Жаңалықтар

Жыл басынан бері 300 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген

Жыл басынан бері 300 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 12.06.2024 19:06 538

Жылдың басында Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінде өткен алқа мәжілісінде құқық бұзушылықтың профилактикасына назар аударуды тапсырды, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Осы ретте, Президент тәуекел тобындағы тұлғалардың басым бөлігі уәкілетті органдардың назарынан тыс қалып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты барлық профилактика жүйесін түбегейлі қайта қараудың қажеттілігі туындайды.

Қазақстанда 10 жылдан астам қоғамда ұсақ бұзақылық, алкогольдік ішімдіктерді ішу, қоғамдық орындарда тиісу, қалдықтарды тастау және тағы басқа сияқты жиі жасалатын әкімшілік құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру саясаты белсенді түрде жүзеге асырылып келеді.

Бұл шаралар елдегі қоғамдық тәртіпті нығайтуға ғана емес, халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылдың 5 айында елімізде қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын 323 105 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда (2023 жылдың 5 айы-273 360) 18,2%-ға жоғары.

87 408 тұлға (82 271) алкогольдік ішімдік ішкен немесе қоғамдық орындарға масаң күйде жүрген (ӘҚБтК-нің 440-бабы).

75 603 тұлға (62 456) ортақ пайдаланылатын орындарды ластады (ӘҚБтК-нің 434-2-бабы).

Қоғамдық орындарда тиісу үшін 42 540 тұлға (33 230) жауапкершілікке тартылды (ӘҚБтК-нің 449-бабы).

41 370 тұлға (37 006) түнгі уақытта азаматтардың тыныштығын бұзған (ӘҚБтК-нің 437-бабы).

Ұсақ бұзақылық жасағандардың саны (ӘҚБтК-нің 434-бабы) 8 706-ны (6 381) құрады.

50 906 (41 949) кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болған (ӘҚБтК-нің 442-бабы). Бұл құқық бұзушылық әсіресе жазғы демалыс күндері, түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген жасөспірімдер қылмыстық құқық бұзушылық жасауы немесе қылмыстық оқиғаның құрбаны болуы мүмкін кезде өзекті.

Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер жеке санат болып табылады, олар 3 есеге өсті (16 172-ден 43 812-ге дейін).

Бұл ретте, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілерінің саны 4305 (2 709), ал ұрып-соғу – 7 413 (2 288) құрады.

Мұндай құқық бұзушылықтардың күрт өсуіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер ықпал етті, оған сәйкес 2023 жылғы 1 шілдеден бастап отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанының жазбаша арызы талап етілмейді.

Осы жылы заң шығарушы ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін жауапкершілікті күшейтіп, а.ж. 15 маусымынан бастап, олар қылмыстық құқық бұзушылық санатына жатқызылды. Бұл мемлекет тарапынан зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушіліктің бір көрсеткіші.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдар, ғылыми қоғамдастық өкілдері, халықаралық ұйымдар, қоғамдық кеңес және т.б. қатысуымен Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы жаңа бірыңғай тұжырымдамалық заңды әзірлеуге кірісті.

Бірыңғай құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңда профилактика туралы нормаларды қамтитын бес біртекті заңды біріктіру жоспарлануда (2010 жылғы «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы», 2009 жылғы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», 2004 жылғы «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», 1996 жылғы «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы», 2004 жылғы «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы»).

Оның аясында құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындалады, сонымен бірге профилактика субъектілерінің тізбесі және олардың құзыреті кеңейтіліп, жауапкершіліктің аражігі ажыратылады.

Сондай-ақ профилактикалық ықпал етуге жататын тұлғалардың тізбесін, үйлестіру тетіктерін және жеке профилактика құралдарын қайта қарау жоспарлануда.

Бас прокуратура бұл тізімге бірнеше рет біртекті әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, сол арқылы қоғамға және жалпы адамзаттың имандылық құндылықтарына деген көзқарасын және құқықтық нигилизмді көрсететін құқық бұзушыларды қосуды ұсынып отыр.

Заңның қабылдануы аясында алдын алу жүйесі құқық бұзушылықтардың ерте профилактикасына назар аударылады, сондай-ақ профилактика мәселелеріне қоғам, мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдар қатысатын болады.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің талдау тобымен қайталап жасалған құқық бұзушылықтарға қатысты жүгізілген зерделеу жұмысы ерте профилактиканың маңыздылығын айқындайды.

Талдау нәтижесі көрсеткендей, қылмыстық тұлғаның қалыптасуына әкелетін қоғамға жат мінез-құлық көріністерінің бірі ретінде тұлғаның жүйелі түрде әкімшілік жауапкершілікке тартылуы болады.

Демек, адам Жол жүрісі қағидаларын бірнеше рет елемейтін болса, алдағы уақытта жол-көлік оқиғасын жасауы мүмкін.

Жеке адамға қарсы немесе отбасы-тұрмыстық салада, оның ішінде отбасы мүшесіне қатысты бірнеше рет құқық бұзушылық жасалатын болса, ол ауыр салдарға айналуы мүмкін. Ал қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қарсы жасалған құқық бұзушылықтардың өзі құқықтық мәдениеттің жоқтығының көрсеткіші, сондай-ақ қылмыстардың жасалуына жағдай жасайды (ұрлықтан кісі өлтіруге дейін).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға