Жаңалықтар

Жыл басынан бері МӘСҚ-дан 1 млн-нан астам қазақстандық төлем алды

Жыл басынан бері МӘСҚ-дан 1 млн-нан астам қазақстандық төлем алды
Фото: El.kz 09.10.2024 19:01 378

2024 жылдың 9 айында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын 1 млн 205,8 мың азамат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 699,9 млрд теңгеге төлем алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

МӘСҚ-дан 5 әлеуметтік тәуекел бойынша төлемдер жүзеге асырылады: еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша, жұмысынан айырылу жағдайы бойынша, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша, бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша.

Еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төлемдер тиісті мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша тағайындалады. Олардың мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициенттеріне, асырауындағы адамдардың санына, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне (жүйе) қатысу өтіліне және табысты алмастыруға байланысты болады.

Жұмысынан айырылу бойынша төлем 1 айдан 6 айға дейінгі кезеңге жүйеге қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысқа байланысты жоғалған табыстың 45%-на дейінгі мөлшерде тағайындалады. Бұл төлем жұмыстан босату себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды жұмыс іздеп жүрген кезеңде қолдауға арналған.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша біржолғы төлем жүктілік және босану бойынша демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Оның мөлшері жүктілікке және босануға байланысты демалыс күніне дейінгі соңғы 12 айда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты.

Бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы төлем бала туған күннен бастап тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады.

2024 жылы 1,2 млн алушының 583,4 мыңы әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш білдіргенін айта кеткен жөн.

Бұл ретте МӘСҚ азаматтарға арналған төлемдерге көзделген қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу мақсатында жоспарлы жұмыс жүргізуде.

Биыл МӘСҚ қызметкерлері әлеуметтік төлемдерді артық мөлшерде алу мақсатында түрлі қитұрқы әрекетерді қолданған 1,4 мыңнан астам дара кәсіпкерлерді (бұдан әрі – ДК) анықтады. Құқық қорғау органдарына әлеуметтік аударымдарды аудару кезінде ДК пайдаланатын тетіктер мен іс-әрекеттері әлеуметтік сақтандыру жүйесінен ақшалай қаражатты негізсіз шығаруға ықпал еткен дара кәсіпкерлердің тізімдері көрсетілген хаттар жіберілді.

МӘСҚ осындай ДК-да жұмыскерлердің нақты жұмысқа орналасуына тексеру жүргізген кезде 64 дара кәсіпкер өздерінде жалдамалы жұмыскерлердің барын жоққа шығарды. Бұл ретте оларда жұмыс істемейтін жұмыскерлер үшін ДК-дан әлеуметтік аударымдардың аударылуын олардың есептерін фискалдық органдарға тапсыратын бухгалтерлерге электрондық кілттердің берілумен байланыстыруда.

479 ДК бойынша еңбек қатынастарын орнату жұмыстары жалғасуда.

Сондай-ақ, төлемдерді негізсіз жоғары мөлшерде алу мақсатында МӘСҚ-ға бір адамға әлеуметтік аударымдар бірнеше жеке кәсіпкерден аударылған жағдайлар анықталды

Бүгінгі таңда МӘСҚ құқық қорғау органдарына 11 ДК (Ақтөбе, Павлодар облыстары және Алматы қ.) бойынша материалдар берді.

Тексерулер республиканың барлық өңірінде жалғасуда, құқық қорғау органдарына беру үшін материалдар дайындалуда.

Сондай-ақ МӘСҚ-дан тиесілі көлемнен артық мөлшерде төлемдер алу мақсатында кірісті әдейі асыра көрсетіп, қайта жүгінген өтініш берушілер бойынша құжаттарды қарау процесі қатаңдатылды. Бұл іс-шаралар заңсыз әрекеттердің жолын кесуге және оларға жол бермеуге бағытталған, осылайша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің барлық қатысушыларын әділ әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етеді.

Естеріңізге сала кетейік, алаяқтық әрекеттер үшін заңнамада қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға