Жаңалықтар

Жылқы – аңыз (I бөлім)

Киелі жануар ертегі-дастандарда қалай көрініс тапқан?
Жылқы – аңыз (I бөлім)
Фото: © El.kz 22.06.2021 11:24 27040

 

Қазақ халқы ежелден жылқыны киелі жануардың қатарынан жатқызған. Атты жанына серік етіп, «орта жолда атың өлмесін» деп, алыс сапарға шыққанда үлкен сенім артқан. Бала күннен жадымызда сақталып қалған батырлық жыр-дастандардың өзінде оларды тек тұлпарымен бірге сипаттаған. Керқұла атты Кендебай, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары деген сөздерден-ақ жылқыға ат қойып, айдар таққанын білуімізге болады. Бұдан өзге жылқы жануары қазақтың және өзге де әлемдік аңыз-ертегілерге арқау етіліп, ерекше сипатталып, бүгінгі күнге дейін болмысын жоғалтпай келе жатыр. Осы тұста ұлттық мұрамыздың ұлықтаушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, журналист, ұлттық ат спортының негізін қалаушылардың бірі Сәдібек Түгелдің киелі қазанат хақындағы зерттеу еңбегіне назар аударған едік.

 

Жылқыға табыну дәуірі

 

Жылқы шаруашылығының тарихы адамзаттың рухани мәдениетімен тығыз байланысты. Басқа жануарларға қарағанда жылқыға қатысты халық ауыз әдебиетінде сақталған мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер жетіліп артылады. Көне мифологиялардағы қиял-ғажайыптар өз алдына. Ертегілердің өздерінде батырлар мен бекзадалардың, сиқыршы жадылаушылардың іс-әрекеттерінің бәрінде жылқы ақылды жануар ретінде сипатталады. Қосарлап жегілетін ұшқыр аттар, серілердің жан серігіне айналып кеткен сәйгүліктер жайындағы әсерлі әндер қаншама! Қанатты Пегастың дарындыларды поэзияның биік шыңы – Парнасқа алып шығатындығы тағы бар. Поэзия мен көркем прозада, көркем сурет пен мүсін өнерінде шаруаның қолқанатына, жауынгердің жан серігіне, серінің көз қуанышына айналған аттар жайында толымды да толғамды жүректі баурайтын небір байлаулы ойлардың қандайы жоқ дейсіз!

 

Қолына жылқының жүгенін ұстаған адам күнделікті ойында, үй шаруасында өз баласын ат үстінде көруге ұмтылып келген. Ойыншықтарда да соларды бейнелеуге тырысқан. Бұған адамдардың ертедегі қоныстарында қазба жұмыстарын жүргізу кезінде табылған саздан жасалған ойыншық ысқырғыштың табылғандығы дәлел. Кейін келе ат бейнесін ағаштан ойып жасап, балалардың ойыншығы етіп қана қоймай, сонымен қатар үйлердің, кемелердің маңдай алдын әсемдеуге, шөміштердің өрнегіне, тұсқа ұстар кілемдердің көркіне айналдырған. Халық қолөнершілері сымнан, ағаш тамырларынан, сабаннан, металдан, матадан, жіптен аттың небір қайталанбас ғажайып бейнелерін туғызған. Тіпті ат бейнесінде қамалдар мен қақпалар да жасалған. Аттың, ойыншық аттардың осыншалықты қастерленуіне не себеп? Бәлкім жылқының адамдар аяқ артар көлік болғандығынан ба? Әлде оның өмір ағысында небір алмағайып кезендерді онымен бірге бастан өткеріп келе жатқандығынан ба?

 

Ал адам мен жылқы бейнелі кентавр ше? Осыған қарағанда ат пен адамның бар болмысымен, құдірет қарымымен, ақыл санасымен соншалықты кірігіп кеткендігі аңғарылып тұр. Шынында да, адам өзінің ақылымен және жан серігі саналатын атымен құдіретті.

 

Ал ертегілерде сипатталатын аттарға тіпті сан жетпейді. Олар халық ертегілері мен аңыздарынан желі тартып, күні бүгінге дейін жеткен, тіпті бізден кейін де адамзат баласының талай ұрпағын қиял қанатына мінгізетіндігі сөзсіз.

 

Пегас қиялдан туғанымен, өмірде ақиқат шынайы болғанындай әсер беретіні қалай?! Аңыздардың желісіне қарағанда бұл ат қорқынышты жылан бұрымды Медуза сұлудың қанынан жаратылған, оның көзі түскен адамдар тасқа айналып кеткен. Медузаны Тезей өлтіреді. Ең алғаш Пегасты басқа бір грек батыры — Беллерофонт ерттеп мінген. Оның үстіне мінген ол қатерлі Химерамен шайқасып, оны өлтіреді, амазонкалыктарды жеңеді, тіпті Олимптің биігіне де көтеріледі. Міне, осы арада гректердің басты құдайы Зевс батырдың атын «тәркілеп» алады. Онымен ол жер-жаһанды шарлайды, Пегас оған күннің күркірі мен найзағайды әкеліп тұрады.

 

Иран ертегісіндегі он екі қанатты тұлпардан, армян эпосындағы қанатты аттан басқа, ертедегі көптеген жазушылар Пегасты таң шұғыласының құдайы — Эостың аты деп сипаттайды. Ол өзінің арқасына тоғыз музаны отырғызып, серуендеткен. Осы сәйгүліктің аты поэзияда мейлінше дәріптелуі кездейсоқтық емес. Аңыздардың желісіне қарағанда осы қанатты аттың тұяғы тиген жер ойылып, Геликон тауында суы шәрбат Ипокрен бұлағының көзі ашылған. Оның көне Элладаның көптеген ақындары поэзиясына арқау болғандығы да сондықтан болса керек.

 

Атты құдайға теңеп, оған жалбарынған да. Егер де байырғы адамдардың түсінігінде жылқы құдіретті күшке айналмаса, олар ертегілерге де арқау болмас еді. Өйткені осы ертегілерде ақиқатқа бір табан жанасымды шындықтар жатыр. Осыған көз жеткізу үшін тарихи деректерді алға тартып көрелік. Оған сүйенсек, жылқы өсірудің Дунайдан Жайыққа дейінгі кең жазықта пайда болып, сол арадан тамыр тартқандығы аңғарылады.

 

Әдеби деректер шығыста жылқы түлігі Қазақстанда және басқа, оның ішінде Еуропа елдерінде кеңінен пайдаланыла бастаған кезде пайда болғандығын айғақтайды.

 

Ғалым-лингвистер біздің планетамызда жылқыны алғаш қолға үйретіп, үй жануарына айналдырғандар үндіеуропалықтар (ирандықтардың, гректердің, германдардың, славяндардың және басқа еуропа халықтарының арғы ата-бабалары) деп санайды. Сондай-ақ ол жылқы үндіеуропалықтардың діни таным-түсінігінде де жиі кездеседі.

 

Урда, Лагашта, Шумерде ат үстінде отырған адамдар бейнесі табылған, бұл адамдар жат жұрттықтар, өйткені олардың киім киістері Қосөзен аралығын мекендейтін тұрғылықты адамдарға мүлде ұқсамайды. Шумерлердің тіліндегі аттың атауы «аншекур» делінуінің өзі «жат жерлiк таулы елдің есегі» деп аударылуы да соны аңғартады. Өзіміз жоғарыда айтып өткеніміздей, есектер жылқыға қарағанда қолға ерте үйретілген. Ал Шумерге жылқылар қазіргі Украина аумағынан Кавказ арқылы тараған.

 

ІІ-ІІІ мыңжылдықтарда Шығыста пайда болған жылқылар экзотикалық жануар саналды, шаруашылыққа және аттарды есек сияқты әбзелдеп, жаугершілік мініске жарамды болды. Аттарды есек сияқты әбзелдеп, оның басына теріден тігілген мұрындық сақинасы бар қапшық кигізіп, өгіз сияқты етіп жеккен. Тағы да осы кезде Украинадан үнді-иран тайпасына жаңаша әбзелдендірілген аттар, жеңіл доңғалақты арбаларға мінгендер келді, кейін оны ассириялықтар мен үнділер, ал олардан кейін египеттіктер меңгерді.

 

Сондықтан дүниежүзіндегі ең көне қорымнан Украинаның Дервик қонысынан біздің эрамызға дейінгі IV ғасырдың аяғына жататын аттың бас сүйегінің табылуы кездейсоқтық емес. Жас жылқының бас сүйегі тағы бір аттың аяқтарымен бірге молшылық құдайының бейнесімен қатар тұрған қасиетті құмған мен ошақтың қасына қойылған. Ал осыдан біраз бұрын осы жерде, Белоруссияда, Ұлы Отан соғысына дейін, Иван Купала мейрамында аттың бас сүйегі гүлмен безендірілетін болған.

 

Сондай-ақ биенің бас сүйегі Ирандағы қазба жұмыстары кезінде де табылды. Мұнда жылқының басы бейнеленген құмған табылған. Осы құмған ритoнға патшаны таққа көтеру кезінде ақбоз аттың қаны құйылатын болған. Осындай ритондарды қолына ұстап тұрған патшалар молшылық құдайы оларға билікті тапсырып тұрған тұрғыдағы кескіндемелер мен бедерлерде бейнеленген.

 

Дін пайда бола бастаған кезде жылқы үнді-еуропа халықтарында молшылықтың, табиғаттың – күннің, аспанның, жердің құдіретіне жан бітірудің нышанына айналған. Боз ат Күн құдайының бейнесі (өзге діни тұжырымдарда құдіреттің қызметшісі). Геродот былай дейді: «Массагеттер құдайлардың ішінде Күнді айрықша қастерлейді, оған құрбандыққа жылқы шалады. Бұл құрбандықтың мәні: ең жылдам құдайға ұшқыр жануар лайық дегенге саяды». Троя атына қатысты аңызды ертедегі гректер тарихи шындық санайды. Көне Трояда найзағай құдайының құрметіне қаланы айналдыра орасан үлкен жылқы бейнелері тұрғызылған. Скифтерде аттың басы – билік құдіретін танытса, славяндардағы үй маңдайшаларындағы аттың бейнесі бақыттылықтың белгісі саналған.

 

Қарап отырсаңыз, қай жерлерде болмасын, діннің жылқыға баса маңыз бергендігі байқалады. Қорымдарда жылқының қаңқаларының көптеп кездесетіндігі содан. Әсіресе жылқының түсіне баса мән берілген. Ертедегі Тува патшаларының зираттарына алтын түстес жирен жылқылар, скифтерде қарагер жылқылар үйірімен жерленген. Кельттер патша тағына отырғызарда Құдайға құрбандыққа боз бие шалынған, үндінің «Ригведа» эпосында құрбандыққа жылқы шалудың Ашвамедха салты сипатталады. Патша күн мен түн теңескен айда соғыс пен қаһар құдайы Индреге өзінің ең таңдаулы бозқасқасын құрбандыққа шалған. Жылқыны басына күн бейнесі – доңғалақ орнатылған адалбақанға байлаған. Патшаның әйелдері атты құрбандыққа шалып, оны үшке бөлген: басы от қүдайына бағышталған және ол жаңа билеушіге рухани, денесі – тән күшін береді, ал құйрығы – байлық әкеледі делінген.

 

Славян аңыздарындағы жылқы

 

Славяндар аңыздарында да жылқы айрықша орын алады. «Телегей шалқар теңізде, Буян атты аралда...» Осындағы Буян Руян емес пе екен? Бұл арал енді немісше Рюген деп аталады. Ол осыдан бар болғаны мың жыл бұрын славяндар қоныстанған Балтық теңізіндегі арал. Аралдағы басты Арконе қаласына Көне Русьтан өздері де славяндар саналатын, тілдері ұқсас саудагерлер келіп, сауда-саттықтарын жасаған, Святовита құдайының құрметіне салынған славяндардың басты храмына бас сұқпай кетпеген.

 

Храмның ортасына қымбат тастармен безендірілген төрт басты құдайдың бейнесі орнатылып, оның етегіндегі идолға найза, семсер мен қалқан қойылған. Ал қатарында байлаулы ақбоз ат тұрған. Табыну кезінде храмға келгендер аттың барлық қимыл-қозғалысына зер салып, ал абыздар оның мәніне түсінік беріп отырған. Соғыс болардың алдында атты найза жатқан құмның үстіне алып шығатын болған. Егер ат найзаны жанап немесе аяғымен басып кететін болса, мұны жамандыққа жорып, славяндар жауларымен мәмілеге келуге немесе жорықты кейінге қалдыруға тырысқан.

 

Святовита храмы мен атының даңқы алыс түкпірлерге дейін жеткен. Бірақ, 1168 жылы дат королі Вольдемар аралға шабуыл жасады. Славяндар туған жерлерін және оның қасиетті храмын жан сала қорғады. Алайда, күш тең болмағандықтан, славяндар қирай жеңіліп, ал абыздар корольдің қазыналы байлықты тауып беруді талап еткен жан қинаған азабы астында қаза тапты. Осындай азап шеккендеріне қарамастан бірде-бір қарапайым славян, бірде-бір абыз қасиетті тасмүсін мен аттың қайда жасырылғандығын айтпай кетті. 1524 жылы Эрнандо Кортес Мексиканы басып алып, Гватемала жеріне өтті, мұнда ол үндістердің ица тайпасымен беттесіп қалды. Үндістер жат жерлiк жаулап алушыларды жақсы қарсы алды. Осыған орай ол оларға үрей шақырған астындағы атын қалдырып кетті. Біріншіден, үндістер жал-құйрықты өздері бұрын көрмеген жануардан қатты қорықса, екіншіден, жаулап алушының атты көздің қарашығындай сақтаңдар деген әмірі қатты әсер етті. Бірақ ол түземдіктерге атты немен азықтандыру керек екендігін айтуды ұмытып кетті. Олар болса оны қасиетті құдіретке балап, бар дәмділері мен сусындарын алға тартып бақты. Мұндайды аузына мүлде алмайтын ат, сөз жоқ, өліп қалды. Үндістерде зәре-құт қалмады! Құдайдың қаһарына ұшырадық, бәлеге қалдық деп ойлады. Осы күнәларын жуып-шаю үшін олар тастан ат бейнесін ойып жасап, оған қаһарлы құдай Циминчак деген ат берді. Мұның себебі жаулап алушылардың қолдарында бұрын-соңды үндістер көрмеген оқпен атылатын қарулардың болғандығынан еді.

 

Арада көп жылдар өткенде жаңа жаулап алушылар храмнан аттың тас бейнесін тапты. Бақытсыздыққа қарай, бұлар миссионерлер болғандықтан, жалған құдайға табынушылықты жойып жіберуге тырысты. Осы кезде үндістер түнде жасырынып келіп оны көлдің жағасына апарып көміп тастамақшы болды. Бірақ тасмүсінді қайықпен алып жүрудің қыр-сырынан хабарсыз олар оны аударып алып, тассұлба суға батып кетті. Күні бүгінге дейін үндістер осы тассұлба су бетіне қалқып шығып, өздеріне бақытсыздық туралы хабар береді, бұдан кейін айдаһар күзетіп тұратын су түбіне қайта батады дегенге имандай сенеді.

 

Көне испан кітаптарында тас Циминчак тұрған храмда миссионерлер төбеге ілініп, гүлдермен көмкерілген қаңқаны көрген деп жазылған. Бәлкім, бұл Кортес үндістерге қалдырып кеткен аттың сүйегі болуы да ғажап емес...

 

Жылқы өнер туындысы ретінде

 

Ат-Құдайлар, билік мен бақыт белгісі, ою-өрнектердегі, сыйлықтардағы, тарту-таралғылардағы, есік тұтқасы, қапсырмалар және басқа толып жатқан бұйымдардағы жылқы бедерлері – бәрі де осы бір ерекше жануарды қастерлеуді аңғартады. Өз шығармаларына атты арқау еткен жазушылар, ақындар, композиторлар, мүсіншілер, халық қолөнерінің ісмерлері қаншама. Олар атты жанындай жақсы көріп, оған өздерінің прозалық және поэзиялық шығармаларын арнаған Абай, Махамбет, Құрманғазы, Александр Пушкин, Сергей Есенин, Ілияс Жансүгіров және басқалар.

 

Атты кескіндемеген, оның бейнесін салмаған суретші жоқ шығар, сірә. Олардың көпшілігі өз шығармаларында атты натура етіп алмаған. Мысалы, И.Е.Репиннің әкесі атбегі болған. Оның өзінің алғашқы көркем шығармасы – ойыншық атты әкесінің жұмысына еліктеп салғандығын кездейсоқтық деуге болмайды. Француз живописінде романтикалық бағыттың негізін салушылардың бірі болған француз суретшісі Жерико жылқы жануарын жанындай жақсы көрген. Атты оның бейнелегеніндей әлі ешкім салған емес. Оның үстіне Жерико шабандоз болған жан. Кейіннен оның өлімі сол аттан құлап омыртқасына зақым келтіріп алуынан болды.

 

Композиторлардың да өмірі атпен байланысты. М.П.Мусогорский Павлов гусар полкінде қызмет еткен. Оның әйгілі «Итальян каприччиосы» атты әскер кернейінен басталады. Оны Италияда тұрған кезінде П.И.Чайковский тындаған. Неаполь көшелерімен атты полк отіп бара жатқан кезде кернейшілер «Құлақ салыңыздар, тыңдаңыздар!» деген дабылын орындаған. Салтанатты әуен сазгердің жан дүниесін баурап алғандығы сондай, кейіннен бұл оның әйгілі шығармасына арқау болды.

 

В. Васнецовтың «Үш батыр» картинасын мысалға алайық. Илья Муромецтің аты мен аттың сипатын жақсы білетіндердін көзiмен онтүстік орыс аборигендері тұқымының жылқысын салыстырып көрелік. Содан-ақ, суретші Васнецовтың өз картинасында үш орыс батырының бейнесін асқақтата кескіндеп қана қоймай, байырғы орыс жылқысының шынайы тұрпатын дәлме-дәл шығара алғандығына тәнті болмау мүмкін емес.

 

Будапештің бейнелеу өнері мұражайында Леонардо да Винчидің бірден-бір туындысы – салт атты мүсіні тұр. Бұл жұмыс қара мрамордан қашалып жасалған. Аталған скульптура баға жеткісіз көркем туынды саналады. Мұражай кызметкерлерінің оны қастерлеп, көздің қарашығындай сақтайтындығы сондай, келушілер тек жылдың екі аптасындай ғана уақыт көре алады.

 

Сондай-ақ, мысалы, Иван Айвазовский сияқты өзінің бүкіл шығармасын теңізге арнаған суретші-маринистер де бар. Ал бүкіл өмірін атты бейнелеуге арнаған суретші-иппологтар есімі соншалықты танымал емес. Жылқы туралы жазбаған ақын да, жылқыны суретке салмаған суретші де жоқ. Суретші, жазушылардың қай-қайсысынан болмасын атқа, атты пейзажға қатысты туынды табылмай қоймайды. Бірақ иппологтардың жөні басқа – бұлар негізінен аттың бейнесін жазумен айналысқандар. Бұлардың арасында орыс суретшісі Сверчковтың орны айрықша.

 

Аттарға қойылған ескерткіштер де аз емес. Квадрат, Улов, Кипр есімді орловтық сәйгүліктерге, Римде 1960 жылы өткен Олимпиадалық ойындарда Үлкен жүлдені жеңіп алған ахалтеке тұқымына жататын Абсентке, буденовтық тұрқы әсем Символға, орыстың әйгілі ауыр салмақтысы Кокетлиге, Еуропа Кубогының ат ойынындағы үш дүркін жеңімпазы – таза қанды Анилинге қойылған ескерткіштер соны аңғартады.

 

Қазақ тарихындағы жылқы

 

Тағы да қазақ тілінің тұжырымдық қағидаларына жүгініп көрелік. Олар жылқыны қысылшаңда қанатына, жалғыздықта серігіне балаған. Өмірдің сан тарау жолдарындағы алыс сапарларда азаматтың аяқ артар сенгені де астындағы аты дейтіні сондықтан. Қаншама алтынмен аптап, күміспен қаптағанмен де, жабыдан сәйгүліктің орны қашан да дараланып тұрады. «Жұмақта атым да өзіммен бірге болмаса, онда оның мен үшін қызығы да шамалы дегені» де көп жайдан хабар береді.

 

Арада қаншама ғасырлар өткенімен, халық өз тарихына қатыстыны барынша қастерлеп, оны көмескілендіріп жібермеуге барын салған. «Бай ауыз әдебиеті – Солтүстік және Орталық Азиядағы көшпелі халықтардың мол мұрасы, – деп жазады Шоқан Уәлиханов. – Бұл аңыздар ру ақсақалдарының өздері шыққан тегіне қатысты естеліктерінде, шежірелері мен жыраулардың ұзақ толғау түріндегі жырларында қастерленіп сақталып, ауыздан ауызға беріліп келген. Олардағы көптеген сөздер мен ой оралымдары бүгінде қолданыстан шығып қалғандығына қарағанда, олар өте көнеден қалған сөздер екендігі аңғарылады».

 

Сондықтан аңыздар мен ауыз әдебиеті нұсқалары – біздің өткен тарихымыз. Олар тек біздің ғана емес, әлемдік мәдениет қазынасында да айрықша орын алады.

 

Қазақстан аумағында мемлекет пен алғашқы билеушілер пайда болғанына көп бола қойған жоқ – шамамен олардың тарихы бес мың жылдай. «Алаш» тайпасы мен олардың алғашқы билеушісі өмір сүрген кезеңге де осынша уақыт өткен. Энеолит дәуірінде (мысты-тас ғасыры) қазақ даласында жылқы шаруашылығы өрістетіліп, аласа бойлы кілең ала жылқы бағылған. Оларды «алаша ат» деп атаған, славяндардың «лощадь» сөзінің түп тамыры осында жатыр. Қанатты «пегас» аты туралы мифтік бейне де өз бастауын осыдан алады. Үнді-еуропа халықтарының көне сөздіктеріндегі (қазіргі Еуропа халықтарының арғы тегі) «пеки/пеку» сөздері «лошадь», «жеке жылжымалы мүлік» және «мал» деген ұғымды білдіреді.

 

Көшпенділер мемлекеттің пайда болуын Алаша ханмен байланыстырып, өздерін оның тікелей ұрпағымыз деп біледі. Өйткені Алаша хан туралы аңыз егіншіліктен мал шаруашылығына көшкен және жылқы өсіруге баса ден қойған кезбен байланысты. «Бұхарада қырық ханның бірі Қызыл Арыстан өмір сүріпті. Ханның бәйбішесінен бала болмаған екен. Бірақ көршілес халықтарға жасаған жаугершілікте Қызылаяқ хан өзімен бірге тұтқынға түскен аруды алып келеді. Ол оған өңі ала ұл бала тауып береді. Баласы болмаған бәйбіше əкесін баласына қарсы қойып, мұның ақыры елдің ала болуына соқтырады деп азғырады. Ақыры оны хандықтың аумағынан қуып шығуға мәжбүр етеді. Хан ұлынан бас тартады.

 

Тасып жатқан өзенді кешіп өткен шешесі мен баласы Алатау мен Қаратаудың етегін жайлайды. Есейіп ержеткен бала бірде ел аралап, жер көрмек болып жолға шығады. Ол ұзақ жүреді. Күндердің бір күнінде ол ақ сақалды қартты жолықтырады. Ол Майқы би едi. Майқы биді көрген бала:

 

- Ассалаумағалейкүм, халықтың қамқоры, билеушінің арқа сүйер таянышы, - дейді.

 

- Бар бол, балам. Тұрпатыңа қарасам, болайын деп тұрған бала екенсің, бірақ ақылшы болар ешкiмiң жоқ, екен, - деп Майқы би оны арбасына мінгізеді.

 

Өзінің ұлы Үйсінді бас етіп және қасына жүз жігіт қосып, ол жас баланы Ұлытауға жөнелтеді. Өзіңнің қайратыңмен, найзаңның ұшымен ел жинап, сол жерге орнығыңдар, жұрт болыңдар, - деп Майқы би жас жігітті жолға шығарып салады...»

 

Геродот аңызы

 

Сақтардың шығу тегі туралы грек тарихшысы Геродот жазып қалдырған аңыз да бар. Осы аңызда скифтер Гераклден тараған делінеді. Гректер алыптарды, ержүрек батырларды Гераклмен шендестірген.

 

«Геракл Герионның өгіздерін айдап келе жатып скифтер жайлаған, бірақ әлі орнығып үлгермеген елге келгенінде аяз тұрып, қатты боран соғады. Ол арыстанның терісін жамылып ұйықтап кетеді. Ал бұл аралықта оның жайылымда жүрген аттары жоқ болып шығады. Геракл оянысымен жер-көктi шарласа да аттарын таба алмай, Полесье деп аталатын аймаққа тап болады. Осы жерде ол денесінің жартысы әйел, жартысы жылан – Жылан-әйелге тап болады. Ол Эхидна еді. Оны көріп таңғалған Геракл одан жоғалтып жүрген биесін сұрайды, ол бие өзінде екендігін, бірақ егер Геракл оған үйленетін болса ғана оны беретіндігін айтады. Алмалсыздан Геракл оған үйленеді, бірақ жылан-әйел оны уысынан шығарып алмау үшін атын қайтарып беруді кешіктіре береді.

 

Уақыт өте келе ол үш ұл туады. Сонда Гераклден: «Ертең ер жеткенде бұларды не істеймін, мен бұл елге жалғыз өзім иелік етемін, сондықтан оларды осында қалдырайын ба, әлде қуып жіберейін бе?» - деп сұрайды. Сонда Геракл: «Ұлдарым есейіп ержеткендерінде былай істе: олардың қайсысы мына садақты тарта алатын, менің белбеуімді беліне таға алатын болса, осы жерде қалдыр, ал мұны жасай алмайтындарын елден шығарып жібер. Менің осы тапсырмамды орындасаң өзің де риза боласың әрі менің де аманатымды орындайсың», - дейді оған.

 

Геракл екі садағының бірін тартып, белдікті белге қалай тағу керектігін көрсетеді. Сөйтіп садақ пен алтынмен апталған, тостағаны бар белдігін оған тапсырады. Жылан-әйел өзінен туған ұлдары есейген кезде біреуінің есімін Агафирс, екіншісін – Гелон, кенжесін – Скиф деп қояды, бұдан кейін Гераклдың тапсырмасы есіне түсіп, оның аманатын орындайды. Екі ұлы – Агафирс пен Гелон жаңағы тапсырмаларды орындай алмай елден қуылады, ал кенжесі Скиф тапсырманы орындап елде қалады. Скифтердің барлық билеушілері Гераклдің осы Скиф атты ұлынан тараған, ал Герклдың тостағанынан бері күні бүгінге дейін скифтерде торсықты белбеуге таңып жүру салты қалыптасқан. Понта аймағын (Қара теңіз) мекендейтін эллиндер осылай дейді», - деп сыр шертеді жаңағы аңыз желісі.

 

Бөлісу:
(Суреттер ашық интернет көзінен алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға