Жыл басынан бері сот қаулысымен 267 шетелдік елден шығарылды.
2023 жылдың 9 айындағы көлік полициясының жедел-қызметтік қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттері айқындалған кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.
Департамент бастығы Бақытжан Малыбаев Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сапарбекұлы Сәденовтің ІІМ алқасының кеңейтілген отырысында қойған негізгі талаптары мен берген тапсырмаларын жеткізді. Атап айтқанда, ол ішкі істер органдарының жұмыс деңгейін арттыру жөніндегі міндеттерді, ең алдымен: құқық бұзушылықтардың тиісті профилактикасын, құқық бұзушылықтардың барлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілікті» қамтамасыз етуді, ал қылмыс жасаған кезде оны ашу үшін барлық күштерді жұмылдыру керектігін атап өтті.
Көлік полициясының қызмет көрсету аумағындағы жедел-қызметтің жай-күйі туралы Департамент бастығының орынбасарлары егжей-тегжейлі хабардар етті. Баяндамашылар жыл басынан бері қабылданған кешенді шаралар елдің теміржол және әуе көлігі объектілерінде тұрақты жедел жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Кісі өлтіру және қарақшылық сынды қылмыстарға жол берілмеді. «Өткен жылдар» санатынан 46 қылмыс ашылды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында синтетикалық есірткіге қарсы күрес – бүкіл ел үшін басым міндет ретінде қойылды. Жыл басынан бері осы бағытта көлік полицейлерімен 95 алдын алу іс-шаралары жүргізіліп, 66 есірткі сайты бұғатталды. Есірткі заттарын өткізудің 27 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 423 кг түрлі есірткі заттары тәркіленді.
Басқосу барысында әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға және көлік объектілерінде қылмыстардың жолын кесуге баса назар аударылды. Мәселен, а.ж. қаңтары мен қыркүйегі аралығында көлік полицейлері 38 мыңнан әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Сондай-ақ, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1000-нан астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулысымен 267 шетелдік елден тысқары шығарылды.
Сондай-ақ КПД-нің кадр саясатын және жеке құрамының қызметтік-жауынгерлік даярлық деңгейін жетілдіру мәселелері талқыланды. Тәртіп пен заңдылықты сақтауға, қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтуге ерекше назар аударылды.
Кеңесті қорытындылай келе, Б. Малыбаев аппарат қызметтері мен желілік бөлініс басшыларының алдында Мемлекет басшысы және ІІМ министрінің еліміздің көлік объектілерінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндеттерін белгіледі.