Жаңалықтар

Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесі әзірленді

Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесі әзірленді
Фото: zemlya-online.ru 09.03.2023 11:54 2137

Бұл туралы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Сенаттың жалпы отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі  вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Әсет Нұрланұлының айтуынша заң жобасы Мемлекет басшысының жер қоры мен жылжымайтын мүлік объектілері туралы ақпаратқа халық пен бизнестің ашық және толық қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау үшін әзірленген.

Сонымен қатар жер қатынастары саласындағы қызметтерді көрсету барысында жер, құқықтық, қала құрылысы кадастрлары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері қолданылады.

«Ақпараттың толық және ашық болмауы (бас жоспардың, орналастыру жоспары, инженерлік желілер туралы болмауы) азаматтарға жергілікті әкімдіктер тарапынан түрлі себептермен бас тартуға мүмкіндік береді. Осыған орай, халықтың барлық топтарына бос және рәсімделген  жер учаскелері, жылжымайтын мүлік объектілері, инфра құрылымдар туралы ақпаратқа қолжетімділік беру мақсатында жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесі әзірленді» деді Әсет Тұрысов.

Аталған Бірыңғай кадастрдың ашық ресурсы болып табылатын Жария кадастрлық картада-жер учаскелері, бас жоспарлар, елді мекендердің орналастыру жобалары, инженерлік коммуникациялар, жылжымайтын мүлік объектілері және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзге де мәліметтері қолжетімді болады.

«Бірыңғай кадастрды енгізу -  жер қатынастары саласындағы рәсімдерді жетілдіруге, оңтайландыруға және оларды цифрлық форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді. Жер учаскесіне құқық берудің электрондық тәртібін енгізу үшін бірқатар заңнамалық түзетулер енгізу қажет болды. Жаңа тәртіп бойынша әкімдікке бармай-ақ, Біріңғай кадастрдың жария картасын пайдалана отырып, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жергілікті атқарушы органға өтініш беруді көздейді» деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға