Жаңалықтар

Зілғара шешен

Зiлғара Байтоқаұлы Солтүстiк Қазақстан облысының Есiл ауданы жерiнде 1767 жылы туып, 1849 жылы дүниеден өткен.
03.09.2014 10:00 5001

Зiлғара Байтоқаұлы Солтүстiк Қазақстан облысының Есiл ауданы жерiнде 1767 жылы туып, 1849 жылы дүниеден өткен. Өз дәуiрiнде ел басқарған iрi тарихи тұлға. 1824­-1826, 1838-­1841 жылдары Көкшетау дуанының аға сұлтаны қызметiн атқарған. Республикамызға танымал қоғам қайраткерi Мақтай Рамазанұлы Сағдиевтың жетiншi атасы. Төменде Қазақстан Ғылым академиясының 573­ папкасынан алынған Зiлғара шешен айтты деген шешендiк сөздерiн берiп отырмыз.

 Зiлғараның қартайғандағы айтқаны:

 Лақтайын секірген, әттең, он бес,

Бұлақтайын тасыған отыз бес,

Отызда орда бұзған ойран салып,

Ол дәурен енді айналып қайта келмес.

Қырықта қыран құстай қалықтадым,

Елуде алды-артты ойлап тұрақтадым.

Алпыста әрлі-берлі тәуір едім,

Жетпісте жер таянбай тұра алмадым.

Ей, жігіттер, енді сексен деген бір жас бар,

Секіріп атқа міне алмас.

Тоқсан деген бір жас бар,

Толық аяқ ас іше алмас,

Ауыл үйге кіре алмас.

Кәрілік шіркін жат дейді, тұрма дейді,

Қыдырып ауыл үйге барма дейді.

Қыдырып ауыл үйге бара қалсаң,

Түрегеп салып бермес төрге төсек,

Теріс қарап күңкілдер келін-кепшек.

«Осы үйде алары жоқ, берері жоқ,

Осы шал неғып жүр?» деп артынан қылады өсек.

(Папка №573, №3. Жинаған Жақпаев Бозтай. 1946)

 

Зiлғара өзі туралы:

 Өзім бай, өзім батыр Зiлғара едім,

Алмаған адам тілін қиқар едім.

Халқымның қанын жауға сорғызбаған,

Айтқанын ақ сүйектің болғызбаған

Арғында менен өткен кім бар едің?

Базардан алып келген сары қауын,

Өседі сары қауын жауса жауын.

Басыңа кеңес құрар Зiлғараң жоқ,

Тұрмысың адыра қалып Көкшетауым.

Сәлем айт Арғын, Қыпшақ адамына,

Би сөзім болсын сана заманына.

Үй тігіп, асау сойып отырушы еді-ау

Қақ жарып халық аралап барғанымда.

Ауылдың қонған жері қырадан-ай,

Өрнек іс табылады ақылдан-ай,

Халқымның қара мойын серкесі едім

Күнелтер қайда барып серкесіз-ай?

Өзім бай, өзім батыр Зiлғара едім

Және де сөйлер сөзге ділмар едім.

Көшкенде сексен нарды бос айдаған

Арғында менен өткен кім бар едің?

Ат міндім алма мойын дөңгелентіп,

Жиырма бес не тапты менен өтіп?

Жарлының жалғыз қара бұзауындай,

Сексен бес, ұстадың ба мөңіретіп?

Жақсыға зар болсын деп қой бермеген,

Жаманға қор болсын деп ой бермеген.

Сұңқардай бауыры шұбар жиырма бес

Бір ажалдан басқаға бой бермеген.

Мен жүрдім жиырма бесте салып ойын,

Саналы адам білер сөздің жайын.

Сексен бес көк желкеге мінгеннен соң

Халқымның көре алмадым жиын-тойын.

Халқыма бізден сәлем көп айта бар,

Өлімнен кәрілік екен берген хабар.

Мал тапқан аттай желіп жиырма бес

Тапты екен менен де өтіп не мархадар?

Жайлайды Арғын барып Тобылменен,

Домбыра тарттым сырнай-қобызбенен.

Басыма анық тоқсан мінгеннен соң

Жарыстым от басында қоңызбенен.

Жау келсе ел шетіне қамданатын

Сөзіне ит дұшпанның шамданатын.

Сексен бес көк желкеге мінгеннен соң

Берік ұстап керегеден зарланамын.

Көшеді ауылым тура тепсеңменен,

Зiлғара жолдас болды сексенменен.

Басыма анық сексен мінген жылы-ақ

Тоқалдар араз болды бөксемменен.

(Папка №573, №1. Жинаған М. Қуанышалиев. 1938)

 

 Зiлғараның Әлібекке ескертуі:

 Жүрмісің аман-есен, Әлібегім,

Секілді атаң сұңқар, асыл тегің.

Аралап елдің ішін біліп жүрсің,

Көп болар көргеніңнен көрмегенің.

Халыққа әкім болып ел аралап

Біреудің алдың зорлап бермегенін.

Жасым бар 85-те, жылым тауық,

Жатырмын кәрілікпен есім ауып.

Хан болып таққа мініп, ел аралап,

Халқыңды құртып барасың қойдай сауып.

Адамға жаман екен мынау тоқсан,

Балаларға ақыл болмайды менің бопсам.

Сөзімді насихаттап мен сөйлесем,

Келіндер мазақ етеді, қылып сыпсаң.

 

Бұрын да би болып еді дара-дара,

Бұл күнде билер сияқты егеу ара.

Болғанын егеу ара мұнан деп біл,

Қиналмай үстінен жейді пара.

Болғанда таңда машқар Тәңірі алдында

Қор болып өзің қаларсың жүзі қара.

(№573 папканың №5 дәптерін арабшадан аудартқан Мұсатай Ғалым)

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға