Жаңалықтар

Жырақтан жұмақ іздегендер. Сирияға сандалғандарға қалай тоқтау болмақ?

Жырақтан жұмақ іздегендер. Сирияға сандалғандарға қалай тоқтау болмақ?
Фото: ашық дереккөз 30.01.2024 18:00 3320

Еліміздің ұлттық қауіпсіздік комитеті 27 қаңтарда 22 жастағы Түркістан облысының тумасын Сириядан елге қайтарды. Ол 2020 жылы сонда кетіп, қарулы топтардың біріне кірген. Күдікті Стамбұлдан Алматыға айдауылмен депортацияланды. Өкінішке қарай, теріс діни ағымға ілесіп, жырақтан жұмақ іздеген отандастарымыз баршылық. Осы ретте Таяу Шығыстағы қарулы жанжал аймағына отандастарымыздың қалай тап болып жүргені туралы дінтанушылардың пікірін білген едік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жалпы, Таяу Шығыс елдеріне соқыр сеніммен қаражат табу үшін кеткендердің басым бөлігі – еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінен. 2018-2019 жылдары «Жусан» операциясы бойынша  Сириядан 800-ге жуық адам келді. Әйелдер мен балаларға психологиялық көмектер көрсетілді. Ішінде болғандардың біразы терроризм бабы бойынша сотталды.

Діни сауатсыздық және ұлттық идеологияның болмауы

Белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы әртүрлі желеумен елден кетіп жатқандарға қатысты пікірін білдірді. Айтуынша, бұл адамның жүрегіне, көңіліне жақын келетін сокралдық құбылыс.

Олар өзінің дінін, балаларының сенімін негізге ала отырып, сол елде жүрсем намаз оқуыма немесе дінді ұстауға кедергі болмайды деген сияқты діни сенім бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл азаматтарға қатысты екі ойдамын. Біріншіден, бір жағынан дұрыс та шығар. Егер мемлекет діни-сенім бостандығын заңды түрде қамтамасыз ете алмаса, адам сенім бостандығы бар мемлекетке барады. Бізде де сондай ғой. Сөз бостандығын шектеген жағдайда, сөз бостандығы бар мемлекетке қашады деген сияқты. Оның өзінде  сол жаққа ағдайы бар адамдар кетеді деп ойлаймын. Өйткені жағдайы жоқ адамдардың қайда барса да тіршілік етуі қиын, – дейді дінтанушы.

Ол мұндай адамдар дін, ұлт, егемендік, тәуелсіздік деген дүниеге аса бір бас қатыра қоймайтындар екенін айтты. Өйткені олар барлық құндылықтан өздерінің сенімін жоғары қояды деп отыр.

Олар бастысы бойындағы сенімін жүзеге асырсақ болды деп кете береді. Иә, «Жусан» операциясымен Таяу Шығыстан адамдар келді. Мұның астарында үлкен идеология болған. Азаматтардың діни ағымға кіруіне байланысты қаншама жыл жұмыс атқарылды. Бұлардың көбісі әртүрлі желеумен  (ақиқат) іздеп, біз еркін мұсылман мемлекетте өмір сүреміз деп мешітте әртүрлі уағыз айтып, оны іс жүзінде жүзеге асырамыз деген ұранның артынан кетіп қалған азаматтар. Дін деген дүниеге ниеті теріс болды деп айта алмаймын. Барған кезде олар сол жерде ешқандай дін жоқ екенін түсінді. Өздері ойлағандай жер бетінде жәннат жоқ екенін және тек қана соғыс, күшпен игеру екенін ұғынды. Көбісі қашып шығуға тырысты, бірақ қолға түсті, – дейді.

Елімізге «Жусан» операциясы бойынша әйелдер мен балалардың басым көпшілігі қайтарылғаны белгілі. Ал ер заматтардың көбісі қайтыс болып, тірі келгендер жазасын өтеу мекемелеріне жіберілді. Дінтанушы мемлекет ұлттық рухани құндылық, діни сенім-бостандығын өзінің бақылауына алу керек деп есептейді.

Жырақтан жұмақ іздегендер. Сирияға сандалғандарға қалай тоқтау болмақ?

Неге десеңіз, діни көзқарас пен ағымды өзінің ағысына жіберіп қою бұл қауіпті үрдіс. Діни плюрализм, демократиялық құндылықты әркім қалай ұстау керегін өзі біледі деген түсінік қалыптасты. Бұл түсінік діни тұтастығымызға ауызбіршілікке, мешіттің ішіндегі жамағатқа, отбасындағы кикілжіңге де әсер етіп жатыр. Мемлекет болашақта бұл ағымдармен қалай күреседі әзірге беймәлім. Оңалту жұмыстары, кадрларды дайындау, заңдық тұрғыдан анықтамалар беру сияқты көптеген мәселелер бар. Осы бағытта әлі де жұмыс жасалатын шығар деген ойдамын, – дейді Кеңшілік Тышқанұлы.

Дінтанушы таралып, болып қойған дүниелердің салдарымен күресу әлдеқайда қиын екенін, тіпті теріс ағымдар арқылы шетелге кетіп қалып, елге оралғандардың ішінде әлі де өзінің көзқарастарынан қайтпайтындар кездесетінін тілге тиек етті.

Елге қайтарылғандардың ішінде кішкентай балалар мен әйелдер де бар. Бұл жерде олардың еш кінәсі жоқ. Біреулер баласының, енді бірі күйеуінің артынан еріп кеткендер. Келген сәттен бастап оларды бірден бостандыққа жібермейді, қадағалап, бақылайды. Кейін өздерінің аймақтарына жіберген соң дін істері басқарманың мамандары тұрақты түрде байланыс орнатады. Яғни, қоғамға қайтадан бейімделуімен көзқарасының өзгергенгеніне дейін бақылауда ұстайды,- дейді дінтанушы.

Сарапшы «Таяу Шығыс елдеріне кетудегі басты кемшілік – азаматтық тұрғыдан діни сауатсыздық және мемлекеттік тұрғыдан ұлттық идеологияның болмауы, діни ағымдарды өз бетінше жіберуі» деп айтты.

Дәстүрлі емес діни ағымға ілесіп жатқандар көбейіп барады...

Дінтанушы Жанна Жүргенбаева бұл өте күрделі мәселе екенін тілге тиек етті. Ол Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғасын, әртүрлі діни-сенімді ұстанатындар бар. Елімізде ислам  христиан, иудей протестанттық және дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері (ұстанушылары) басым болып тұрғанын айтты.

Кейбір адамдар діни сенімсіз өмір сүруі мүмкін, бірақ адамзаттың басым бөлігінде бір жаратушыға деген сенім болады. Діни наным-сенім адамзатпен бірге тетелес келе жатқан құбылыс. Еліміз жаңадан тәуелсіздігін алып, есін енді жия бастаған шағында діни ағымдар саңырауқұлақтай қаптап кетті. 1996-2010 жыл аралығында діни ағымдар(иегова куәгерлері, кришнаиттер, зікіршілер, баптистер, жетінші күн адвентистері, саентология, ата жолы, сәләфиттер, табиғи жамағат, құраниттер) тағы басқа қызметтерін белсенді жүргізді. Бұл діни секталарға әлеуметтік жағдайы төмен, діни сауатары таяз адамдар көптеп кіріп кетті, – дейді дінтауншы.

Ол халықтың басым бөлігінің әлеуметтік тұрмысы төмен болғандықтан, діни ағымдар осындай әлсіз адамдарды өзіне тез тартады деп отыр. Мұндай адамдарды олар алдымен азын-аулақ азық-түлікпен, тұратын баспанамен қамтамасыз ететін айтты.

Жырақтан жұмақ іздегендер. Сирияға сандалғандарға қалай тоқтау болмақ?

Діни секталарға көбінесе 25-60 жас аралығындағы адамдар көп кіреді (ата-аналарын үйден қуып жіберген, балаларын асырай алмайтын ата-аналар, ішкілік пен есірткіге тәуелділер т.б). Әрбір діни ағымды өздері басты қағидат етіп ұстанатын діни догматтары бар. Кейбір діни секталардың ұстанушылары ішімдік, есірткілерін қойғанымен, ұлттық салт-дәстүрді мойындамайды және азаматтар мемлекеттік борыштарын өтеуден бас тартады. Ал кейбірі денесін өртеуге рұқсаттарын береді. Бұл жағдайда барлық діни бірлестіктер өздерінің діни ғибадаттары мен сабақтарына діни саланы қадағалайтын органдардың дінтанушы мамандарын шақырып, зерттеп, зерделеу қажет. Егер қоғамға  зиянды жақтары анықталса, тезірек түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, шешім шығару керек, – деп санайды Жанна Жүргенбаева.

Сарапшы 2011 жылы қабылдаған «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» заңда шикіліктер жетерлік екенін айтты. Дін саласы әлеуметтік факторлардың барлық саласымен байланысты болғасын оны талқылаудың да ауқымы кең екенін атап өтті.

Дінтану саласы мамандық ретінде 2000 жылы университтерде оқытыла бастады. Бұл сала бойынша ғылыми зерттеліп жазылған кітаптар саны өте аз. Дінтану саласына діндерді зерттеуге қызығушылығы бар студенттер оқытылып, кейін дінтанушы мамандар өз саласы бойынша қызмет атқару керек деп ойлаймын. Біздің елде өкінішке қарай, дін саласында өзге гуманитарлық  салаларды бітірген мамандар жұмыс істейді. Ал дін саласын қадағалайтын мемелекеттік органдарда әрбір діни ағымдар бойынша терең зерттеліп сараланған еңбектер жоқтың қасы. Статистикалық мәліметтер жоқ. Себебі практикалық зерттеулер жүргізілмейді. Әлеуметтік, білім, сауаттылық жағдайлары түзелмейінше, дін мәселесі шешілмейд, – деді ол.

Спикер «Қазақстан зайырлы, демократиялық мемлекет. Сондықтан барлық мәселелерді заңды тұрғыда шешкен орынды. Елімізде дін қызметкерлері (имамдарды) сапалы дайындауымыз керек. Ислам теологтарын әзірлеумен қатар, христиан, протестанттық, сонымен қатар дәстүрлі емес діни бағыттарды да жетік меңгерген тәжірбиелі мамандарды әзірлеп шығаруымыз қажет. Елімізде протестанттық діни ағымдар мен дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанатын адамдардың саны жылдан жылға өсуде» деп айтты. 

Қазір интернет ресурстарының дамыған кезеңі. Барлық діни ақпараттар қолжетімді. Бірақ мұның қорытындысы қауіпті болу немесе болмауына кім кепіл? Өкініштісі, еліміздегі таралған діни ағымдардың көбісінің ілімі ұлттық болмысымыз бен дүниетанымымызға сәйкес келмейді. Кейбір діни ағымдар саясатта өздерінің орындарын алғысы келеді. Дінді саясатқа айналдыру, қолдану үлкен қауіптерге алып келеді. 2011 жылы Сирия мемлекетінде орын алған билікке қарсы азаматтық көтерілістің соңы, діни соғысқа айналды. 2013 жылы елімізден Сириядағы соғысқа 1 мыңға жуық азаматтар мен азаматшалар (балаларымен) кетті. Ал кеткендер саны одан да көп болуы мүмкін. Азаматтардың Сирияға кетуі бір күнде жоспарланған дүние емес. Олар интернет желісінде өздерінің топтарын ашып, соғысқа саналы түрде кеткен адамдар, – дейді дінтанушы.

Сарапшы 2018-2019 жылдары елімізге Сириядан «Жусан» операциясы бойынша 800-ге жуық адам келгенін айтты. Әйел азаматшалар мен балаларға психологиялық көмектер көрсетіліп, азаматтардың біразы терроризм бабы бойынша сотталғанын атап өтті.

Осындай жағдайлар орын алмас үшін неліктен қауіп қатердің алдын алмадық? Ол кісілер неліктен саналы түрде мұндай әрекеттерге барды? Себебі не? Біз қай жерден қателік жібердік? Көп адамдар қаражаттың жоқтығынан діни ағымдардың жетегінде кетіп жатады. Бұл ащы шындық. Сондықтан да еліміздің болашағы жастар, сол себепті оларға өнегелі тәрбие мен  сапалы білім беріліп, жұмыспен қамтылу қажет. Әрбір салада өз маманы қызмет атқару керек. Болмысы ұлттық тәрбиеге тұнған, көкірек көзі ояу әр адам өзгеде радикалды дін ағымның жетегінде кетпейді деп ойлаймын, – деді  Жанна Жүргенбаева.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға