Жыл сайын қанша сарбаз тегін оқуға жолдама алады?

Мерзімді әскери қызметте болған және қырағылық танытқан сарбаздарға ЖОО-да тегін оқу мүмкіндігі беріліп жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Жанғулин іс-шара барысында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Подполковник Қорғаныс министрлігінің бастамасымен әскерден кейінгі жеңілдетілген білім беру былтырдан бастап қолға алынғанын айтып өтті.
Жыл сайын 37-38 мың азамат әскер қатарына шақырылса, олардың 10%-ы ғана әскерден кейін тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Былтыр осы мақсатта 3000 орын бөлінген еді, - деп нақтылады баспасөз хатшысы.
Белгілі болғандай, Қорғаныс министрлігі еліміздің 70-тен аса ЖОО-мен меморандумға қол қойған. Осыған орай әскер қатарында борышын өтеген азаматтарға ЖОО-ға тегін түсуге таптырмас мүмкіндік туып отыр.
