Жаңалықтар

Жүсіпбек Қорғасбектің кино тақырыбына жазған мақалалары

Әдебиетті ғана емес, кино тақырыбын да үлкен дискуссияға айналдырған редактор
Жүсіпбек Қорғасбектің кино тақырыбына жазған мақалалары
22.09.2017 18:03 2530

Жүсіпбек Қорғасбек – әдебиетті ғана емес, кино тақырыбын да үлкен дискуссияға айналдырған редактор. Киноның заманы туып тұрған кезде, қазақ киносы артта қалып қойды. «Абылай хан қалай жат планеталықтармен соғыса жаздады?» деген үлкен  сын материал жарық көрді. Одан кейін де режиссер Талғат Теменов, киноактер Жанас Ахметұлы жауап жазып, газет бетінде өз пікірлерін білдіріп, кино тақырыбының тамырына қан жүгірді. Дінмұхамед Қонаев «Қазақтың екі проблемасы бар. Ол – «Қайрат» пен «Қазақфильм» деген екен. Осы екі проблема әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ.

Ең алғаш Әмірхан Меңдекенің «Астана күні һәм ламбада» мақаласы «Әшкере әңгіме» айдарымен жарық көрді. Қаптап кеткен түрлі шоулардың, фестивальдардың, той-тамашалардың, көп сериялы фильмдердің ар жағында кім тұр, қанша пайда түседі деген сұрақтар төңірегінде мәдениетке, өнерге қатысты мемлекеттік қызметтер атқарған, өнер әлемінің егжей-тегжейін жақсы білетін, аты-жөнінің құпия болуын өтінген «белгісіз жаннан» сұхбат алды. Демеуші тарапынан ешқандай бөлінбей, өз өнері, сатылымға түскен билеттің ақшасы ақтап шығатын іс-шараларды айтады. Міндетті түрде пайда түсетін іс болу керек, әйтпесе шоудың қасына «бизнес» сөзін жайдан-жай тіркемейді ғой. «Азия дауысын» өткізіп жүрген Мұрат Ерғалиевті, Александр Пономаревті шоу-бизнестің акулалары деп оттап жазып жүр. «Азия дауысы» - сатқан билетпен өз құнын өтей ала ма? Әлде видеотаспалары, диск, кассеталары мол тиражбен сатылып қыруар қаржы түсіре ме? Жоқ. Негізгі табыс көзі демеушілер. Демек, бұл шоу-бизнес емес. Шоу-бизнесте «Маймыл әкелу» деген ұғым бар, кез-келген жиынға, концертке халыққа ұнайтын жұлдыздардың біреуін әкеп қойсаң, халық өздігінен жиналады.  Ресейдің, шет елдің әншілерінің құны тым жоғары, алайда Абайдың 150 жылдық «На-на» мен «Ялланың» келген, Астана күнінде әр облыстан келген делегация жартылай жалаңаш қыздардың бастауымен ламбада биін билеп шеру жасады. Шеру бітісімен, Иосиф Кобзон бастаған Ресей жұлдыздары шықты. Бұл – дербес елдің астанасын, қазақтың мәдениетін, тарихы мен өнерін қорлаудың классикалық үлгісі. Қазір де Қазақстанға екінші сортты, сәннен қалған шетелдік әншілер келіп жатыр,  қыруар қаржыны солардың қалтасына салып береміз.  Ванесса Мэй деген скрипкашы қызды екі жүз мың доллар төлеп шақырады, ал отандық әншілер құны арзан болса да, уәде еткен ақшаларынан айлап-жылдап ала алмай жүреді.

Әңгіменің жалғасы «Абылайхан қалай жатпланеталықтармен соғыса жаздады?» мақаласында өрбіді. «Еуразия» кинофестиваліне аса көп қаражат жұмсадық, бірақ одан қазақ киносына еш пайдасы болған жоқ. Кинофестиваль өткізу үшін қазақ киносының әлемдік орны болу керек, әлем түгілі қазақ киносын қазақтың өзі білмейді. Фестивальден кейін ешқандай фильм шетелге сатылған жоқ. Әлемнің үлкен телеканалында көрсетілген жоқ.  Қазақ киноларының кейбіреулері шетелдің аса танымал емес, іш пыстыратын фестивальдеріне қатысып, бәйге алып қайтады. Сосын дүрілдейміз, бізді әлем таныды деп. Әлемнің кез-келген жерінде өнерін саудалап, өзін-өзі асырай алса, әлемдік деген сол. Біздің еліміз де таланттан кенде емес. Бірақ, талант деген бір бөлек те, әлемге танылу бір бөлек. Қытай он-жиырма жыл дайындалып, дәстүрлі спорттарын насихаттап, сапалы фильм түсіріп, Американың, Канаданың кино прокатына ілінді. Ал біз төтеден бір-ақ ұрып, Киану Ривзды Абылай ханның рөліне шақырмақ болдық. Ривз Абылайдың жастық шағын ғана ойнайды, қартайған кезін сомдау үшін Майкл Дугласты шақырамыз деп жобалаған. Және бұл дастарханның басындағы әңгіме емес, үкіметке осындай ұсыныстар жасалған. Бәрінің ойлап жүргені – киноның көркемдік жағы емес, Американың, Голливудтың көзіне қалай түсеміз, қазақты қайтсек «крутой» етіп көрсетеміз деп жанталасып жүр. Ораз Рымжанов үш этажды киіз үй жасатып, қазақтарды өркениеті дамыған ел етіп көрсетіп, америкалықтар мен еуропалықтар аяғымызға жығылады деп ойласа керек. Нұғманов деген режиссер Абылайханды жатпланеталықтармен соғыстырып, оларды жеңіп, Абылай хан бүкіл жер шарын қорғады дегенге саятын фантастикалық фильм түсіргісі келіпті. Абырой болғанда, фильм Нұғымановқа берілмеді, осыдан кейін қазақ қоғамында оппозиционер Рашид Нұғманов пайда болды. Бізге Абылай туралы фильм түсіруге әлі ерте, он жылдай уақыт өтіп, қазақ киносы белгілі бір дәрежеде даму керек. Қазір асығыс түсіргенімен, ешкім қызықпайтын, ешқандай атақ-даңқы кезекті фильмдердің бірі боп шығады. Түсіріле қалған жағдайда да, Қазақстанда бір-екі миллионер пайда болуы мүмкін. Космополиттік өнер деген болмайды, кез-кезген ұлы өнер – ұлттық өнер. Өзіміздің бай мұрамызды жинақтай алмай жатып, өз мәдениетімізді бағамдамай жатып, өзге мәдениетке еліктеу жөн емес» - дейді құпия кейіпкер.

Сұхбат жарияланғаннан кейін, редакцияға хат жазып, қоңырау шалғандар көп болыпты. Шымкент қаласынан А.Сарин есімді оқырман: «Қыз Жібектен» кейін дені дұрыс кино көрмедік, Дулат Исабековтың «Тіршілік» повесінің желісімен фильм түсірілді деп естідік, қайда сол фильм? Неге халыққа көрсетпейді. «Кино түсіріп жатырмыз, қазақтың ұлттық жабдықтары керек» деп бір азамат жергілікті ұсталармен шарт жасасты. Ақырында ұстаға болымсыз ақша төлеп, қыруар ақшаны жамбасына басты» десе, алматылық С.Тоқтарұлы «Астана күні һәм ламбада», «Абылайхан қалай жатпланеталықтармен соғыса жаздады?» сұхбаттарын «Қазақконцерт» мекемесінің алдына іліп қойыпты.

Сұхбаттың ізін суытпай, киноактер Жанас Ахметұлының пікірі «Мәселе Абылайханда ғана ма?» деген атаумен берілді. Пікірдің тапсырыспен жазылғаны көрініп тұр, немесе журналистер пікір беріңіз деп қоймаған соң, амалсыздан  қазақ киносының арғы-бергі тарихын айтып: «мәселе орынды көтерілген, бәрінің арманы – үлкен қаражат алу, мемлекеттің қаржысын алу, басқада шаруасы жоқ. Жақсы заңгерлер, экономистер, киногерлермен жұмылып қазақ киносының концепциясын жасап, жаңа механизммен жұмыс істеуіміз керек. Жаңа кино механизмі, жаңа реформа, жаңа прокат жүйесі іске қосылса, қазақ киносы дамиды» деген үйреншікті сөздермен құтылған.

Талғат Теменов те үнсіз қалмай, «Қазақ әдебиетінде» «Қазақ киносының ғажабы мен азабы» деген қарсы мақала жариялады. Мақалада қоғам бұзылды, артистердің жағдайы төмен, кинотеатрлар жабылды, жастар Бразилия мен Мексика сериалдарының құрбаны болды деп, сынға ұшыраған Ораз Рымжановтың өліміне «Қазақ әдебиеті» кінәлі деп айып тақты. Құпия кейіпкерге: «1937 жылы, 1986 жылы осындай «аты-жөні белгісіздер» қазақтың түбіне жеткен. Ешқандай үш қабатты киіз көргенім жоқ. Асанәлі Әшімов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» фильміне 40 қанатты зәулім киіз үй жасатқан. Шетелге мақтану үшін емес, оператор отырған кран емін-еркін жылжу үшін жасатқан. Ешқандай шетелдік әртіске шақыру қағазын жіберген жоқпыз»  жауап береді. «Қазақфильмнің» қол қусырып отырмағанын, біраз жаңа фильмдердің көрерменге жол тартатынын айтқан.  Олар – Лейла Аранышева түсірген «Десант», Әсия Сүлеева мен Серік Райбаевтың «Ғажайып демеушісі», Серік Апрымовтың «Ағайынды үш жігіт», Дәмір Манабаевтың «Мен сенен қорқам, көкетай» фильмі, Ұлжан Қолдауова «Сағыныш», Сәкен Нарымбетовтың «Ләйлімнің көз жасы» фильмдері. Арада он бес жыл өтсе де, бұл фильмдердің бірде-бірі халыққа көрсетілмеді. Бұл – қанша қаражат желге ұшты деген сөз.

Мақала жыры мұнымен біткен жоқ. «Қазақ әдебиетінің» редакторы ретінде  Жүсіпбек Қорғасбек «Тағы да сол баяғы, Байғожаның таяғы» деген мақала жазды. Ницше айтқандай, нағыз шындық алғашында қыңырлыққа ұқсап тұрады, сұхбаттағы ақиқатты да мәдениетке жауапты адамдарға ұнаған жоқ. Үлкен азаматтар редакцияға жылап-еңіреп келіп, «ана сұхбатты берген бұл кісі емес деген анықтама беріңдерші, өлтіретін болды» деп жалынған. «Ең қызығы, сұхбатта көтерілген мәселелердің жай-жапсарын ешкім сұраған жоқ. Бәрінің білгісі келетіні – КІМ? Мұндай сұмдық сұхбатты берген кім?»  О.Рымжановтың қайтыс болуына Теменовтің бізді кінәлауы – шарасыз адам дәлелдің орнына пәле іздейдінің кері. Сынаған сайын кісі өле берсе, Қазақстанда абыройлы, аты белгілі, атақты ешкім қалмас еді ғой. Жамандаудан кісі өлсе, орыс тілді, қазақ тілді басылымдардың бір сыпырасы тыным көрмей «харамдап» жатқан «Қазақ әдебиеті» баяғыда жабылып, қызметкерлері қырылып қалар еді. Күн жетпей, адам өлмейді. Теменов сұхбатта айтылған нәрселерді ойдан шығарылған депті. Болған іске куәлар, күлдібадам идеялардың авторлары аман-есен ортамызда жүр. Теменов жақсылап іздесе, күмән келтірген нәрселерге құжаттарды тауып алады. Сұхбат жарияланғаннан кейін ресми орындардан ешқандай жауап келмеді, бірақ  Астана мен Алматыда шетел жұлдыздарының дүрілдеген концерті өтті.  Бізге берілген «нақты жауап» осы болды. Әзірше, қазақ журналисі жұбаныш қылатын бір-ақ нәрсе бар – көрмей отырған жоқпыз, көргенімізді, білгенімізді айтпай қарап отырған жоқпыз», деп жұбаныш етеді.

Абылай ханның әлегі мұнымен біткен жоқ. Ж.Қорғасбек «Жас Алашқа» редактор болып тағайындалғанда да, «Қ.Қаған» псевдонимімен, «Әдебиет және өнер» айдарымен  «Көшпенділер» фильмінің түсірілуі жайлы «Американдықтарға Абылайханды ойнау түкке тұрмайды» деген мақала жариялады. Мұнда «Көшпенділер» фильмінің түсірілімі басталатынын, 7 ай ішінде түсіріліп біту керектігін, Қытайлар монтаждап, француздар гримдеп, американдықтар Абылайдың рөлін сомдайтынына көңілі толмайтынын білдірді. «бір халықтың көркемдік дүниесіне өзге ұлт өкілінің үстемдік жүргізіп, араласуы жақсы емес»,  деп шын мәніндегі ұлттық киноны қай ұлттың өкілі болса да қабылдауға қабілетті. Шын мәнінде қазақ болмысын танытатын туынды шығады деп үміттенеді.

2003 жылы «Лениншіл жаста» «Көшпенділер» фильмі туралы «Голливудтық әдіс: ақысыз аққан қан мен себепсіз домаланған бас» деген Сәкен Жүнісовтың үлкен мақаласы жарық көрді. Оны жазу себебін «Талғат Теменовтың өзін көтеріп, мені бұқтырып даттағанын оқығанда, жауапсыз жатуға дәтім шыдамады», деп түсіндіреді. Сценарий бекітудегі келеңсіздіктерді, «Оскар» иегері, ұлты басқа Рустам Ибрагимбековтің сценарийді жаратпай, «Көшпенділер» деген өзінің сценарийімен кино түсіретін боп шешкенін ашына отырып жазды. Талғат Теменов «Гәптің бәрі қаламақыда», деп тағы да қарсы мақала жазды. Осылайша, Қазақстанда кино өнері біршама дамыды, кез-келген қоғамдық-саяси басылымның тұрақты тақырыбына айналған.

«Жас Алашта» кино туралы басқа да көптеген материалдар жарық көріп келеді.  Жұлдыз Әбілдә «Мәскеу 10 жыл бойы бір де бір қазақ киносын көрмепті», деп жазды. Болатбек Төлепбергеннің «Қазақ  киносының жағдайы көшкен жұртта қалып қойған Асан мен Үсендей» мақаласы жарық көрді. Онда қазақ киносын қорғансыз, өмірлік тәжірибесі аз, бағыт-бағдары жоқ деп бағалайды. Кино мамандары рухани кемшін, кәсіби шеберлігі аз деп, Ш.Айманов, С.Қожықов, А.Қарсақбаевтардың туындыларын мақтайды. Мәдениет саласы жеткілікті көңіл бөлсін, бюджеттен ақша бөлінсін деген сияқты жауыр болған жаттанды сөздерді тізіп қойған. Оған қарағанда, Руслан Ерботаның «Терроризм киномен егіз бе едің?» атты мақаласында мән бар. 2002 жылдың 23 қазанында, Мәскеу театрында  700-ден астам адам жараланып, 170-ке жуық адам қаза тапқан, жұртшылықтың жағасын ұстатқан үлкен терракт орын алды. Рас-өтірігі анықталмай жатып, журналистер телеарналардан шешен ұлтының азаматтары, бұзақылар деп жариялап жіберді. Осының кесірінен, бүкіл шешен халқына террорист деп қарады. 2001 жылғы АҚШ-та болған апатты да террористердің кінәсі деген болатын. Журналист бұл мақалада осыншама мейірімсіздіктің қайдан шыққанын іздеп, бәріне киноны кінәлі деп табады. Айдың-күннің аманында, Американың атыс-шабыс фильмдері террористік идеяны насихаттап отыр деп жазды. «Кино тек өнер, өмір шындығы емес» деп ойлайтындар қатты қателеседі. Кинодағы адам өлтіру, кісі тонау, қыз зорлау, тыныш тұрған ғимаратты жара салу – әлемнің түкпір-түкпірінде қайталанып, қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Мәскеудегі қайғылы оқиғаға да адамдар еш таң қалмай, әдеттегі жағдай деп салғырт қарады. Тым болмаса кино әлемінде жан тазартатын фильмдер көбейсінші деген тілек айтады.

Жүсіпбек Қорғасбек «Қазақ әдебиетінде» 2 жылдан аса редактор болғанда көптеген жаңалықтар енгізіп үлгерді, ұлттың жоғын жоқтап, ұпайын түгендеген газет қалыптастырды.  «Жас Алашта» да өз бағытынан жаңылмай да ел мен жердің тұтастығын бірінші орынға қойды. «Жас Алаш» о бастан  жаңашылдықтың, тынымсыз ізденістің газеті болған, бұған 2010 жылы қазақтілді басылымдардың алғашқысы болып ғаламтор жүйесіне енгені дәлел.  Жаңа мыңжылдықтың тұсында журфакты бітірген жастардың бәрі «Жас Алашта» жұмыс істеуді армандайтын. «Жас Алаштың» алғашқы нөмірі 1921 жылдың 22 наурызында Ташкент қаласында жастар басылымы ретінде шыққан. Тұңғыш редакторы – Ғани Мұратбаев.Алғашқы он жылда бұл басылым бетінде Ғ.Мұратбаевтың «Жетісу мәселесі һәм қазақ-қырғыз мәселесі», С.Садуақасовтың «Қазаққа не керек», Н.Надымжановтың «Шаруаны  үйрену керек», Ж.Сақтаевтың «Жастар жылап жүр» деген материалдары жарияланды. Ал отызыншы жылдары  комсомолдар, стахановшылар, малшыларды насихаттаумен қатар, қазақтың зиялы азаматтарын қаралау, халық жауы деп айыптаған материалдар шығып жатты. Мәселен, Л.Лекеровтың «Мыңбұлақ совхозының комсомолдары мал бағуды қамқорлығына алды», Рахымовтың «Халық жауларының искусстводағы зиянкестік зардабын түгел жояйық», Кенжеғараевтың «Халық жауларының бірін қалдырмай жоямыз», Е.Смайыловтың «Жүргенов пен оның құйыршықтары» атты мақалалар сол кездегі саясатқа байланысты жарық көрген.  Елуінші жылдары тың игеру науқаны басталғанда, М.Мәдиевтің «Жайқалған егінге барайық, достар, тың жерге», С.Бердіқұловтың «Жомарт жүректілер», Х.Тілемісовтың «Тың тынысы», Т.Иманбековтың «Өмірде өз орны бар» сияқты дүниелер жарық көрді. Ғарыш әлеміне ұмтылған алпысыншы жылдары «Лениншіл жаста» Т.Айбергеновтың «Мұнаралары», Ф.Оңғарсынованың «Отты жырлары», Ә.Дүйсенбиевтің «Советтік ақыл бүгін биіктеді» сияқты туындылары жарияланды. 

80-ші жылдардың басында да «Лениншіл жас» саяси шеңбер ауқымынан шыға алмады. Комсомолдың тұрмысы, социалистік қоғамды көкке көтеретін, бейбітшілікті қолдау туралы жалынды сөздерге толы материалдар басылды.  «Ленин және жастар», «Бейбітшілік. Достық.Ынтымақтастық», «Ұйым екеу болғанмен, мақсат біреу», «Екпінді вахтада – жас мұнайшылар» т.б кеңестік кезеңге тән жансыз, сұрқай, жалған есеп берушілік көрініп тұр.  Негізінен заметка, есеп, репортаж, сұхбат, рецензия,очерк жанрындағы материалдар жиі кездеседі. «Маздақ» мәдени-тұрмыстық клубы, «Ақ отау» жас семья клубы, «Ақшам» сенбілік беті, «Шартарап» саяхатшылар клубы тәрбиелік мәні бар жақсы дүниелер жазылды. Жанболат Аупбаев, Жарылқап Бейсенбаев, Жұмагүл Солтиева, Айқын Несіпбаев, Қонысбек Ботбаев, Баян Болатханова сынды талантты журналистер еңбек еткен.

Ал тоқсаныншы жылдары тәуелсіздік пен жариялылықтың лебін пайдаланып, репрессия жылдарындағы жағдайды оқырмандарына жеткізе білді. Т.Кәкішевтің «Сәкен мен Серебрякова», Қ.Ботбаев пен Т.Данияровтың «Ату жазасына кесілген», Б.Момышұлының «Жетімнің қайта оралуы» сияқты циклды материалдар жарық көрген.  Тәуелсіздік алып, азат ел атанған соң «Лениншіл жас» «Жас Алаш» болып өзгертті. 2000 жылы ұлттық баспасөз клубы, Қазақстан баспасөз клубы, “Алтын жұлдыз” орталығымен бірігіп өткізген дәстүрлі “Алтын жұлдыз” бәйгесінде “Жас Алаш” жылдың ең үздік газеті атанып, “Алтын жұлдыз” белгісімен, газеттің бас редакторы Нұртөре Жүсіп мемлекеттік тіл мен ұлттық дәстүрді дамытуға сіңірген еңбегі үшін жылдың таңдаулы “Алтын адам” сыйлығымен марапатталды. “Студент”, “Руханият”, “Алдаспан”, “Мыңнан бір мезет”, “Ақ отау”, т.б. қосымшалары бар. Жалпыұлттық қазақ басылымы. О баста негізінен жастарға бағдарланғанымен, «Жас Алаш» — үлкен-кіші үзбей оқитын дәстүрлі әрі жаңаша басылым. Сонымен бірге ол — Қазақстандағы белгілі де беделді журналистика кадрларын тәрбиелеп шығарған ұстахана іспетті. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, журналистикасы мен публицистикасының небір майталмандары жұмыстарын алғаш рет осы қарашаңырақтан бастаған.

Бүгінде бұл басылымнан тұрмыс-тіршілігіміздің сан-саласын қамтыған өткір де өзекті дүниелерді оқуға болады. «Жас Алашта» күнделікті жаңалықтармен қатар, саясат пен экономика, әдебиет пен мәдениет, өндіріс пен экология, қылмыс және заң, қаржы және басқару жүйесі, маркетинг пен менеджмент, білім беру мен денсаулық сақтау, өнер мен өзге де тақырыптарды қамтыған мақалалар тұрақты жарияланады. «Студент», «Ырғақ», «Мыңнан бір мезет», «Отбасы» атты қосымшалары бар. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін оқырман хаттары «Мақатаев-22» бетінде жарияланатын болса, әр саланың қайраткер тұлғалары мен сарапшы мамандардың сұхбаты «Ашық әңгіме», «Екеуара  әңгіме» айдарларымен беріліп тұрды.

Ж.Қорғасбек 2002 жылы Бас редактор болып келді. «Жас Алаш кімнің жағында?» мақаласында «Жаңа жұмысымда редакторлық қолтаңбам өзгермес, айнымас. Қазақтың рухани әлемінің ордасы болғымыз келсе, біржақтылықтан саналы түрде бас тартуға тиіспіз. Ой-пікірлер тайталасы «Жас Алашты» ақиқат жолынан адастырмас деп ойлаймын» деп «Жас Алаштың» бағытын айқындап,  «Ел мен жерді тек әскер қорғамайды, ұлт пен мемлекет мәселесін билік басындағылар ғана күйттемейді. «Жас Алаш» жетпіс бір мың бір жүз он жеті оқырманымен осы сапта. Оқырман көбейсін. «Жас Алаш» оқырман жағында» деп оқырман хаттарын асыға күтетінін жеткізеді.

Жүсіпбек Қорғасбек «Жас Алашқа» келісімен, барлық мақала оқылатын болсын деп талап қояды. Әдетте бір мақала оқылымды болса болды деп, газеттің орнын толтыру үшін жәй мақалаларды жіберу көп кездесетін. Бас редактор идеяның адамы болуы тиіс, Ж.Қорғасбек де шәкірттеріне идея ұсынып, жаңа айдарлар ашқан.  Мәселен, «Айдың арғы беті» деген айдармен елге танымал адамдардың сұхбаты, эксклюзивті суреттері жарық көрді, онда журналист тұлғаның жан дүниесін ашатын сұрақтар қояды.  Мәселен, «Бұйырған бақыттың дәмін татқан адаммын» деген атаумен талантты актер Қасым Жәкібаевтың сұхбаты берілді. Сол сұхбат арқылы, Серке Қожамқұловты пір тұтқаны, шетелде бір-ақ рет болғаны, онда да гастрольдік сапар емес, кинофестивальге барғаны, «Тоғысқан тағдырлардың» 1000 сериялы болып жоспарланып, 468-бен тоқтағаны, балалар мен жастар театрында жарты ставкаға жұмыс істеп жүргені, қиындықтарды қалай жеңетіні туралы қызық, тілге жеңіл материал жарық көрді. Дәл осылай Әшірбек Сығай, Бақытжан Жұмағұлов, Қыдырәлі Болман секілді тұлғалармен сұхбаттар жарияланып тұрған.

«Жеке пікір» атты жаңа айдарда «Жас Алаштың» журналистеріне шығармашылық еркіндік берілді. Бас редактордың орынбасары Қали Сәрсенбай, екінші орынбасары Әмірхан Меңдеке, шолушы Айгүл Аханбайқызы, Әділбек Қаба, Есей Жеңісұлы, Сәлима Ысқақова, Ғалымжан Елшібай, Руслан Ерболұлы, Көсемәлі Сәттібайлардың жеке пікірі, көзқарастары жарияланып тұрды.

2003 жылы Ж.Қорғасбектің «Ш.Айтматов қай елдің қалам қайраткері?» деген мақаласы шықты. Мұнда соңғы әлемдік жаңалықтарды саралай отырып, орыс тілінің үстемдік жүргізуі, Еуропаны әлі де жатырқап жүргенімізді көрсетті. Телеарнаның біріне берген сұхбатта: «Ш.Айтматовты қай елдің жазушысы деген дұрыс? Қырғыз жазушысы дейін десек – тілі орысша, орыстың жазушысы десек – ұлты қырғыз. Ендеше Айтматов - Еуразияның ұлы жазушысы», деген журналистің сөзіне Айтматов «мен әуелі қырғыздың жазушысымын» деген сөзді айтпады, келіскен сыңаймен үндемеді. Және Айтматовтың: «Еуропалық одақтағылардың бірі немісше, бірі французша шүлдірлеп басты қатырады. Бізде ортақ тіліміз – орыс тілі бар, сол біздің артықшылығымыз» деген сөзімен де келіспей, бұл біздің үлкен кемшілігіміз дейді. Жапонның атақты жазушылары, режиссерлері жапонша жазып, жапонша түсіріп танылып жатыр. Айтматов Алла берген телегей-теңіз таланытмен қырғызша жазса да, әлемге танымал болар еді деген ойды айтты.

 «Мақатаев 22» («Жас Алаштың» мекен-жайы) айдарын ашып, халықтың хаттарын назардан тыс қалдырмауға, халықтың хаттарын көп жариялауға тырысқан. Мәселен, дәл осы «Мақатаев22» айдарында жетісайлық Ерсайын Жетпісбаевтың «Өзбекке өтіп кеткен жерді жоқтау» атты өлеңі басылып шықты. Аумағы миллион гектарға шамалас, Көктөбе ауылы даңқты «Шымқорған» қаракөл қой совхозының орталығы болған. Кезінде Ақсақ Темірдің өзіне бермей, қазақтар ерлікпен қорғап қалған жерді Кеңес үкіметі Қазақстаннан алып, Өзбекстанға берген. Егемендік алғаннан кейін же тұтас қазақ ауылы Өзбекстанның меншігінде қалып қалған. Қазір жастар туған ауылдарын тастап, Қазақстанға көшуде, қазақтың жері қазақтың өзінде қалсын, өзімізге заңдастырайық деген ой айтқан. 

Газеттің келесі нөмірінде-ақ, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға өтіп кеткен қазақ жері туралы мәселені шешу үшін Үкімет басшысы И.Тасмағамбетовке берген тапсырмасы «Жас Алаштың» бірінші бетіне шықты. Тасмағамбетов орындасын, «Жас Алаш» бақылауға алсын деп Назарбаев «Жас Алашқа» үлкен сенім артқан. Назарбаевтың тапсырмасымен бірге «Жас Алаш» тілшісі Әмірхан Меңдекенің «Өз-ағам неге тарыла береді?» деген сараптамалық мақаласы жарық көрді. Онда Өзбекстанның шекараны тас жауып, Қазақстан арасындағы күніне 3-4 мың адам өтетін шекарадан 20-30 адамды әрең өткізіп жатқанын сынайды. Өзбекстанда 1 миллион қазақ тұрады, ал Қазақстанда 380 мың өзбек бар. Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекараны да тарс бекітіп алған. Өзбекстанның Қазақстанмен сауда-экономикалық байланысы жа жылдан-жылға кеміп барады. Саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да шекараны жабуға болмайды дейді.

2007 жылы қаңтар айында «Жеті мың гектар жерді Қытайға жалға беріп жіберді» деп, Алмагүл Ахметжанова есімді оқырманның мақаласы жарық көрді. Зайсан көлі мен Қара Ертіс өзенінің аңғарындағы ерекше қорғалатын, аң мен құсқа бай мекенді Қытайдың Чен Ган есімді азаматы жалға алып, қалың қамысты отап, еліне әкетпекші болған. «Жас Алаш» газеті үн қосқан соң, билік назар аударып, Зайсанның бір топ жанашыр азаматтары 3-4 ай күресіп жүріп, даулы жер мемлекетке қайтарылған.

Ж.Қорғасбектің командасы халықтың көкейіндегі нәрсені жазсаң тираж өзінен өзі көбейеді деген ұстаныммен жұмыс істеп жүргенде,  «Жас Алашты» Қарашай-Черкессиядан оқырманы іздеп келген. «Қарашай-Черкессиядан «Жас Алашты» іздеп келген азамат». Ноғай азаматы өзін Арысланбек Сейітұлы Сұлтанбеков деп таныстырған. Өзі композитор, жыршы, Қарашай-Черкес Республикасына еңбегі сіңген мәдени қызметкер, Ноғай мәдени орталығының жетекшісі, редакцияға Ноғай халқының мұң-зарын арқалай келіпті. Бүкіл ресейде 90 мың ноғай қалған, ноғай тарихшыларының айтуынша, 1 миллион Ноғайды даңқты қолбасшы Суворов қырып жіберген. «Санкт-Петербургтің 300 жылдық мерекесінде Ноғай халқының ән-күйлерін орындайтын мүмкіндік түсті. Бізде домбыра бар, қылқобызды ұмыта бастадық. Осы жағынан қазақ бауырлар көмектессе» деп өтінішін айтқан. Осылайша, қиырдағы Қарашай-Черкессия азаматы «Жас Алаштың» үнін естіп, әдейі ат басын бұрған.

Министрлерден, облыс әкімдерінен сұхбат алу үрдісін де қазақ тілді редакторлар арасында Жүсіпбек Қорғасбек бастаған. Мәселен, «Жұмыссыз жүрген мамандар Маңғыстауға келсін» атты мақалада Маңғыстау облысының әкімі Болат Палымбетов, облысқа 100 мұғалім, 50 дәрігер жетпей тұр деп жастарды жұмысқа шақырған, Маңғыстаудың тұрмысы, әл-ауқаты жөнінде келелі сұхбат өрбіген. «Ер екеніңді білейін, Шымкентті басқарып көрші», мақаласында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен сұхбат жарияланған. «Шымкентті басқару жарты Қазақстанды басқарумен бірдей» деген сөз бар ел аузында. Билік жақта да, нағыз азаматты «Ер екеніңді білейін, Шымкентті басқарып көрші» деп сынайды екен. Бердібек Сапарбаев Шымкент өңіріне абыройлы әкім бола білді. Қазір Шығыс Қазақстан обылсын басқарып отыр.  Ол кезде билік басында орыстілді адамдар көп болған, соған қарамастан «Жас Алаштың» журналистері сұхбат алып, аударма жасап, оқырманға сапалы дүние ұсынған. Ж.Қорғасбек «Жас Алашты» басқарған кезде, «Жас Алашта» жазылған материалдардың ықпалымен Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Алматы облысының әкімдері ауысқан. Қазіргі журналистикада мұндай пәрменділік аса байқала қоймайды. 

Жүсіпбек Қорғасбекке дейін қазақтілді басылымдар кәсіби саясаткерлерді, экономистерді, заңгерлерді көп сөйлетпеген. Қазір белсенді боп жүрген Айдос Сарым, Расул Жұмаұлы, Мәулен Әшімбаев т.б саясаттанушыларға алғаш хабарласып, белгілі бір оқиға жайлы пікірін алып, өңдеп «Жас Алашқа» шығарып отырған. Олар да бірте-бірте дағдыланып, өзіндік жеке пікірі қалыптасып, өз ойын іркілмей айтатын, газетке өз еркімен мақала жазатын, білгір саясаттанушыларға айналды.  Әзімбай Ғали деген саясаттанушы мүлдем қазақша сөйлей алмайды екен, соның өзін журналистер сөйлетіп, керек тұсын аударып, мақала етіп жазып, өзіне тексертіп, газетке берген. Ауғанстан, Ирак мәселелері ушығып тұрған кезде, шығыстану факультетін бітірген Ғалым Боқашқа мақала жаздырды.  Алғаш журналистік жолын «Қазақ әдебиетінде» бастаған Ғалым – бүгінде Қазақстанға танымал журналист, «Азаттық» радиосының редакторы.

Мықты журналисті таба білу де редактордың көрегендігі болып саналады. Футболға жұрт бүкіл команда үшін бармайды, команда ішіндегі мықты ойыншылар үшін барады. Сол секілді басылымды да халық бір мықты журналист үшін алып оқуы мүмкін. «Қазақ әдебиетінде» жүргенде Т.Шапайды, Қ.Аманжоловты, Ә.Меңдекені, С.Әбединованы жұмысқа шақырған. «Жас Алашта» Жұлдыз Әбілдә, Жанарбек Әшімжан, Есей Жеңісұлы, Руслан Ерболұлы, Шыңғыс Мұқан, Қуат Әуесбай, Жадыра Нармаханова сынды үміт күттіретін жастарды адаспай тауып, олардан бірінен бірі озған мықты журналистерді, редакторларды тәрбиелеп шығарды. Есей Жеңісұлы «Ұлан» газетінің редакторы болды, Жұлдыз Әбілдә «Ұланның» қазіргі редакторы, Жадыра Нармаханова «Ақжелкеннің» редакторы болды, Жанарбек Әшімжан – «Қаламгер Media» орталығының директоры, Сәуле Әбединова «Ақжүніс» сайтының редакторы, Қуат Әуесбай «Халық сөзі» газетінің редакторы болды, Руслан Ерболұлы «Рейтинг Media» газетінің редакторы болды, Қасым Аманжолұлы «Таң» телеарнасының редакторы, Шыңғыс Мұқан Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы, Гүлфарида Зейнуллина – «Алқа» қоғамдық-саяси журналының редакторы.

Бас редактор күндіз-түні, қоғамдық-саяси оқиғалардың тамырын басып отыруы тиіс, бас редактор өте болжампаз болуы керек. Болжамы логикаға сыюы керек. Сол болжамының белгілі бір пайызы жүзеге асуы тиіс. Ж.Қорғасбек келтірген болжамдардың дәл келіп отырғанын алдыңғы тарауларда айтып өттік.  2006 жылы да «Шаңырақ» ауданындағы шиеленіскен жағдайдан кейін Алматы облысының әкімі болып жүрген «Тасмағамбетов Астанаға ауысатын секілді» деп болжам жасаған еді, айтқаны айдай келді. 

Газеттің соңғы бетіне спорттық материалды беру дәстүрі де «Жас Алаштан» басталған. Оған дейін газеттің соңғы бетінде әзіл-қалжың, жеңіл-желпі дүниелер ғана беріліп тұрған екен. Карикатураға, газеттің макетіне, суреттердің көп болуына, мақаланың тақырыбына аса қатты мән берген. Ғалым Смағұл есімді суретішінің карикатураларын үзбей беріп отырған. Германияда тақырып қоятын арнайы журналистер жұмыс істейтінін көріп, тақырып барынша өткір, барынша тартымды болуы тиіс деп журналистерге өзі тақырыбын таңдап, бағыт-бағдар беріп отырған.

Ж.Қорғасбек барды бар, жоқты жоқ деп айтатын газет жасағысы келді және жасады. Ол туралы: «Қазіргі газет-журналдарда еңбекқорлық жоқ. Не бірыңғай мақтайды, не түгін қалдырмай сынайды. Объективті көзқарастағы басылымдар жоқ. Оралхан Бөкей айтпақшы «бір ет, бір май» етіп жазу керек қой»,  дейді. Яғни, оқырманның кері әсерін туғызып алмау үшін, өткір мақала жазған соң, қасына танымдық немесе сатиралық мақала беріп отырған.  Билікті, мемлекет басшысының жеке басын сынаған жоқ, жасаған қызметін сынады. Мысалы, Руслан Ерботаның  «Оларға «Нұр Отанның» сөзі емес, Отанның нұры қажет» мақаласында  «шанадан түсіп қалған сәбилерді» шетелдіктер теріп алып жүр. Нұр Отанды төбесіне көтерген парламент сәбилерді сатуды тоқтатсын деп жазды. 

«Қазақстандағы №1 мәселе – тақтың тағдыры», деп Мұхтар Жанұзақұлы жазды. Қандай кемеңгер басшы болса да, дәурен өтеді, көрші елдерде Президент ауысып жатыр. Қазақстан Президенті әлі күнге дейін мұрагерін көрсеткен жоқ деп жазды. Қазақстанның болашағын бағамдап, президенттің өкілеттігін ұзартуы немесе конституциялық монархия, немесе төңкерістің болуы да әбден мүмкін деді. Ең ықтимал және тиімді жолы – президенттің өкілеттігін ұзарту, 2012-ден кейін де ел басқаруды жалғастыру деп жазған.

Бағдат Әріпов «Шиеліде құбыжық сәбилер дүниеге келіп жатыр», деп дабыл қақты. Тартылып жатқан Арал, жер-жаһанды улап жатқан Байқоңыр, «Казатомпром» ұлттық атом компаниясының ашық түрде уран өндіретін №6 кен басқармасы халыққа кері әсерін тигізуде, М.Шоқайдай асыл ұлды өмірге әкелген Шиелі топырағында құбыжық сәбилер, сиам егіздері көптеп туылып жатыр деп жазды. Швед балаларымен салыстырғанда, Қызылорда облысы балаларының ағзасында 800-ге жуық зиянды өзгерістер, ауытқушылықтар бар екенін жазды.

Тарихшы Бүркіт Аяған: «Ұйғыр қазаққа бәсекелес емес» деп, Шелектегі келеңісіз оқиға туралы, қазақ пен ұйғыр туралы өз тұжырымын білдірген. «9 миллион қазаққа 130 мың ұйғыр еш бәсекелес бола алмайды. Қазақтар бәсекелесуге тиіс, ұйғырдан да басқа халық табылады. Шетелдік инвестиция, шетелдік мәдениет, шетелдік тіл, шетелдік ақпарат, шетелдік дін... Осындай үлкен мәселелер кішкентай мәселенің тасасында қалып қоймасын» деп ескертеді.

«Жас Алаштың шайханасында» «Қазақ зиялысы екіжүзді ме?» Өтежан Нұрғалиев, Дос Көшім, Нұрлан Ерімбетов, Берік Әбдіғали, Әшірбек Сығай, Мәмбет Қойгелді, Дулат Исабеков пікірталасы берілді. Қазақстанның зиялы қауым өкілдері қоғам, мемлекет, ұлт ісінде неге өтімді қарекет қыла алмай жүр?  ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары, Алашордашылар шығармаларымен, жазған-сызғандарымен, жан-тәнімен ұлтты ұйыстыруға, біріктіруге қызмет етті. Бүгінгі қазақ зиялылары тізе біріктіріп тірлік жасамайды. Оған не кедергі деген сұрақтар қойылған.  Кейінірек, осындай дискуссиялық мақалалар «Мәдениет» телеарнасында, «Халық сөзі» газетінде, қазір «Ақжелкен» жасөспірімдер журналында, «Алқа» қоғамлық-саяси журналында жалғасын тауып жүр.

Дүние жүзінде балалар басылымдары ең бай басылым болып есептеледі. Баласынан ешкім ештеңені аямайды. Халық, соның ішінде қазақ «балам адам болсын» (бұл табиғи инстинкт қой) деген табиғи қағидадан ауытқымайды. Қанша жерден ақпараттық қоғам, жаңа технологиялар дәуірі десек те, ата-ана баласына жас ерекшелігіне сай кітап пен журнал сатып әпереді. Ақын Ескен Елубаев: «Түбінде әдебиет жоғалады. Бірақ балалар әдебиеті қалады», – деген пікір айтқан екен. Бұрынғы Премьер-министр Серік Ахметов: «Тіл мен ділдің жайын ойласақ, алдымен балалар мен жасөспірімдердің басылымдарына: «Ақ желкен», «Балдырған» журналдары мен «Ұлан» газетіне жазылуды ұйымдастыруымыз керек», – деген еді. Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев де осы басылымдарға жанашырлық көрсету керек деп айтып жүр. Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, белгілі кәсіпкер азаматымыз Бауыржан Оспанов, қалаулы депутатымыз Нұртай Сабильянов, Оңтүстіктегі «бүгінгінің Бейімбеті» атанған танымал жазушымыз Мархабат Байғұт сынды шын ұлт қайраткерлері де балалар басылымы жайлы осындай пікірде. 

Қандайда бір мерекелерге қатысты, не әдебиеттің жанашырлары ұйымдастырған бірен-саран мүшәйралар болмаса, әдебиетті қолдау жоқ. Бүгінде әдебиет материалдық тұрғысынан қолдаушысынан айырылып бара жатыр. «Алтын қалам» секілді жас таланттарды қолдау мақсатында өткізіліп жатқан әдеби байқау бар. Бұдан бұрын «Сорос» қоры жазушыларды қолдау мақсатында шара ұйымдастырып, ақыр соңы өткізілмейтін болды. Бірді-екілі әдеби басылымдардың таралымы өте аз, сондықтан кітапханалар мен мекемелерден артылмайды. Демек, әдебиеттің насихаты аз. Осындай қиын кезеңде, керісінше, балалар әдебиетінің қолдаушылары мен қорғаушылары пайда бола бастады. Оның бірі де, бірегейі  кәсіпкер Бауыржан Оспанов. Ол жыл сайын өткізілетін «Дарабоз» бәйгесіне демеушілік жасайды. Байқасаңыз, соңғы жылдары жазушылардың көпшілігі балалар әдебиетіне қалам тербеп жүр. Жаңабек Шағатай, Нұрғали Ораздар балалар әдебиетіне ойыса бастады. Бастапқы кездегідей емес, «Жас өркен» серіктестігіне қарасты балалар басылымдары қазір көңіл қанағаттандырарлықтай. Себебі, қызық тақырыптар ойластырып, балалар мен жасөспірімдердің ойлау жүйесіне сай келетін тақырыптар ұсынып отыр.

Республикалық ірі басылымдардың тасын өрге домалатқан Жүсіпбек Қорғасбекті 2008 жылы аса ауыр жағдайда тұрған «Жас Өркен» ЖШС директоры және «Ақжелкен» журналының редакторы етіп тағайындады. «Жас Өркеннің» құрамында төрт балалар басылымы бар, олар – «Ақжелкен», «Ұлан», «Балдырған» және «Дружные ребята» газеті. 

 «Ақжелкен» журналы тұңғыш рет 1925 жылы «Пионер» атауымен жарық көрген. Тұңғыш редакторы Ерғали Алдоңғаров журналдың негізгі мақсатын: «мектеп, балалар үйі, коммуналардағы қыршындарға, олардың арасында іс қылып жүргендерге қолданба боларлық, коммунизм тәрбиесін бере аларлық тап маңызын ұғынарлық мағлұмат беру. Журналды көптің, бүкіл балалар тобының көсемші-ақыл, күші, жақын дос қылу»,- деп түсіндіреді. Араб алфабитімен терілген «Пионер» журналы сол кезеңдегі сауатсыздықты жою мектептерінде үлкендерге хат танытып, әріп үйретіп жүрген тұңғыш қазақ пионерлерінің қолынан түспес серігі болды. Пионерлер ауылдарды аралап, жиналған жұртты таң-тамаша етіп оқып бергенде, көптеген баланың оқуға, білуге деген талпынысы артып, ынтасы оянды.

1931 жылы «Пионердің» аты «Екпінді жас» болып өзгерді. Балғын жастарды белсенді болуға шақырып, сауатсыздықты жою, мал төлдету, егін салу, арық қазу секілді жұмыстардың басында пионерлердің табылуына әсер етті. Журнал белгісіз себептермен жабылып, 1937-39 жылдары Рамазан Аманкелдиннің редакторлығымен «Вожатыйға көмекші» деген атпен қайта шықты. Дәл осы кезде журнал тарих-этнография мәселелеріне көп көңіл бөлді. 1939 жылы «Халық батыры Амангелді Имановтың ізімен» атты экспедиция ұйымдастырылды және «Компас» атты географиялық саяхаттар қоғамының материалдары да жарияланып тұрған. 1939 жылы журнал латын қарпіне көшіріліп, Қасен Сейілханов бас редактор болған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға