Жаңалықтар

«Жылу маусымына дайындық паспорты берілмеген». Годунова себебін түсіндірді

«Жылу маусымына дайындық паспорты берілмеген». Годунова себебін түсіндірді
Фото: ©El.kz/Миражан МАХАН 21.06.2023 14:13 1010

Объектілерге жылу маусымына дайындық құжаттары неліктен берілмеген? Бұл сауалға Жоғары аудиторлық палатасының басшысы Наталья Годунова жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біз дайындық паспорттарының жоқтығын аудит жүргізу барысында анықтап отырмыз. Түсіндіріп өтейін, паспорт әр жылу маусымы басталғанда беріледі. Ол бір жылға ғана жарамды құжат. Біз соңғы 3 жылды зерделеп, тексеріс жүргізгенімізде олқылықтарды анықтадық, - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар Экономиканың нақты секторы бойынша аудит департаментінің басшысы Ақылбай Ибраев паспорттар энергетика министрі және әкімдіктермен берілетінін атап өтті.

Атырау, Павлодар, Абай облыстарында жылу маусымына дайындық паспорттары берілмегені белгілі болды, - деді ол.

«Оларға қандай шара қолданылды?» деген сұраққа:

Біз оларға айыппұл сала алмаймыз. Бұл жергілікті атқарушы органдардың өз құзырында, әкімдіктер өздері тексеріп, жыл сайын мекемелерге, кәсіпорындарға жылуға дайындық жөніндегі паспорттарын беруі керек болған. Жергілікті органдардың құзыретінде болғандықтан, оларға әкімшілік шара қолданылмаған, - деді Ибраев.

Ол қазіргі таңда Үкіметке осы мәселе бойынша ұсыныс бергенін айта кетті.

Сондай-ақ ол «бұл олқылықтар мемлекетке қанша шығын келтірді?» деген сұраққа:

Жоқ, шығын келді деп айтуға келмейді. Бұл үшін техникалық аудит жасап, оның қорытындысы бойынша барлығы есептеп шығарылады. Бұл кәсіпорындардың көбісі коммуналдық мекеме. Олардың көбісі әкімдікке қарайды, - деді.

Еске сала кетейік, Мәжілісте өңірлердегі бірнеше мекемеге жылу маусымына дайындық жөніндегі паспорт берілмеген, тіпті бұл жұмыс тексерілмегені айтылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға