Жаңалықтар

Жыл соңына дейін үш облыстың тұрғындарына медициналық пойыздар қызмет көрсетеді

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты
Жыл соңына дейін үш облыстың тұрғындарына медициналық пойыздар қызмет көрсетеді
Фото: ortcom.kz 09.09.2022 14:27 861

Жылдың соңына дейін Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындарына медициналық пойыздар қызмет көрсетеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Шалғай ауылдардың халқына медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін жылжымалы көлік медицинасы ұйымдастырылды. Республикада диагностикалық қызметтер мен мамандардың кең бейінімен қамтылған 149 жылжымалы медицина кешені жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда жылжымалы медициналық көмек қызметтері екі есе артты. Осы жылдың 8 айында көшпелі медицина 2 200-ден астам елді мекенді аралады, 1,1 млн астам ауыл халқы қамтылды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, осы жылдың 23 мамырынан бері «Жәрдем» пойызы, ал 20 маусымнан бастап «Саламатты Қазақстан» пойызы жолға шықты.

Олар 147 станса мен ауыл халқына медициналық қызмет көрсетті.

Қазіргі уақытта Атырау, Ақтөбе, Алматы, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Маңғыстау облыстарындағы 80-нен астам станса, 38 мыңнан астам ауыл халқына, оның ішінде 9 мың балаға медициналық пойыздар бірқатар медициналық қызмет көрсетіп үлгерді.

«Осы жылдың соңына дейін Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары медициналық пойыздармен қамтылады», - деді Ажар Ғиният.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға