бар еді. Өкінішке қарай, альтернативті медицинаны таңдаған Джобс өзін жеміс-жидек пен сәбізден сығылған шырынмен емдеуді жөн көрді. Десе де, арада бес жыл уақыт өткеннен кейін ол отаға келісімін беріп, ісікті алдырып тастады. Отадан кейін Джобстың жары Лорен Пауэлл күйеуінің рационына ұмыт болған ақуызға бай тағамдарды қосты. Бұл өте кеш жасалған қадам екенін күн сайын жағдайы төмендей түскен Джобстың денсаулығы дәлелдеп бергендей. Өте көп мөлшерде салмақ тастап, қатты арықтаған Джобстың тамағынан қатты тағамдар батпайтындай дәрежеге жетеді. Стив Джобс 2011 жылы 5 қазанда көз жұмды. Оның дәрігері Рамзи Амираның сөзінше, әйгілі дизайнер құп көрген альтернативті ем «үмітті ақтамаған ерте өлімге» себепші болды. Стив Джобс 56 жасында осылайша рак дертінен қайтты. Өлер алдында ол бірден дәлелденген медицинаның көмегіне жүгінбегеніне өкінгенін айтқан екен.

Стив Джобстың оқиғасы бір ғана мысал емес, біздің елімізде де өз денсаулығына енжарлық танытып, ауруы асқынып, жанына батқанша жүре беретін адамдар жетерлік. Халық емі мен биологиялық белсенді қоспа ішу арқылы сырқатынан құлан таза айығып кетем деп ойлайтын ата-апаларымыздың ел ішінде көп екенін өзіміз де көріп жүрміз. Тіпті қан қысымы көтерілетін сырқаты бар апаларымыздың дәрігер тағайындамаса да өз бетінше екінші бір адамнан көрген дәріні ішетін үлкен кісілерді де кездесіп жатады.

Өзін-өзі емдеу несімен қауіпті?

Дәрігердің көмегінсіз диагнозды қате қою қаупіне тап болуыңыз әбден мүмкін. Жақында ғана соқырішек диагнозымен отаға жатып шыққан Балым Абайқызы да енжарлықтың кесірінен үлкен қауіпті артқа тастады. Алғаш рет ол 2017 жылы бірінші баласын босанғаннан кейін, перзентханада ішектерінің бүріп ауырғанын дәрігер мамандарға айтады. Алайда, үйден әкелген сорпаны ішкендіктен, ол улануы мүмкін деген болжаммен Балымды жас нәрестесімен бірге бөлек палатаға жатқызады. Көп ұзамай қалыпқа келіп, бәрі ұмыт болады. 2018 жылы қыркүйек айында екінші баласын дүниеге әкелгенде дәл осы жағдай қайта қайталанады. Босанғаннан кейін пациенттің ішектері бүріп ауырып, қатты мазасызданады. Өт немесе бауыр болуы мүмкін деген болжаммен жаңа босанған келнішектің ішкі органдарына узи жасалады. Алайда, өт пен бауырында еш ақау болмағаннан кейін уақытында перзентханадан үйге шығады. Дәл осы жағдай әлсін-әлсін қайталанса да пациент мән бермей жүре береді. Араға екі жыл салып, Балым қайта осы белгілермен орнынан тұра алмай қалады. Жедел жәрдем қызметін шақырып, бірден Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық ауруханаға жеткізіледі. Дәрігерлердің жіті тексерісінен кейін Балымды мазалаған соқырішек болғаны анықталып, жарылуға шақ қалғаны белгілі болады. Бірден ота жасалады. Қауіптің бәрі артта қалып, жақында Балым отбасымен аман-сау қауышты. Бұдан түйеріміз, бәлкім Балым дер кезінде қажет дәрігер маманның қабылдауында болып, өзін не мазалайтынын зерттеуге тырысқанда ертерек емделуіне болар ма еді? Қайткенмен де бәрі сәтімен аяқталып, соқырішегін алдырып тастады.

Өзін-өзі емдеу несімен қауіпті?

Ал, Карина теріс дәрі таңдау арқылы ауруын асқындырып алды. Ол таңертең ұйқыдан оянғанда мұрны бітеліп, басының қатты ауырғанын сезді. Бірден дәріханаға жүгіріп, антибиотиктер алды. Карина суықтап қалғанын сезген де жоқ, керісінше өзіне әсер етпейтін дәрілерді қабылдады. Нәтижесінде ол одан бетер қатты науқастанып, дәрілік заттардан жанама әсер алды. Құсқысы келіп, ішектерінің жұмысы бұзылды.

Нұсқаулықты ескермей дәрі қабылдау. Тимур ағай 20 жыл бойы бас ауруынан зардап шегіп келеді. Алайда, ол ешбір дәрігердің нұсқауынсыз ауруды басатын дәрі ішіп жүре берген. Ауруды басатын дәріні көп ішсе, түптің-түбінде бас сол дәріден ауыратынын Тимур сезген де жоқ. Енді ешқандай дәрігер көмектсес алмайды. Кім кәнілі? Әрине Тимур ағайдың өзі кінәлі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға