Зика вирусы дегеніміз не? Оның қаупі неде?
25 қаңтар күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Латын Америкасының бірнеше елінде кеңінен тараған африкалық Зика вирусы бүкіл Америка құрлығына (Канада мен Чилиді қоспағанда) қауіп төндіріп тұр деген мәлімдеме жасады. Маса арқылы тарайтын Зика вирусы адам өміріне соншалықты қауіп төндіре қоймайды, алайда оны жұқтырған жүкті әйелдердің балалары микроцефалиямен ауыруы мүмкін. Вирус кеңінен зерттелмеген және оны емдеудің тиімді жолы жоқ. Осыған байланысты біз аталмыш вирус туралы әрбір адам білуі тиіс танымдық ақпарат ұсынамыз.
Зика вирусы 1947 жылы анықталды. Алғаш рет ол Уганда еліндегі Зика орманында өмір сүретін макакадан табылған. 2007 жылға дейін Зика вирусы адам ағзасында сирек кездесті: бар болғаны 15 қана жағдай. Дәл осы жылы Микронезия мен Полинезияда аталмыш вирустан туындайтын ауру жаппай тарады. Вирус масалар арқылы тарайды, алайда жыныстық қатынас арқылы адамнан адамға тараған жағдайлар да болған.
Вирус тудыратын Зика безгегіне төтеп беру оңай және ол адамды өлтіре қоймайды. Безгектің белгілері – бөртпе, бас ауруы, температураның жоғарылауы. Безгек вирус қанға түскен соң бірнеше күннен кейін басталып, бір аптаға жуық уақытқа созылады және осы уақыт аралығында ешқандай мардымды қиындық тудырмайды. Зика вирусынан адамның өлуі өте сирек, адам өліміне дәл осы ауру себеп болды деген нақты айғақ жоқ десе де болады. Вирусты жұқтырғандар безгекке дәрігерге көрінбей-ақ төтеп береді, оның үстіне ауруға қарсы екпе де жоқ.
Микроцефалия – бас сүйек пен ми көлемінің өспей қалуымен сипатталатын туа біткен ауру. Әдетте ондай балаларда ақыл-ой кемтарлығы байқалады.
Зика вирусы микроцефалияға әкелуі мүмкін. Зика безгегі байқалған аймақта микроцефалиямен дүниеге келген сәбилер көбірек тіркелген. 2015 жылдың күз мезгілінен бастап Зика безгегі тұтанған Бразилияда микроцефалияның тіркелуі 30 есе өскен. Жүктілік кезінде безгекпен ауыру мен микроцефалий арасында байланыс бар екені ғылыми әдіспен дәлелденбеген; 2015 жылдың қараша айына дейін мұндай байланыстың болуы мүмкін екені мүлдем белгісіз болды, алайда Бразилияның Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген бақылаудан қандай да бір байланыс бар деген тұжырым жасауға болады.
Зика вирусының тағы бір қаупі – Гийен – Барре синдромы. Бұл бұлшықеттің әлсіздігінен көрініс табатын өте сирек аутоимундық ауру. 15 пайыз жағдайда синдром сал ауруына әкеледі. Көп жағдайда толықтай емделіп кетуге болады. Алайда тыныс алудағы қиындықтарға байланысты өлім қаупі бар. Микроцефалийдегідей, мұнда да байланыс ғылыми түрде анықталмаған.
Сальвадор елі Зика вирусына байланысты әйелдерге келесі үш жыл ішінде бала көтермеуге кеңес беруде. Бразилиялық дәрігерлер де осы кеңеске жүгінуде, ал АҚШ билігі жүкті әйелдерге Зика вирусы кеңінен таралған елдерге бармауға шақырып жатыр.
Тек Бразилияның өзінде 2015 жылы Зика безгегімен бір жарым миллион адам ауырып шықты. Нақты санды айту қиын, себебі ауырғандардың бәрі дәрігерге бара бермейді. Вирус Aedes масаларының кей түрлері өмір сүретін кез келген ай аймақта таралуы мүмкін. Яғни бұл – Африканың барлық территориясы, Оңтүстік-Шығыс Азия, Индия, Оңтүстік және Солтүстік Америка (Канада мен Чилиді қоспағанда). Ауруға пандемия, яғни індет статусы берілген.
Мақала meduza.io сайтынан аударылды
Аударған – Дәурен Омаров