Жаңалықтар

Жылдам баюдың бес қағидасы

Жылдам баюдың бес қағидасы
Фото: Pixabay.com 19.04.2023 09:26 1694

Қазір тез байып кетуді армандамайтын адам кемде-кем. Бүгінгідей қымбатшылық кеудеден қысып, азық-түлік бағасы қырық құбылып тұрған уақытта аз ақшаны ұқсата білу қажет-ақ.

Әлемдегі зерттеу орталықтары жыл сайын қаржылық сауаттылыққа қатысты зерттеулер жүргізіп келеді. Осы зерттеулер нәтижесіне сәйкес, әйелдер ерлерге қарағанда сауаттырақ екен. Мұны зерттеу орталықтары әйелдердің үйге азық-түлік сатып алу, балаларға, отбасы мүшелеріне киім сатып алу сияқты қаржылық жұмыстармен айналысатынымен байланыстырған. Әсіресе 40 жастан асқанда айырмашылық айқын байқалған. Ал қаржылық операциялар орындау, яғни инвестиция жасау, жылжымайтын мүлік сатып алуға қатысты ерлердің көп ақпарат білетіні белгілі болған.

Сонымен, қаржылай сауатты адам қандай болуы керек? Осы туралы экономист Азат Күртебаевтың пікірін сұрадық.

Экономистің айтуынша, қаржылық жағына сауатты адамды бірден тануға болады. Егер сіздің бойыңызда мына белгілер болса, өзіңізді қаржылық сауатты адаммын деп есептей беріңіз.

Бірінші қағида. Барлық қаржы қозғалыстарын өз бақылауында ұстау. Ол қанша ақша тауып, қанша ақша жұмсап жатқанын үнемі бақылауында ұстайды. Есеп жүргізеді. Сатып алуларды жоспар бойынша ғана жасайды. Қызығып алып қою өте сирек кездеседі. Шығындарды бақылап, артық шығындарды келесі айда қайталамауға тырысады.

Екінші қағида. Тапқан ақшаның барлығын жұмсап тастамау. Тапқан табысының бір бөлігін жинап немесе инвестиция жасап отырған адамның баюға мүмкіндігі көбірек болады. Табысынң кем дегенде 10%-ін жинақтайды. Түрлі сылтаумен жинақтауға арналған қаржыны жаратып тастамайды. Банктен немесе микрокредиттік ұйымдардан қарызға ақша алмайды.

Үшінші қағида. Қаржылық қауіпсіздік ержелерінің барлығынан хабардар. Қаржылық сауаттылықтың түп негізі қаржылық қауіпсіздікте жатыр. Қаржы пирамидаларын бірден таниды. Инвестиция құярдың алдында ақпараттың растығын тексеріп алады. Депозитке ақша салардың алдында банктердің проценттік мөлшерлемелерін салыстырады. Ішіндегі ең жоғарысына қаржыны салады.

Төртінші қағида. Қиын жағдайда қолдануға арналған қоры бар. Күтпеген жағдай болғанда қолдана алатын артық ақшасы бар. Мәселен, ет жақындарыңызға аяқ астынан ақша қажет болуы мүмкін. Көлік жөндету немесе үйдегі құбыр бұзылып қалу сияқты төтеден келген апатқа дайын болу.

Бесінші қағида. Зейнетақы жинақтарының қозғалысын бақылап отыру. Біздің елімізде міндетті зейнетақы қоры бар. Көпшілік соған сенім артады да, оның қозғалысын бақыламайды. Ал қаржылық сауатты адам деген – ең алдымен стратег адам. Ол бақытты қарттықты жоспарлайды. Сондықтан өзінің зейнетақы жинақтарын бақылап отырады.

Осы бес қағиданы ұстансаңыз, сіз қаржылық жағынан тәуелсіздікке қол жеткізесіз әрі қаржылық сауатты адамсыз. Экономистің айтуынша, бұл қағидалар естігенде қарапайым әрі оңай болып көрінгенімен, орындауға қиын әрі темірдей тәртіпті қажет етеді. Осы бес қарапайым қағиданы бұлжытпай орындау өмірді жеңілдететінін байқай бастайсыз дегенді алға тартады экономист. Ендеше, қаржылық жағдайыңызды жөндеу өз қолыңызда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға