Жыл басынан бері алаяқтықтан 36 мыңнан аса адам зардап шекті

Жыл басынан бері алаяқтықтан 36 мыңнан аса адам зардап шекті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 2023 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша алаяқтықтың төмендеуі байқалып отыр. Жалпы тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтардан алаяқтықтың үлесі – 30%.
Аймақ бойынша ең көп алаяқтық:
- Алматы қаласында (6 мың 742),
- Астана қаласында (5 мың 358),
- Қарағанды облысында (2 мың 590),
- Шымкент қаласында (1 мың 921),
- Алматы (1 мың 836),
- Ақтөбе (1 мың 334),
- Атырау (1 мың 319),
- Қостанай (1 мың 311),
- Павлодар (1 мың 244),
- Шығыс Қазақстан (1 мың 243) облыстарында тіркелген.
Алаяқтық әрекеттердің салдарынан 34 мың 623 адам зардап шекті, оның ішінде:
- ерлер – 15 мың 603,
- әйелдер – 19 мың 20.
- кәмелетке толмағандар – 102,
- мектеп, гимназия, лицей, колледж, жоғарғы оқу орындарында оқитындар – 291,
- зейнеткерлер – 1 мың 714,
- мүгедектер – 8.
Интернет-алаяқтық фактілері 1,5% төмендеді. Еліміз бойынша барлығы 15 мың 616 (15 848) осындай қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген.
Ақша қаражатын қарызға алу арқылы алаяқтық 73% төмендеді. Барлығы 24 (89) факт кездескен. Төлем карталарын пайдалану арқылы жасалған алаяқтық фактілері бойынша да төмендеу байқалады. Барлығы 197 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2% аз. Жер құқықығы қатынастары саласында барлығы 3 факті тіркелген және оның барлығы Алматы облысында.
