Жаңалықтар

«Жүрсіннің жүйрігі» болған атақты айтыскер алты жылға сотталды

«Жүрсіннің жүйрігі» болған атақты айтыскер алты жылға сотталды
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/DALL-E-3 13.08.2024 11:21 36307

Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Антикор мәліметінше, Жезқазған қалалық соты облыстың Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ә.С. Омарға қатысты үкім шығарды.

Ол мұражай мамандары мен басқа да ғалымдардың мақалалар жинағын шығару бойынша орындалмаған жұмыстары үшін заңсыз аудару арқылы 2,3 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Омар бұрын Жезқазған қалалық сотының 2024 жылғы 12 наурыздағы үкімімен пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылғандықтан, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3,6 бөліктеріне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосу арқылы Ә.Омарға мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түпкілікті жазасы тағайындалды, - делінген мәліметте.

Әнуар Омаров кезінде айтыскер ретінде көпшілікке кеңінен танылған. Ол кейінгі жылдары мемлекеттік қызметке ауысып, Ұлытау ауданының әкімі болып екі рет тағайындалған. Кейін Сәтбаев қаласының әкімі болып, Ұлытау облысы жаңадан құрылған соң басқарма басшысы лауазымына қызметке кірісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға