Жыл соңына дейін колледж студенттері үшін 2,5 мыңға жуық жатақхана орны ашылады

Қазақстанда жаңа оқу жылында колледж студенттері үшін 2,5 мың орындық 13 жатақхана ашу жоспарлануда. Оның ішінде 960 орындық 4 жатақхана жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, жаңа жатақханалар Талдықорған музыка колледжінде, Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінде, Алматы құрылыс-монтаж колледжі мен Алматы сән және дизайн колледжінде ашылды.
Осы жылдың аяғына дейін Шымкент, Ақмола, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында қалған 1512 орындық 9 жатақхананы ашу көзделуде. Бұл шаралардың барлығы техникалық және кәсіби білімнің қол жетімділігі мен сапасын арттыруға, колледж студенттерінің жатақханада тұру жағдайын жақсартуға бағытталып отыр, - делінген ведомство таратқан мәліметте.
Атап өтерлігі, бүгінде ел бойынша колледж студенттерінің 85 пайызы жатақханамен қамтамасыз етілген.
