Жыл басынан бері Астанада қанша бала терезеден құлап қайтыс болды
Астана қаласының ТЖД төтенше жағдайдың алдын алу басқармасының бастығы Бақытжан Мәуленбердиев Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте балалар арасындағы жарақаттың алдын алу туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, жыл басынан бері қала бойынша «112» пультіне балалардың терезеден құлауына байланысты жазатайым оқиғалар туралы 32 хабарлама түсті, оның ішінде 5-еуі – амбулаториялық, ал 4 жағдайда қайтыс болғаны тіркелді, сол сияқты түрлі дәрежеде 23 бала ауруханаға жатқызылды.
Қазір ТЖД балалар жарақатының алдын алу бойынша түсіндіру іс-шараларын жүргізуде.
Қазіргі уақытта 3000-нан астам көппәтерлі тұрғын үйді аралап, түсіндіру жүргізілді, 12 мыңнан астам жадынама орналастырылды (әр кіреберістің 1-қабатында және лифтерде), 15075 адамға түсіндірме жасалды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Байкеннің төрағалығымен балалар жарақаты, атап айтқанда, терезеден құлау мәселесі бойынша мүдделі мемлекеттік және құрылыс ұйымдарымен кеңес өткізілді, – деді басқарма бастығы.
Сондай-ақ ТЖД қызметкерлері көпбалалы отбасылардың үйлеріндегі терезелерге 45 қауіпсіздік құлпын қойды. «Өзіңнен баста!» балалардың терезеден құлауының алдын алу бойынша челлендж іске қосылды.
Сонымен қатар, адам көп жиналатын 40-тан астам нысанға (СОО, СҮ, базарлар, дүкендер) балалардың терезеден құлауының алдын алу бойынша аудиороликтер қосылды.
Ведомство ата аналарды балаларға қатысты қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды:
- үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмаңыз, бұл баланың өміріндегі ең соңғы сәттер болуы немесе оны біржола мүгедек етуі мүмкін;
- балаларды қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе терезе мен шыны есіктің алдында ойнап жүрген болса;
- терезеден құлаудан қорғау үшін москит торын пайдаланбаңыз. Әдетте балалар москит торына сүйеніп тұрғанды ұнатады әрі оларды сенімді тірек ретінде қабылдайды;
- баланың терезені өз бетінше ашуына кедергі келтіретін қауіпсіздік құлыптарын (блокаторлар) терезелерге орнату керек;
- жиһазды терезелердің жанына қоймаңыз.