Жаңалықтар

Жыл сайын 250-ден астам бала лейкоз дертіне шалдығады

Елде онкологиялық ауруға шалдыққан балалар саны күн санап артып келеді
Жыл сайын 250-ден астам бала лейкоз дертіне шалдығады
Фото: El.kz 15.02.2023 21:30 1383

            15 ақпан – Халықаралық онкологиялық ауруға шалдыққан балалар күні. Бұл күнде Астана қаласының ана мен бала орталығы кішкентай қаһармандарға, олардың ата-аналары мен дәрігерлеріне құрмет көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Орталықта 4 бөлім бойынша туылғаннан бастап, кәмелеттік жасқа дейін 140 бала ем алуда. Осы салада 10 жылдық тәжірибесі бар онколог-гемотолог дәрігер Гүлшат Кушерова бір жылдың ішінде лейкозға шалдыққандар саны 240 пен 280-ге артып отырады дейді.

«Жұмысымыз эмоционалдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да өте қиын. Бірінші кезекте балаларға химиялық препараттармен ем қолданылады. Әрқайсысы неміс протоколдарымен емделеді. Көптеген инфекциялық аурулар, бактериялар, тұқым қуалайтын жағдайлар болуы мүмкін. Лимфобластық лейкозбен ауырғандардың 80%-ы емделіп шығады. Көп жағдайда туыстық донорлық отасы жасалынады», – дейді.

Шараға ем алушыларға болашақтан зор үміт барын көрсету үшін арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Олар дертінен айығып, қалыпты өмірлерін жалғастырып «чемпиондар» мен ата-аналары. Солардың бірі 9 жастағы – Нұркелді Нұрболат.

«2019 жылы онкологиялық ауруға шалдығып ауруханаға түстім. 2020 жылы сауығып шықтым. Алайда 2022 жылы рецидент болып қайта түсіп, ағам донор болып бауырыма трансплантация жасалды. Барлық ем алушыларға сабырлық пен күш жігер тілеймін», – деді ол.

Жыл сайын 250-ден астам бала лейкоз дертіне шалдығады

Орталықта 137 төсектік онкология және сүйек кемігін трансплантациялау бөлімі бар. Бүгінге дейін 186 трансплантация жасалған. Онкология бөлімі меңгерушісінің айтуынша, биылдан бастап шет елден донор табылған жағдайда реципиентті шет елге жіберудің қажеттілігі болмайды.

«2013 жылы біздің Денсаулық сақтау министрлігі балаларға арналған жаңа онколог-гемотолог мамандығын құру туралы жаңа бұйрық жасаған болатын. Ресейде дәл осындай бұйрық 2022 жылы ғана бекітілді. Бұл тұрғыда біз әлемдік стандарттар бойынша деңгейіміз жоғары. Биылдан бастап жаңа деңгейге өтіп жатырмыз. Бұл да көңіл қуантарлық жағдай», – дейді Даир Нұрғалиев.

Сонымен қатар, қайырымдылық қорларының жалған ақпараттармен қоғамды шатастырып жатқандығы жайлы да тілге тиек етті.

«Елімізде оталар тегін жасалады. Кейбір шетелдік оталарға да мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Бірақ ата-аналардың өтініштері бойынша қайырымдылық қорлары толық диагнозды қарастырмай қаржы жинап баланы шетелге жіберіп жатады. Ол емді өзіміздің жер де алуға болатынын біле тұра, әлеуметтік желілерде керісінше жазып халыққа медицинаны төмендетіп көрсететіндер де бар. Бұл тұрғыда жауапкершілік болу керек», – дейді.

2010 жылдан бастап онкологиялық дертке душар болған балаларға көмек көрсетіп келе жатқан орталықтың жеткен жетістіктері көп. Жыл сайын осы күні орталықта ақпараттық-танымдық, ойын-сауық бағдарламалар өткізіледі.

Жыл сайын 250-ден астам бала лейкоз дертіне шалдығады

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға