Былтырғымен салыстырғанда үйленгендер саны 15,2%-ке кем. Ranking.kz жариялағандай, қалада 42 600 жұп некесін заңдастырған. Бұл - былтырғы көрсеткіштен 5%-ке кем, деп хабарлайды EL.KZ Хабар-24 арнасына сілтеме жасап.
Той-тоймалақтың азайғанын әсіресе ауыл халқы сезінсе керек. Шаңырақ көтеруге ниеттілердің саны өңірлерде күрт төмендеді. Салыстырмалы көрсеткіш 38 пайыз-ға кемігенін аңғартып отыр.
Ауылды жерде некеге тұрғандардың саны едәуір азайғаны - урбанизация процесінің бір көрінісі болса керек. Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев осылай деп пайымдайды. Ауылда жұмыс жоқ, күнкөріс төмен болғандықтан жастардың дені қалаға жөңкіле көшетіні ешкімге құпия емес. Психолог отбасылы болуға асықпаудың басқа да себебін келтіреді.
Байқауымша, Қазақстанда соңғы кездері отбасы институты әлсіреп бара жатыр. Қымбатшылық қысқан кезде тұрмыстағы зорлықтың өршуі осыған салмақты себеп болса керек. Жоғарыдағы билік бұл мәселеге көңіл бөліп, тиісті шара қолданса екен - дейді психолог Ержан Мырзабаев.
Оның үстіне пандемиядан кейін қоғам енді ғана ес жия бастады. Осы аралықта жастар да тұрмыстық жағдайын жақсартып барып, одан кейін ғана отау құру қажеттігін жете түсінсе керек. Той саны азайды. Сәйкесінше, салтанатты іс-шараны дүркіретіп өткізетін мейрамханалар дәуірі қалып барады.
Негізгі табыс көзі той-думан болғандықтан, елдегі мейрамханалар да індеттің салдарынан әлі айыға алмай жатыр. Тұсау кесу, ұзату, той сияқты салтанатты жиындар бұрынғыдай жиі өтпейді. Өткізсе де, халық қазір кішігірім тойды не үйде, не шағын дәмханада өткізетін болды - дейді Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.
ranking.kz жариялаған статистика екінші жартыжылдықта біршама өзгеруі мүмкін. Дегенмен біз отбасы институтын дәріптеуде қалыс қалған жоқпыз ба?
Анығында, бұл сауалға жауапты Қазақстандағы қоғамдық даму институты жанындағы отбасылық зерттеу орталығы екі жыл бұрын берген. Іргелі зерттеуді сараптай келе, әлеуметтанушылар тұрмыста зәбір көрмес үшін әйелдер мен балалардың құқығын қорғауды жетілдіруді ұсынды. Сондай-ақ, жастардың отбасылық өмірге дайындығын күшейту керегі айтылды.