Жаңалықтар

Жүсіпбек Қорғасбек – публицист-редактор

Сөз серкесі
Жүсіпбек Қорғасбек – публицист-редактор
20.09.2017 17:57 5739

«Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» басылымдарындағы редакторлық қызметі және публицистік шеберлігі

Қазір қазақ журналистикасында редакторлық мектепті көрмеген, редакторлық мектептен өтпеген адамдар да редактор болып жүр. Жүсіпбек Қорғасбек біраз жыл бірнеше  басылымда бас редактор болғандықтан, үлкен редакторлық мектептен өткендіктен, бұл үрдісті қолдамайды. Сейдахмет Бердіқұлов «Лениншіл жастың» редакторы болғанда, әдебиет пен мәдениет бөлімі алғашқы қатарда аталатын жылдары сол бөлімде жұмыс істеп, редактордың жетекшілігімен, тікелей тапсырмасымен мақалалар жазып жүрді. Осылайша, сөз серкесі – Сейдахмет Бердіқұлов журналистиканың, редакторлықтың қыр-сырын үйреткен. Одан кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысып, Шерхан Мұртазаның мектебіне түскен. Ол редакторлық еткен бес алты жылда, 1985 жылдан бастап «Қазақ әдебиетінде»жұмыс істеді. Шерханнан кейін «Қазақ әдебиетінде» бас редактор болып, орынбасар қызметіндегі Оралхан Бөкей келді. Осылайша, Жүсіпбек Қорғасбек Кеңес кезіндегі мықты деген үш бас редактордың тәлімін алған. С.Бердіқұловтың да, Ш.Мұртазаның да, О.Бөкейдің де үйреткен тәлімі, көрсетер үлгісі мол болды. Жүсіпбек Қорғасбек редакторлық етіп, біраз жетістікке жетті десек, сол кісілердің тәрбиесінің, тәжірибесінің арқасы деп есептеуге болады. 

Ж.Қорғасбек редактор болған «Қазақ әдебиеті» газеті – алғаш шыққан күнінен-ақ, елдің тек әдеби өміріндегі, әдебиет саласындағы жаңалықтармен, ақын-жазушылармен шектеліп қалмай, қазақ халқының тағдыры жайында салиқалы сөз қозғайтын бұкілұлттық басылым болған еді. Сол үшін де жұртшылық қазақтың тазару мектебі атап кеткен «Қазақ әдебиеті» - Қазақстан жазушылар одағының органы ретінде  1934 жылы, қаңтар айында жарық көрген.  Тұңғыш редакторы – Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшысы Мұхамеджан Қаратаев болған. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында шығуын тоқтатқан «Қазақ әдебиеті»  он бес жыл өткен соң, 1955 жылы  қайта жарық көрген. Бұл Сталин қайтыс болғаннан кейінгі жылымықтың басы еді. Әйтсе де компартияның жеке басқа табынушылықты әшкерелеген XX съезінен кейін әміршіл жүйенің темір құрсауының сәл босаңсығанын дер кезінде аңдаған әдебиетіміздің қос Ғабең, Мұқаң, Сәбең бастаған көрнекті өкілдері Жазушылар одағы секретариатының шешімін шығарып, жоғары жақты көндіріп, «Қазақ әдебиетін» қайта дүниеге әкелді. Оған дарынды ақын Сырбай Мәуленовті басшылыққа қойды.

Сонау отызыншы жылдардан бері созылып келген қуғын-сүргіндер мен жаппай жазалаулардың жарасынан әлі қан тамшылап тұрған. Ұлт зиялылары әлі ақталмаған, олар¬дың есімдерін ауызға алудың өзі қылмыс са¬на¬латын. Осы кезеңде «Қазақ әдебиетінің» қайта шығуы халқымыздың мәдени өміріндегі аса елеулі, ғажап құбылыс болды. Газеттің алғашқы санынан бастап-ақ, қазақтың тілі, мәдениеті, қоғамдық өмірі туралы өткір-өткір мақалалар жарық көрді. «Қазақстанда тың жерлерін ұлғайту керек» деп партия күнде ұран салып жатқанда, «Қазақ әдебиеті» газеті шабындық жерлерді жөнсіз жырта берудің зиян екендігін, экологиялық зардаптардың болатынын, табиғатты қорғау керек деп ашық айтқан. Әсіресе, елу алтыншы жылдары «Қазақ әдебиетінде» қазақтың тілі, тарихы, мектептерінің аянышты халі туралы проблемалық мақалалар шығып, жұртшылықты елең еткізген болатын. Рахманқұл Бердібаевтың «Ең үлкен мәдени байлық» атты  мақаласы қазақ қоғамын дүр сілкіндірді.

Осыдан соң іле-шала партия тарихы институтының бір топ ғылыми қызметкерлері – Т.Кәкішев, Р.Сәрсенбаев, Х.Хасенов, Т.Әлі¬шеров, А.Байшин, А.Мұқтаров, Қ.Әбілдаев, Қ.Әлиасқаров қол қойған мақалада қазақта малдың тұқымы, аты, ауру малды емдеу тәсілі жөнінде дүниеде ешбір халықтан кем түс¬пейтін тәжірибе, білімнің бар екені айтыла келе авторлар малдәрігерлік институтта қазақ бөлімін ашу керек деген бастаманы көтереді. Әдебиетші-ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың мақаласында 20-жылдарда бірқатар жазушылардың бай мұрасы қағажу көріп отырғаны, сол асыл мұраларды жарыққа шығару қа¬жеттігі айтылады.

Осындай өзекті ұлттық мәселелер газет бетінде жарты жылдай уақыт бойы көтерілді. Бұл партия басшылығын бей-жай калдырмады. ҚКП Орталық Комитеті 1956 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінің қателіктері туралы» жасы¬рын қаулы қабылдады. Газет редакторы С.Мәуленов партияның Орталық Комитетінде жазаланып, қара күйе баттастырыла жағылған басылымның мәселесі қаралды. Қаулының қарарында газеттің жіберіп отырған саяси қателігі барынша айыпталды. Осы қаулыдан кейін ұзамай-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің органы – «Социалистік Қазақстан» газеті мақаласында авторлардың аты-жөндерін көрсетіп, оларға қазақ тілін, әдебиетін, өнерін, оқу-ағарту ісін, баспасөзді дамыту және ұлт кадрларын даярлау мәселелерін теріс тұрғыда жаздыңдар деген қатаң айып тағады. Редактордан бастап, газет қызметкерлері, авторлар куғынға ұшырады. Айталық, Р.Бердібаев қызметінен шеттетіліп, партия қатарынан шығарылды. 1957 жылдың көктемінде «буржуазияшыл, ұлтшыл» де¬ген айып тағылған Сырбай Мәуленов бас редакторлықтан, Жұбан Молдағалиев ре¬дак¬тордың орынбасарлығынан, Төкен Әбдірахманов жауапты хатшылықтан босатылады. Осылайша, ұлттың жоғын жоқтаған жазушы-публицистер қатаң партиялық жазаға тартылады.

«Қазақ әдебиеті» газетін публицист-жазушы Нығмет Ғабдуллин басқарып отырған кезеңде елдің, халықтың сөзін сөйлеуші ретінде танылған басылым алған бетінен қайтқан жоқ. Көрнекті ғалым Бейсембай Кенжебаев қазақ әдебиеті тарихын түрік халықтарына ортақ – «Орхон-Енисей» кезеңдерінен бастау керектігі жөніндегі концепциясын әдеби орта, ғылыми жұртшылыққа айтып, мойындата алмай жүрген еді. Газет осы тегеурінді мәселені қа¬лың оқырманға жеткізіп, халықтық сипат алуына, ғылымда орнығуына мұрындық болды. Мұхтар Әуезовтің қырық жыл бойы идеясы жат саналып, беті бүркеліп келген «Қилы заман» романын ақтап мақала жариялады. 1980-1989 жылдары Шерхан Мұртаза редакторлық еткен тұста да әдеби басылым Арал проблемасын, Семей мен Нарын құмындағы ядролық сынақтардың зардабын, экологиялық апатқа ұшыраған қазақ даласының жай-күйін жазып, дабыл қаққан болатын. Халықтың көңілінен шығып, тоғыз жылдың ішінде газеттің көлемі он алты бетке артып, таралымы 40 мыңнан 110 мыңға жеткен.

Кеңес үкіметінің іргесі сөгіліп тұрған тұста, 1991 жылдың қазан айында Оралхан Бөкеев редактор болып тағайындалды. Бұл редактор да газеттің бағытын өзгертпей, шындықты айтудан тайсалмады. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына бес жыл толуына орай, «Желтоқсан жаңғырықтары» айдарымен көптеген публицистикалық дүниелерді жариялап, талай шындықтың бетін ашты. Еліміз тәуелсіздік алғанда, «Қазақ әдебиеті» өзінің мерекелік нөмірінде «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деп ерекеше қуанышпен хабарлады.  Жаңа қоғамның қызығымен қатар, тираждың азаюы, қағаз тапшылығы, экономикалық дағдарыс секілді қиындықтары да болды. Қандай қиын кез болса да, «Қазақ әдебиеті» өз бағытынан жоғалтпай, өз принциптерінен айнымай халыққа сапалы дүниелер бере білді.

Жүсіпбек Қорғасбек 1985 жылы «Қазақ әдебиетіне» журналист болып келді, 1991 жылы «ҚӘ» газетінің ғылым және білім бөлімінің меңгерушісі атанды, ал 1999 жылдың 25-маусымында бас редактор лауазымына ие болды. Бұл туралы «Қалға» мақаласында: «Көкөрімдей шағымда Оралхан Бөкей өзіне орынбасарлыққа шақырды. Көкөрімдей деп отырған себебім, ол заманда әдеби басылымның басшылық қатарына жас адамдарды жібермейтін. Жазушылар ұйымының сірескен ортасынан Орағаң сең бұзғандай жарып өтіп алып шықты» , - деп еске алады.

1999 жылдан бастап «Қазақ әдебиетінде», 2002 жылдан бастап «Жас Алашта» редакторлық етті. 2008 жылдан бастап күні бүгінге дейін «Жас Өркен» ЖШС бас директоры. Ол жұмыс істеген жылдары «Жас Алаш» та, «Қазақ әдебиеті» де өзіндік бет-бейнесімен танылды. Оның бірінші ұстанған қағидасы мынау болды: С.Бердіқұлов та, Ш.Мұртаза да тура сөйлейтін бас редакторлар.  Осы турашылдықты басты қағида етіп ұстады.

Ол редактор болған жылдары қоғамда әсіресе рухани әлемімізде көптеген күрделі өзгерістер жүріп жатты. Сол үлкен өзгерістерді Ж.Қорғасбек үлкен ақын-жазушылардың арасындағы пікірталастар арқылы көрсетті. Ол туралы жұртшылық қазір екі түрлі пікір айтады, біреулер үлкен адамдар бір бірімен айтысып кетті десе, енді біреулер сол пікірталастың арқасында біраз ақиқаттың беті ашылды деп ойлайды. Негізі қоғамда, әсіресе руханиятта пікірталас болмаса, дискуссия болмаса ол өлі ортаға айналады.  Ол рухани ортаның да, «Қазақ әдебиетінде» жүргенде әдеби ортаның да өлі ортаға айналғанын қаламады. Сондықтан үлкен ақын-жазушылардың өткір-өткір пікірталастары мен өтімді мақалалары арқылы сол әдеби ортаға, «Жас Алашта» еңбек етіп, Қазақстанның рухани-саяси ортасына қозғау салып отырды. Ол бас редактор болған жылдары М.Мағауин, М.Шаханов, Қ.Әдібаев, Ә.Нұрпейісов, Қ.Жұмаділов  т.б әдебиеттің, руханияттың алыптары  өз пікірлерін ашық білдіріп отырды. Рас, жеке бастың шаруасына кетіп қалған жағдайлар да болды, дегенмен әдеби, мәдени, рухани ортада біраз ақиқатқа көз жеткізді.

Пікірталас жанрының кең таралғаны және танымалдығы қазіргі өмірдің стиліне айналған. Пікірталас латынша «дискуссия» зерттеу, қарау, талқылау деген мағынаны білдіретін жанр. Әртүрлі пікірлердің тоғысуы аудиторияның қызығушылығын туғызып, интеллектуалдық қызметін арттырады, зерттеу үрдісіне жетелейді. Қазақ әдебиетінде суреттеу көп болды. Қазір суреттеп жазу қалып қойды. Cебебі, оны оқуға ешкімнің уақыты да жоқ. Сол бос орынды қалай толтыру керек? Оқылымды болу үшін, дискуссиямен толтыру керек.

Ж.Қорғасбектің редакторлығы кезінде, «Архивтен» деген жаңа айдар ашып, өткен ғасырдың қалтарыста қалған, оқырманды қызықтыратын мәліметтерді беріп отырды. Мәселен,  Қасым Аманжоловтың 1940 жылы көрнекті ақын Қасым Аманжолов Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігінен шығарылған. Сол жылы «Казахстанская Правда» газетіне Қ.Аманжолов туралы «Поэт-хулиган» деген мақала жарық көрген. «Қазақ әдебиеттің» редакциясы мұрағаттан 1940 жылғы 18 қыркүйекте Қасым Аманжоловтың тәртібі қаралған жиналыстың стенограммасын, жиналысқа қатысқан Қ.Аманжолов, Ә.Тәжібаев, Қ.Тоғызақов, Т.Жароков, Қ.Боранбаев, Ж.Саиндердің сөздерін қаз-қалпында газет бетіне шығарды.  «Ақын-жазушыға баға бергенде ең әуелі оның таланты ескерілуге тиіс. Ал қалғаны – екінші, үшінші, төртінші қатардағы мәселелер»(Розанов), ал мұнда қайдағы «көр-жердің» есепке алынғаны, ішімдік ішкені, әйелімен заңды тұрмағаны, мүшелік жарнаны уақытында төлемегені себеп болып, Қасым одақтан шығарылған. «Мен – хулиган емеспін! Мен – адаммын! Сендер тәрбиеге көнбейтін Аманжоловты талқылағанша, менің шығармашылығымды неге талқыламайсыңдар? Мен ғана емес, мен сияқты жастардың шығармаларын неге талқыламайсыңдар?»  деген Қасымның сөздерін беру арқылы, редакция біраз оқырманға ой тастап, бүгінгінің бюрократтарына үлгі еткендей әсер қалдырды.  Дәл осы айдармен Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлының бір-біріне жазған хаттары архивтен алынып, газет бетінде жарық көрді.

Айтысты жазбаша түрде беру дәстүрі «Қазақ әдебиетінде» 2002 жылы пайда болды. Айтысты телеарнадан көрсеткенде, ақындардың ең өткір, ел мен жер тағдырына байланысты айтқан ең ұтымды сөздері телеарнаның ішкі саясатына сай келмеді деп, қиып тастау мүмкіндігі көп. Ал сөз еркіндігі әлдеқайда басымырақ,  ұлттың жоғын жоқтайтын басылымдарда айтыстың толық нұсқасын жариялауға мүмкіндік туды.

«Қазақ әдебиетінің» бас редакторы болып жүріп те, Ж.Қорғасбек ұлттық мүдде, елдің жайы туралы жазуды тоқтатқан жоқ. Мысалы,  «Рух не үшін керек?» мақаласында «біздің Үкімет те қызық. Халыққа арқа сүйейміз, халықтың жігерін, күшін пайдаланамыз демейді. Халықты қалай асыраймыз деп айтады.  Егер ертең «халқымыздың үштен бір бөлігін сатып, сол ақшаға үштен екісін асырауға болады» десе де таң қалмаңыз, бүгінгі билікке айтқанға көнетін, құлықсыз, рухсыз адамдар керек» деп жазды. Бір тамағын аң да тауып жей алады, тек біздің айырмашылығымыз – еңбек етуіміз. Еңбек етуге рұқсат сұрау, мемлекеттік қызметшінің рұқсат бермей шіренуі не сұмдық? Шаштараз аша алмай жүрген шеберлер, дәмхана аша алмай жүрген аспаздар көбейіп барады.  Рух елді жігерлендіреді, етін тірілтеді. Орынды талап қоя білуге дағдыландырады. Өзіне өзі сенімі артады, заңсыздықтардың болуына жол бермейді, салауатты ұрпақ өсіп шығады. Ондай ұрпақтан қорықпау керек, қуану керек деген ойды айтады.

«Корольге қандай министр керек?» мақаласында итальян ертегісінің ізімен бүгінгі министрлердің келбетін көрсетеді. Жалғанды жалпағынан басқан «Күркіреуік король» айналасындағы уәзірлерді, сарай қызметшілерін тас сараң етіп тастапты. Корольдің өзі еш нәрседен бейхабар, оған даусыңыздың зорлығынан саңырау болдық деп айтуға ешкімнің батылы жетпей, құлағымызға суық тиді деп сылтауратады екен. Әділдік іздеп келген жұрт тамақтарын жыртып, қанша айғайласа да, уәзірлер ештеңе естімей әбден қор қылыпты. Корольдің жарлығын ести алмай, ұятқа қалармыз деп уәзірлер сарайға баруды да қойыпты. Бір күні король алдына бір қара шаруа қаңғалақтап келе қалыпты. «Сен қайдан келе қалдың?» деп таңырқайды король. Шаруа құлағын баса қалады. «Сенің де құлағыңа суық тиген бе?» деп сұрағанда, шаруа шындықты айтып, даусының зор екенін айтыпты. Шындыққа көзі жеткен король уәзірлерді босатып, қасына бір ғана министрді, әлгі шаруаны қалдырған екен. Сол сияқты, басшының көзін ашатын әділетті, ақылшы уәзір болу керек дейді.

2001 жылы АҚШ мемлекеті Ауғанстанды бомбалайтынын жер жүзіне мәлім етті. Сол кезде Жүсіпбек Қорғасбек «Ауғанға бомба жауған күн» деп, «бізге кім қарсы болса, ол өркениетке де қарсы!» деп кеуде соққан АҚШ-тың өзімшілдік, астамшылдық саясатын сынайды. Нағыз өркениеттің белгісі – өзімшілдік емес, кішіпейілдік, бауырмалдық, кешірімділік, егер расында да ауған жеріне бомба түсетін болса, бұның аяғы адам баласын үлкен апатқа соқтырады. Дүниежүзілік соғысқа, Батыс пен Шығыстың өштесуіне, діни араздықтың өршуіне ұрындырады деп жазған. Шын мәнінде, сол кезде басталған қақтығыстар әлі күнге дейін жалғасып, Ирак, Пәкістан, Ливия, Сирия, Египет, Палестина секілді араб елдері зардап шекті. Америкадағы, Еуропадағы тұрғындар Ислам дінін террористердің діні деп қабылдайтын жағдайға жетті.

2002 жылғы Жазушылардың құрылтайы қарсаңында да «Өзімізді өзіміз шенейік» атты сыни мақаласы жарық көрді. Мұнда жазушылардың шығармашылық ізденісі, шығармашылық жауапкершілігі жайлы сөз болды. Романшылар да, әңгімешілер де, сатирашылар да, фантасшылар да дағдарыста. Мен халыққа күлкі сыйлап жүрмін деген сатирашыны сынап, сатираның негізгі мақсаты – күлдіру емес, күңіренту, жылату, ойға қалдыру екенін ұмытып барамыз дейді. Бойкүйездік пен енжарлықтың етек алғаны сонша, «қазір жазатын уақыт емес» деп тәмсіл шығарып алған жазушыларды да белсенді болуға, ауызбірлікте болуға шақырады. «Біз Қуандық Шаңғытбаевтан неге өлең сұрап алдық?» мақаласында да редакцияға сапасыз өлең әкелетін, елу кітабым шыққан деп кеуде керетін, өлеңі газетке шықпаса, жата кеп ренжитін, ақындар туралы жазды. Үш-ақ кітабы шыққан Қ.Шаңғытбаевқа нағыз өлең керек деп хабарласқанда, «менің жасым өлеңге қарағанда, естелік, мемуар жазуға бейім. Мені көп қинамаңдар» дейді екен. Өлеңді де осылай теңіз түбінен маржан тергендей жүректің түкпірінен, көңілдің тереңінен іздеу керек. Поэзия санмен өлшенбейді. 

«Кәрі қыз өзі ғана өксімейді» деген мақаласы «Қазақ әдебиетінің» бірінші бетінде жарық көрді. Кәрі қыз мәселесі – кәрі қыздың жеке өз басының проблемасы емес, ұлттық проблемалардың ең үлкені деп жазған. Ата салтымыздағы құда түсу, жастарды жарастырып жіберу, жеңгетайлық жасау жойылып барады. Кәрі қыз мәселесіне бей-жай қарауға болмайды, кәрі қыз көбейсе, ұлттың өсімі тоқтайды, ұлт қартая бастайды деп алаңдайды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға